Болат Ақшолақов Халықаралық Энергетикалық Хартияның Бас хатшысымен кездесті

14 Қазан 2022, 10:47
1005
Бөлісу:
Болат Ақшолақов Халықаралық Энергетикалық Хартияның Бас хатшысымен кездесті

Қазақстанның Энергетика министрі мен Халықаралық Энергетикалық Хартияның Бас хатшысы Энергетикалық хартияның жаңартылған шарты шеңберінде бірлескен өзара іс қимылды талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2022 жылғы 13 қазанда Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың Халықаралық Энергетикалық Хартияның Бас хатшысы Ги Ленцпен кездесуі өтті.

Кездесу барысында тараптар энергетика саласындағы өзара іс-қимылдың ауқымды мәселелерін талқылады және Энергетикалық Хартияға Шартты жаңарту жөніндегі келіссөздер процесінің сәтті аяқталғанын атап өтті, оған сәйкес тараптар өзара тиімді халықаралық энергетикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және кеңейтуге бағытталған бірлескен жұмыстарды жалғастырады.

Қолдау тапқан бастамалар мен түйінді идеялар шартты жаңғырту процесіне қатысушылардың жемісті жұмыстарының қорытындысы болады деп күтілуде, бұл инвесторлардың энергетикалық секторды дамытуға белсенділігі мен қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта Қазақстан Үкіметі жақсартылған модельдік келісімшартты енгізу бойынша жұмыс жүргізуде, бұл халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді және газ және теңіз жобаларын қоса алғанда, күрделі жобаларды әзірлеу кезінде инвестицияларды қорғауды қамтамасыз етеді.

Кездесу соңында Болат Ақшолақов Энергетикалық Хартияның жоғары деңгейдегі диалог платформасы ретіндегі зор үлесін атап өтіп, қатысушылардың энергетикалық ынтымақтастықты тұрақты дамытудағы ортақ мақсаттарына қол жеткізу жөніндегі бірлескен күш-жігердің одан әрі табысқа жеткізетініне үміт білдірді.

Анықтама: Қазақстан 1991 жылғы желтоқсаннан бастап Еуропалық Энергетикалық Хартияның мүшесі болып табылады, 1995 жылғы қазанда Қазақстан Республикасы Энергетикалық Хартияға Шартқа қол қойып, ратификациялады.

Өзгелердің жаңалығы