Блогер Әділетхан Молдахан сотта кінәсін мойындады

Оған ҚР Қылмыстық кодексінің жала жабуға қатысты бабы бойынша айып тағылған.

Бүгiн 2026, 17:07
АВТОР
 instagram.com/adiletkhan Бүгiн 2026, 17:07
Бүгiн 2026, 17:07
106
Фото: instagram.com/adiletkhan

Алматыдағы үш адамның өмірін жалмаған жол-көлік оқиғасына қатысты пікір білдірген заңгер, блогер Әділетхан Молдаханға қатысты сот отырысы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сот Алматы аудандық сот залында қаралып жатыр. Сот отырысында айыпталушы Әділетхан Молдаханның адвокаттары тараптардың медиациялық және процессуалдық келісімге келу мүмкіндігіне байланысты өтінішхат түсіріп, істі қарауды кейінге қалдыруды сұрады.

Сонымен қатар қорғаушылар соттан Молдаханға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстыруды өтінді.

Алайда мемлекеттік айыптаушы бұл өтініштерге қарсылық білдірді. Cудья Ерлан Қасымбек айыпталушыны үйқамаққа ауыстыру туралы өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.

Жәбірленуші кімдер?

Істе жәбірленуші ретінде Алматы полиция департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев пен қалалық әкімшілік полиция басқармасының бұрынғы басшысы Серік Шұмаев танылды.

Сондай-ақ Ержан Ұзабаевтың адвокаты Асылбек Әбдіраимов 10 миллион теңге моральдық өтемақы және 1 миллион теңге сот шығындарын талап етіп, өтінішхат түсірді.

Қандай айып тағылып отыр?

Тергеу мәліметінше, Әділетхан Молдахан әлеуметтік желіде жариялаған видеосында Алматы қаласы полиция департаментінің бұрынғы қызметкерлері Ержан Ұзабаев пен Серік Шұмаевтың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін мәліметтер таратқан деп айыпталуда.

Айыптау актісіне сәйкес, блогерге Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің жала жабуға қатысты бабы бойынша айып тағылған. Іс материалдарында оның жол-көлік оқиғасына байланысты жариялаған пікірлері мен бейнематериалдары негіз болғаны көрсетілген.

Алғашқы сот отырысында Әділетхан Молдахан өз кінәсін толық мойындағанын мәлімдеді.

Сонымен қатар тараптар медиациялық және процессуалдық келісім жасау мүмкіндігін қарастырып жатыр. Іс бойынша келесі сот отырысы 16 маусым күні өтеді.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда жантүршігерлік жол апатынан үш адам тапқан болатын. 

Оқиғадан кейін Алматыда блогер Әділетхан Молдахан ұсталғаны хабарланды. Ол екі айға қамауға алынған еді.

Наверх