Бизнесті мемлекеттік қолдау 266 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды - Смайылов

29 Маусым 2023, 15:44
579
Бөлісу:
Бизнесті мемлекеттік қолдау 266 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды - Смайылов
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Әлихан Смайылов Астанадағы «AMANAT» партиясының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының республикалық форумында кәсіпкерлікті қолдау және мұнай-газ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы мен энергетика салаларында жаңа жобаларды іске асыру барысы туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Үкімет басшысы қазіргі уақытта республикада бизнеске қатысты жаңа реттеушілік саясат енгізіліп жатқанын атап өтті. Оның аясында 44 салада еңбек ететін кәсіпкерлерге қойылатын 10 мыңнан астам негізсіз талап анықталды. 9 мың талап жойылды, қалғандары бойынша жұмыс жыл соңына дейін аяқталады. Жалпы бұл бизнеске жүктемені айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.

Оған қоса биыл мемлекеттік реттеудің барлық саласында тәуекелдерді басқару жүйелері автоматтандырылатын болады, бұл бизнесті жоспарлы тексеруді екі есеге қысқартуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдаудың жүйелі шаралары кеңейтілді.

Өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында қолдау көрсетілетін салалардың тізімі 116-ға ұлғайтылды, ал бірқатар салада пайыздық мөлшерлемені субсидиялау мерзімі 5-тен 7 жылға дейін ұзартылды. Жалпы бизнесті мемлекеттік қолдау 266 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды, - деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Үкімет басшысының айтуынша, мәслихаттар алғаш рет өңірдегі шағын және орта бизнес үшін жергілікті бюджетке түсетін бөлшек салық мөлшерлемесін 4%-дан 2%-ға дейін өздері белгілей алады.

Жалпы кәсіпкерлікті қолдау аясында биыл 12 мыңнан астам жобаны субсидиялау, 12 мыңға жуық жобаға кепілдік беру көзделіп отыр. Орта бизнесті қолдау бойынша қосымша шаралар қабылданады.

Мұнай-газ саласын дамыту аясында Қашаған кен орнында жалпы қуаты 1 млрд текше метрден асатын газ өңдеу зауытының құрылысы жалғасуда. Сондай-ақ Қашағанда қуаты 4 млрд текше метр болатын тағы 1 газ өңдеу зауытының құрылысы пысықталуда, Қарашығанақ кен орнында қуаты 4 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауытын салу жөнінде шешім қабылданды. Оған қоса Жаңаөзен қаласында қуаты 900 млн текше метр болатын жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы күзге дейін басталады.

Агроөнеркәсіп кешенінде 536 млрд теңгені құрайтын 300-ге жуық жоба іске асырылуда. Биыл мемлекет меншігіне қосымша 5 млн гектар ауыл шаруашылығы жері қайтарылады.

Ауыл халқының табысын арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылып жатыр, оның аясында бизнесті дамытуға шағын несие беру және ауыл шаруашылығы кооперациясын нығайту жөнінде шаралар қабылдау жоспарланып отыр. Биыл бұл мақсатқа 100 млрд теңге бөлінді. Жалпы 7 жыл ішінде жобамен 1 млн-нан астам ауыл тұрғынын қамту жоспарлануда, ал оны қаржыландыру сомасы 1 трлн теңгені құрайды.

Өңірлерде электр энергетикасы саласында да жаңа жобалар іске асырылып жатыр. Атап айтқанда, биыл жалпы қуаты 600 МВт-тан асатын электр станцияларын жаңғырту жұмыстары аяқталады. Алматы мен Түркістанда 2025-2026 жылдары жалпы қуаты 2,3 ГВт-тан асатын газ генерациясының энергетикалық жобалары іске қосылады. Қызылордада жаңа жылу электр орталығының құрылысы басталды. Көкшетауда және Семейде 2 жылу электр орталығын салу мәселесі қарастырылуда. Сондай-ақ биыл жалпы қуаты 276 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 10 жобасы іске асырылады.

Өзгелердің жаңалығы