Мемлекеттік кірістер комитеті блогерлердің табысына қатысты салықтық бақылау қалай жүргізілетінін, мобильді аударымдар қандай жағдайда назарға алынатынын және инфлюенсерлер үшін бөлек салық режимі енгізіле ме деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кірістер комитеті камералдық бақылауды қалай жүргізеді?
Комитеттің BAQ.KZ тілшісіне берген ресми жауабында салық органдары бақылауды салықтық нысандарды, салық төлеушінің қызметі туралы құжаттар мен мәліметтерді зерделеу және талдау негізінде жүргізетіні айтылған.
Салық кодексінің 137-бабына сәйкес, камералдық бақылау салық органдарында бар мәліметтерді, өзге де уәкілетті мемлекеттік органдардың салық салу объектілері туралы деректерін және әртүрлі ақпарат көздерінен алынған мәліметтерді салыстыру арқылы жүргізіледі.
Кірістер комитетінің түсіндіруінше, камералдық бақылаудың мақсаты – салық төлеушіге салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді есептеу бойынша міндеттемелерді дербес орындауға мүмкіндік беру. Егер камералдық бақылау нәтижесінде алшақтықтар анықталса, салық төлеушіге хабарлама жіберіледі. Оны орындау мерзімі – 30 жұмыс күні.
Камералдық бақылау нәтижелері бойынша алшақтықтар анықталған кезде, деңгейлес мониторингке қатысушыны қоспағанда, салық төлеушіге камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған алшақтықтар туралы хабарлама ұсынылады. Хабарламаның орындау мерзімі 30 жұмыс күні, – делінген жауапта.
Егер салық төлеуші хабарламада көрсетілген бұзушылықтармен келіссе, тиісті салық кезеңі үшін есептілік тапсырып, салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді төлеуі керек. Ал келіспеген жағдайда бұзушылықтардың жоқтығы туралы түсінікті қағаз немесе электронды түрде ұсына алады.
Бұл ретте, салық төлеуші тарапынан хабарламаны белгіленген мерзімде орындамауы, толық орындамауы немесе дұрыс емес түсінік берілуі салықтық тексеруді тағайындау үшін негіз болады, – деп ескертті Комитет.
Мемлекеттік кірістер комитеті инфлюенсерлер, яғни блогерлер экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішінде жеке арнайы қызмет түрі ретінде көрсетілмегенін хабарлады. Сондықтан блогерлер өз қызметіне қарай әртүрлі ЭҚЖЖ түрлерін қолданады.
Комитеттің мәліметінше, көптеген блогер жарнамамен ғана емес, сауда, қызмет көрсету, мейрамхана, сұлулық салондары, концерттік іс-шаралар сияқты кәсіпкерлік қызметтің басқа түрлерімен де айналысады. Көптеген сауда-саттық жүргізетін кәсіпкерлер өз тауарларының жарнамасын әлеуметтік желідегі парақшалар арқылы жүргізетінін және түскен кірісінен тиісті салығын төлеп отырғанын атап өткен жөн.
Блогерлерге ғана бағытталған бөлек бақылау жоқ
Салықтық бақылау табыс табатын барлық тұлғаларға бірдей жүргізіледі. Инфлюенсерлердің салықтық міндеттемелерді орындауы басқа азаматтар мен кәсіпкерлермен қатар жалпы негізде жүзеге асырылады, бұл салық салудың әділдік қағидатына сәйкес келеді.
Камералдық бақылау дербес салық салуға жататын табыс алатын барлық тұлғаларға тең дәрежеде жүргізіледі. Осылайша, Комитет тек блогерлердің қызметіне қатысты бақылау шараларын жүргізу мақсаттарын көздемейді, – делінген ресми жауапта.
Сонымен бірге ведомство 2025 жылғы 13-21 ақпан аралығында 2022-2023 салық кезеңдері бойынша камералдық бақылау нәтижесінде 80 мың жеке тұлғаға анықталған ауытқушылықтарды жою туралы хабарлама жолданғанын мәлімдеді. Солардың ішінде блогерлер де бар.
Хабарламалар жолданған жеке тұлғалардың арасында блогерлер де бар. Хабарламаларды алғаннан кейін блогерлер тарапынан белсенділік танытылды. Осыған орай, әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіліп, 80 000 жеке тұлғаның ішінде 854 блогерге кірісін азайтып көрсету сомасы 71,9 млрд теңгеге жеткен. Оларға 1 586 хабарлама жолданған, – деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитеті.
Бүгінде 622 блогер қосымша салықтық есептілік ұсынған
Қазіргі уақытта 622 блогер қосымша салықтық есептіліктерді ұсыну арқылы 18 292 млн теңге сомасында кірісін декларациялады, 875,5 млн теңге салық есептелді, – делінген Қаржы министрлігіне қарасты комитет.
Комитет камералдық бақылау кезінде блогер табысының нақты қай әлеуметтік желіден түскені бөлек зерттелмейтінін де түсіндірді.
Камералдық бақылау жүргізу барысында салық төлеушілердің алған кірістеріне қай әлеуметтік желі арқылы, TikTok, Instagram, YouTube арқылы алынғандығы жөнінде жекелеген зерделеу жұмыстары жүргізілмейтінін назарыңызға жеткізеді, – деп хабарлады ведомство.
Еске сала кетейік, бұған дейін блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенова сот алдында жауап беріп, кінәлі деп танылған еді.