Сауле Базарханның өлімінен кейін клиника алғаш рет мәлімдеме жасады

Липосакциядан кейін көз жұмған блогердің ісі бойынша клиника пікір білдіріп, маңызды жайттарға тоқталды.

Бүгiн 2026, 15:18
АВТОР
 instagram.com/saule_bazarkhan Бүгiн 2026, 15:18
Бүгiн 2026, 15:18
117
Фото: instagram.com/saule_bazarkhan

Smart Beauty пластикалық хирургия клиникасы қазақстандық блогер әрі кәсіпкер Сауле Базарханның өлімінен кейін ресми мәлімдеме жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәлімдемеде клиника ұжымы марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.

Клиника ұжымы пациент Ермаханова Сауленің отбасы мен туған-туыстарына шынайы әрі терең көңіл айтады. Бұл – біз үшін де ауыр жағдай. Біз оны үлкен адамгершілік жанашырлықпен және құрметпен қабылдаймыз, – делінген хабарламада.

Клиника өкілдері қазіргі уақытта оқиғаға байланысты заңнамада қарастырылған рәсімдер жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Сонымен қатар медициналық мекеме болған жағдайдың мән-жайы мен медициналық деректеріне қатысты пікір білдіруден бас тартты.

Дәрігерлік құпияны сақтау қажеттілігіне, пациент отбасының жеке кеңістігін құрметтеуге және жүргізіліп жатқан шаралардың объективтілігі мүддесіне байланысты клиника ресми рәсімдер аяқталғанға дейін оқиғаның мән-жайы мен медициналық детальдарына жария түрде түсініктеме беруді мүмкін емес деп санайды, – деп атап өтті клиникада.

Сондай-ақ Smart Beauty өкілдері БАҚ пен әлеуметтік желі қолданушыларын тексерілмеген ақпарат пен болжамдарды таратпауға шақырды.

Не болған еді?

Бұған дейін Сауле Базарханның келіні енесінің 15 мамыр күні Алматыдағы жекеменшік клиникалардың бірінде липосакция бойынша жоспарлы операциядан кейін көз жұмғанын хабарлаған еді.

Туыстарының айтуынша, бірнеше сағат бойы отбасы пациенттің жағдайы туралы ешқандай ақпарат ала алмаған.

Бір сағат. Бір жарым. Екі. Үш. Сұрақтарға жауап бермеді. Тек үнсіз қалды, – деп жазды марқұмның келіні әлеуметтік желіде.

Алматы қалалық полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Наверх