Ақмола облысының Қорғалжын ауданында, Сабынды ауылы маңындағы Шөптікөл бөгетінің бұзылуы салдарынан су алқап арқылы елді мекен бағытына қарай жайылып, «Астана – Қорғалжын» республикалық автожолының 75-шақырым тұсын кесіп өтуде. Алайда су жолдың жүру бөлігіне шықпаған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазіргі уақытта Ақмола облыстық жол қызметтері жағдайды тұрақтандыру үшін жедел шаралар қабылдауда. Жұмыстарға 14 бірлік арнайы техника мен 30-дан астам маман жұмылдырылған. Инертті материалдарды дайындау және жеткізу жұмыстары жүргізілуде.
Аталған учаскеде үш көзді су өткізгіш құбыр қалыпты режимде жұмыс істеп, судың кедергісіз өтуін қамтамасыз етуде.
Жол жамылғысы бүлінбеген, көлік қозғалысы штаттық режимде жүзеге асырылып жатыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ақмола облысында су бөгетінің бұзылып, апаттық-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жазғанбыз.