Болат Ақшолақов мұнай өнімдерін өндіру жөніндегі жобалар туралы айтты

18 Наурыз 2022, 16:19
2350
Бөлісу:
Болат Ақшолақов мұнай өнімдерін өндіру жөніндегі жобалар туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Энергетика министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Болат Ақшолақов мұнай өнімдерін өндіру жөніндегі жобалар туралы айтып берді.

Министрдің сөзінше, қысқа мерзімді және орта мерзімді перспективада өндірісті одан әрі ұлғайту үшін бірқатар іс-шара жоспарланған.

2022 жылы Шымкент зауытында мұнай жүктеуді 5,2 млн тоннадан 6 млн тоннаға дейін арттыруға тырысамыз. Бұл шара ішкі нарықтағы өсіп келе жатқан сұранысты жабу үшін жанар-жағармай өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік береді, - деді Ақшолақов.

Сөзінше, 2025 жылға дейін Павлодар мұнай өңдеу зауытында гидротазарту қондырғысын реконструкциялау жобасы іске асырылады. Ол өнімділікті 6 млн тоннаға дейін арттыруға және бұрын өндірілмеген 160 мың тонна қысқы дизель отынын өндіруге мүмкіндік береді.

Ақтау битум зауытындағы реконструкциялаудың арқасында битум өндіру қуаты жылына 400-ден 450 мың тоннаға дейін артады. Бұдан басқа, жеке инвесторлар Түркістан облысында мұнай өңдеу зауыттарын салу бойынша жобаларды іске асырып жатыр, оларды 2023 жылы аяқтау жоспарланып отыр, - деп толықтырды Энергетика министрі.

Өзгелердің жаңалығы