Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Болашақ" бағдарламасының түлектері қауымдастығының бастамасымен қолға алынған "Біздің білім – біздің елге" акциясы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде жалғасты.
Шара аясында "Пифагор" компаниялар тобының негізін қалаушы, "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасының жеңімпазы Асан Жолдасов пен "Koktobe" дамыту мектебі мен балабақшасының директоры, педагог Диас Асанов оқу орнының студенттеріне "Білім беру және тәрбие: кеше, бүгін, ертең" тақырыбында дәріс оқыды.
Спикерлер Әлеуметтік-гуманитарлық, Педагогика және психология факультеттерінің студенттерінің қатысуымен өткен жиында білім беру саласындағы жаңа бағыттар туралы өз ойларымен, келелі кеңестерімен бөлісті.
Атап айтқанда, Асан Жолдасов студенттерге кәсіпкерлік пен педагогика саласындағы өз тәжірибесі туралы айтса, Диас Асанов "Мұғалім – әлемді өзгертуші тұлға" ұғымы мен заманауи педагог қандай болуы қажеттігі жайында қаузады.
Бұл тарапта әркімнің көзқарасы әртүрлі. Расын айтқанда, әр бала өзгеше дарынды. Әр жеткіншектің табиғи, туа бітті қарым-қабілеті бар. Олай болса білім мен тәрбие беруде педагог нені ескеруі тиіс? Жалпы осы "педагог" деген сөз қайдан шыққан? Бағзы заманнан жеткен аңызға сенер болсақ, алғашқы мектептерде мұғалімдер балаларға өзара әңгімелесу яки сұхбаттасу арқылы білім берген екен. Менің пайымдауымша, ұстаз баланың өзі де оқи алатын дүниесін қайталап айтып бермеуі тиіс. Ол – оның таланты мен дарынын ашуға ұмтылуы керек. Сонымен қатар педагогтың оқушыға сабақты практикалық түрде қызықты мəліметтермен, өмірлік тəжірибемен түсіндіргені əлдеқайда тиімді. Бүгінгі заманның балаларын алдау мүмкін емес. Сіз айтқан мәліметті олар интернеттен де оқи алады. Ең бастысы – қандай да бір ақпаратты оқушыларға қызықты да әсерлі етіп жеткізе білу, – дейді Диас Асанов.
Оның айтуынша, жеткіншек оқығанын емес, сезінгенін есінде сақтайды. Педагог өз қызметінде осыған бейімделгені абзал.
Дәріс соңында спикерлерге студенттер тарапынан сауалдар қойылып, оған нақты мысалдармен жауап қайтарылды.
"Болашақ" стипендиясы стипендиаттарының қауымдастығының ұйытқы болуымен қолға алынған "Біздің білім – біздің елге" жобасы Ұлттық волонтерлік желісі мен Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің азаматтық бастамаларды қолдау орталығының демеушілігімен жүзеге асуда. Шара аясында түрлі сала бойынша жетістікке жеткен азаматтар өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, жастарға бағыт-бағдар көрсетеді.
Қыздар университетінің Стратегиялық даму және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Ләззат Бөлебаева бұл жоба аясындағы кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табатындығын айтады.