Болашақ: Жаңа форматта іріктеуден өткен стипендия иегерлері анықталды

19 Қыркүйек 2020, 16:24
1539
Бөлісу:
Болашақ: Жаңа форматта іріктеуден өткен стипендия иегерлері анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов Facebook-тегі парақшасында хабарлады.

«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындауда конкурстық іріктеудің әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам жасалды. Қазір стипендиаттарды іріктеу Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу үлгісі бойынша толығымен автоматтандырылған, конкурстық іріктеудің әр кезеңі прокторинг жүйесі арқылы цифрландырылған және бейнетіркеуге алынды. Сондай-ақ, біз кешенді тестілеу мен сұхбаттасу процесін өткізу тәсілін сапалы етіп өзгерттік. Үміткерлер оқу орнына өз бетімен түсуі тиіс, сондықтан пәндік сұрақтар қойып, тексерудің қажеті жоқ. Оның орнына біз үміткерлердің талдау, сыни ойлау, фактілерді түсіндіру дағдыларын және ерекше жағдайларда бейімделу қабілеттерін бағалауға назар аудардық. Бұл дағдыларсыз шетелдік мықты жоғары оқу орындарында оқудың еш мағынасы жоқ, - деді ол.
Оның айтуынша, республикалық комиссияның шешімімен стипендия 106 үміткерге берілді.
Жаңа форматта іріктеуден өткен стипендия иегерлерін құттықтаймын. Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі Республикалық комиссияның шешімімен стипендия 106 үміткерге берілді. Олар көп ұзамай оқуын бастайды, - деді вице-министр.

Мирас Дәуленов тағы бір жаңалықпен бөлісті.

Тағы бір басты жаңалық – барлық стипендиаттың білім алу барысы бойынша мониторинг Халықаралық бағдарламалар орталығының жаңа порталында цифрлық форматта жүзеге асырылатын болады. Енді стипендиаттарға жарты жылда бір рет транскриптерді сканерлеудің, есептер жазудың және анықтамалар жіберудің қажеті жоқ. Барлық дерек блокчейн технологиясына негізделген жүйеде жиналады. Ал сол жүйедегі кез келген өзгерістер автоматты режимде тіркеліп, сақталады. Бұл стипендианттарға қатысты ақпараттың негізсіз өзгеруіне жол бермейді. Стипендиаттарды тағы да құттықтаймын және жаңа белестерді бағындыруда толағай табыс тілеймін!, - деді ол.

Айта кетейік, стипендиаттардың толық тізімімен мына жерде танысуға болады. 


Өзгелердің жаңалығы