Ешбір отбасы назардан тыс қалмайды – Болат Бақауов

16 Ақпан 2019, 17:41
2047
Бөлісу:
Ешбір отбасы назардан тыс қалмайды –  Болат Бақауов

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Аймақ басшысы Болат Бақауов әлеуметтік әлсіз топқа жататын азаматтарға арналған әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақы алуға қажет құжат айналымында қағазбастылықты жойып, цифрландыруды тапсырды.

Бұл туралы облыс әкімі көпбалалы аналармен кездесу барысында айтып, аймақта әлеуметтік қорғалмаған тұрғындарға қолдау көрсету бойынша тиісті шаралар кешені әзірленіп жатқанын жеткізді.

Бұл шараға 300-ден астам павлодарлық қатысып, мазалаған сұрақтарын аймақ басшысы мен мемлекеттік мекемелердің басшыларына айтуды көздеді.

«Біз әр отбасыны сандық жүйеге енгіземіз. Белгілі бір жәрдемақыны алу бойынша жиналатын құжаттардың айналымын барынша азайтуға тырысамыз. Тиісті тапсырманы әлеуметтік қорғау органдарына беріп қойдық. Мамандар айналысып жатыр», - дейді Болат Бақауов.

Жиын барысында аймақ басшысы көпбалалы аналардың бірі Динара Салықоваға кеңесші болуды ұсынды.

«Жергілікті деңгейде заңға өзгеріс енгізіле алмайтынын түсінеміз. Дегенмен, біздің тұрмыстық мәселелерімізді шешуге мемлекеттік мекемелер көмектессе деген тілек бар. Көпбалалы отбасылар мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайды, себебі, жиған-тергеніміздің бәрі азық-түлікке, коммуналдық төлемдерге, жолақыға кетеді. Осындай мәселе менде ғана емес. Тағы бір алаңдататын жайт - жәрдемақының көлемі. Мен төрт бала үшін 10 500 теңге аламын. Бұл аз ғой», - дейді төрт баланың анасы.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше, өңірде 8 625 көпбалалы отбасы бар.

Айта кетейік, көмекке зәру жандарға пәтер беру мәселесін шешу мақсатында коммуналдық меншіктегі тұрғын үйлер түгенделеді.

Ақмаржан Әділбек

 

Өзгелердің жаңалығы