Бөлекпаев асыл тұқымды мал басын көбейтуді тапсырды

12 Маусым 2023, 21:25
892
Бөлісу:
Бөлекпаев асыл тұқымды мал басын көбейтуді тапсырды
Фото: Қарағанды облысы әкімдігінен

Қарағанды облысында биыл алты асыл тұқымды репродуктор мен төрт жаңа мал шаруашылығы кешенін ашу жоспарланып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл өз кезегінде ет пен сүт өндірісін арттыруға мүмкіндік береді.

Мал шаруашылығы саласын дамыту туралы аппараттық кеңесте ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаров баяндады.

Ведомство басшысының мәліметінше, өңірде 4 айда 94,4 мың тонна сүт, 26,3 мың тонна ет, 221 млн дана жұмыртқа өндірілген.

Асқар Санаубаров фермерлік шаруашылықтарда мал, оның ішінде асыл тұқымды мал саны артып келе жатқанын атап өтті. Бұған Агро несие корпорациясы арқылы көрсетілетін мемлекеттік қолдау ықпал етеді. Биыл 1742 бас ірі қара және 2316 жылқы сатып алынды.

Тұқымдық түрлендіру, селекцияны ынталандыру жолымен асыл тұқымды мал басының үлес салмағын арттыру бойынша жұмыс жалғасуда. 2026 жылға дейін мал шаруашылығы саласында 1350 жұмыс орнын құрумен 43 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Биыл оның 10-ы іске асырылуда: алты асыл тұқымды репродуктор және төрт мал шаруашылығы кешені құрылатын болады. Бұдан басқа, ауыл шаруашылығы жобалары әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация арқылы қаржыландырылатын болады, осындай тетік бойынша екі тауарлық-сүт фермасын салу жоспарланған, – деді Асқар Санаубаров.

Ол сондай-ақ алдағы уақытта мал азығын жинау туралы айтты. Өңірдегі мал шаруашылық саласын 1,9 млн тонна шөппен қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар, облыста жемшөп дақылдарының алқабы көбейді.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мал шаруашылығын дамыту және асыл тұқымды мал басын көбейту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы