Болашақ бағдарламасының түлегі ауылдағы мектепте сабақ береді

13 Тамыз 2021, 18:14
2643
Бөлісу:
Болашақ бағдарламасының түлегі ауылдағы мектепте сабақ береді

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 28 жылдың ішінде «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша 11 мыңнан астам түлек білім алды. Осы уақыт аралығында бағдарлама жоғары білікті кадрлардың жаңа буынын тәрбиелеп шығарды. Олар әлемнің 200-ден астам жетекші университеттерінде білім алды.

Халықаралық бағдарламаның түлектері қазір әртүрлі қызмет салаларында, соның ішінде білім беру жүйесінде жұмыс істейді. Түлектердің арасында отандық білім беруді дамытуға өз үлестерін қосып жүрген танымал педагогтер мен ғалымдар бар.

Болашақ бағдарламасының түлегі ауылдағы мектепте сабақ береді


 

Педагог Диана Момбаева Канададағы ең беделді жоғары оқу орындарының бірі – Калгари Университетінде білім алған. Батыстық білім алып, диссертация қорғаған жас маман Қостанай облысының Комсомольское ауылына оралып, ауыл мектебінде жұмыс істеуге шешім қабылдайды. Диана ауыл балаларымен өз білімімен бөлісе отырып, елдегі білім саласының өркендеуіне үлес қоса аламын деп санайды.

Болашақ бағдарламасының түлегі ауылдағы мектепте сабақ береді


 

Канадада оқып жүрген кезімде мен сондай-ақ волонтерлік қызметпен де айналыстым. Мен өзіме әрқашан «ауылым үшін не істей аламын?» деген сұрақ қоятынмын. Калгари қаласынан білім алып келгеннен кейін бірден туған ауылыма ораламын деп шешім қабылдап, ауыл балаларына ағылшын тілі сабақтарын тегін өткізе бастадым. Мен тарих пәнінен сабақ беремін, сонымен қатар мектеп директорының орынбасарымын. Бұрын мен дәл осы мектепте оқып, болашақта шетелде оқуыма мүмкіндігім болмайды деп ойлайтын едім. Бірақ білімге деген құштарлық пен өзіңе деген сенім әрқашан қалаған нәрсеге қол жеткізуіңе көмектеседі. Менің ойымша, біздің білім беру жүйесінде осы саланың дамуына үлес қосатын адамдар жетерлік, – дейді ауыл мұғалімі, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Диана Момбаева. 

Білім беру саласы үшін шетелде «Болашақ» бағдарламасы бойынша 1021 маман даярланды. Бүгінде олар бастауыш, орта, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жұмыс істейді.

Болашақ бағдарламасының түлегі ауылдағы мектепте сабақ береді


 

«Болашақ» бағдарламасының түлегі Айжан Аршабаева – EduTech.kz жобасының негізін қалаушы, сондай-ақ «КиберЕл», STEAM-білім беру бағдарламаларының үйлестірушісі. Қазіргі таңда Айжан Елбасы Академиясында жұмыс істейді және жаңа білім беру жобаларын жүзеге асырып жатыр.

Біздің жобаларымыздың мақсатты аудиториясы – ауыл оқушылары мен жастар. Біз ауыл балалары, 6, 7, 8 сынып оқушылары үшін онлайн мектеп ұйымдастырдық. НЗМ, РФММ және елордалық лицейлердің жетекші педагогтері біздің онлайн-платформамызда бейнеконференцбайланыс арқылы ауыл оқушыларын оқытады. Өткен жылы 1,5 мың бала оқып, биыл тағы 1,5 мың оқушы білім алды. Осылайша біз қала және ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты азайтып жатырмыз, – деді Джордж Вашингтон университетінің түлегі Айжан Аршабаева. 

Бағдарлама түлегі, ғалым Дурвудхан Сұраған да отандық білім беруді дамытуға үлкен үлес қосып, математика және теориялық физика саласында мамандар даярлайды. PhD докторы Дурвудхан Сұраған The Ferran Sunyer i Balaguer Prize беделді халықаралық сыйлығының иегері және шетелде цитаталары жиі келтірілетін қазақстандық ғалымдардың бірі болып табылады.

Лондон Корольдік колледжінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алуым мол мүмкіндіктер ашты, ең бастысы – өзіме деген сенімділік және ғылыми биіктерге жетуге деген ұмтылыс арта түсті. Теориялық физика – бұл күрделі ғылым, сондықтан мен шетелде оқу кезінде халықаралық деңгейге көтеріле алатындығыма көз жеткізгім келді. Көздеген мақсатыма жетіп, қазіргі таңда отандық ғылымды жаңа деңгейге көтеріп, халықаралық деңгейде мойындататын дарынды жас ғалымдарды тәрбиелеу үшін бар күш-жігерімді саламын, – деп ҚР БҒМ Математика және математикалық модельдеу институтының бас ғылыми қызметкері, Назарбаев университетінің қауымдастырылған профессоры Дурвудхан Сұраған өз жоспарларымен бөлісті. 



 

Өзгелердің жаңалығы