Блогер Сәуле Базарханның өлімінен кейін клиникаға тексеру басталды

Блогер қайтыс болған клиникаға арнайы комиссия мен тәуелсіз сарапшылар жіберілген.

 instagram.com/saule_bazarkhan Бүгiн 2026, 14:14
Бүгiн 2026, 14:14
113
Фото: instagram.com/saule_bazarkhan

Блогер, кәсіпкер Сәуле Базархан көз жұмған емханаға қатысты тексерулер басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бұл туралы  Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов Сенаттың кулуарында берген сұхбатында мәлімдеді.

Айтуынша, блогер Сәуле Базархан қайтыс болған клиникаға қатысты тексеру басталған.

Қазір бұл клиникада арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Оның құрамына тәуелсіз сарапшылар енгізілді. Бұдан бөлек, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің орталық аппаратынан бір маман Алматыға жіберілді. Бүгіннен бастап ресми тексеру басталды. Комиссия істің барлық материалын, науқастың тарихын және құжаттарды толық қарайды, – деді комитет басшысы.

Сонымен қатар ол Маңғыстау облыстық мәслихаты депутаты косметологиялық процедура кезінде көз жұмған клиникаға қатысты тексеру аяқталғанын айтты.

Операция жасалған клиникаға қатысты тексеру аяқталды. Материалдар құқық қорғау органдарына жолданды. Қазір құқықтық баға беріліп жатыр. Әзірге бұл мәселеге қатысты пікір айта алмаймын. Тиісті қорытындыны құқық қорғау органдары береді, – деп нақтылады Бауыржан Жүсіпов.

Айта кетерлігі, Қазақстанда пластикалық хирургия қызметін көрсетуге 295 ұйымның лицензиясы бар. Оның 247-сі – жекеменшік клиникалар.

Соңғы 5 жылда түрлі мәселелер бойынша, оның ішінде көрсетілетін қызмет сапасына қатысты 92 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру барысында әртүрлі заңбұзушылық анықталып, тиісті тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – дейді ведомство өкілі.

Еске салайық, желіде Алматыда жеке клиникада жасалған жоспарлы отадан кейін қазақстандық блогер және бизнесвумен Сәуле Базархан қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Бұл қайғылы жағдай туралы әлеуметтік желіде марқұмның келіні хабарлады.

Кейінірек Smart Beauty жеке пластикалық хирургия клиникасы қазақстандық блогер және бизнесвумен Сәуле Базарханның өлімінен кейін ресми мәлімдеме жариялады.

Сондай-ақ Ақтауда пластикалық операциядан кейін депутат көз жұмды.

Наверх