Бизнесті мемлекеттік қолдаудың қандай жаңа түрлері пайда болуы мүмкін?

5 Қазан 2021, 13:39
3898
Бөлісу:
Бизнесті мемлекеттік қолдаудың қандай жаңа түрлері пайда болуы мүмкін?
Сұхбат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры - бұл микро, шағын және орта бизнесті қолдау саласындағы Қазақстанның негізгі қаржылық даму институты. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарушы директоры Әлия Ағыбаева мемлекеттік қолдаудың кәсіпкерлер арасында үлкен сұранысқа ие екенін айтты.

- Шағын және орта бизнес «Даму» қоры арқылы мемлекеттен қандай қолдау алып жатыр?

- «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ несиеге кепілдік беру, несиенің сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және банктерге, микроқаржы ұйымдары мен лизинг компанияларына қаражат салу арқылы жеңілдікпен несие беру атты негізгі үш құрал бойынша мемлекеттік қолдау көрсетіп келеді. Қаржылай қолдау «Бизнестің жол картасы 2025», «Қарапайым заттар экономикасы» және өңдеу өнеркәсібі саласындағы ШОБ-ты қолдауға бағытталған «Даму-Өндіріс» бағдарламасы аясында ұсынылады.

Субсидиялау – несие ұйымдары бизнесті дамыту үшін несиенің сыйақы мөлшерлемесін төмендету. Осы құралдың арқасында кәсіпкер несие бойынша сыйақы мөлшерлемесінің 6%-ын ғана төлейді, мөлшерлеменің қалған бөлігін мемлекет «Даму» қоры арқылы жабады.

Кепілдік беру – банк талап еткен кепілзаты жеткіліксіз болған кәсіпкерлерге арналған құрал. Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге «Даму» қоры несие сомасының 85%-ына дейін кепілдік ұсынады. Бизнесі бұрыннан бар кәсіпкер үшін Қор несие сомасының 50%-ына дейін кепілдік береді. Бұл ретте қарыздың ең жоғары мөлшері 1 млрд теңге.

Жеңілдікпен несиелендіру құралы аясында ең төменгі мөлшерлеме – жылына 4%. Оны жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды жүзеге асыратын кәсіпкерлер ала алады. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде жұмыс істейтін кәсіпкерлер де қаржыны 6%-бен ала алады.

- Шағын және орта бизнесті несиелендіру шарттары өзгере ме? Мемлекеттік қолдаудың қандай жаңа түрлері пайда болуы мүмкін?

- Қазақстан Үкіметінің қаржы агенті ретінде Қор кәсіпкерлердің қажеттіліктерін және мемлекеттік бағдарламалардың ел экономикасына әсерін талдай отыра, әзірленген бизнесті мемлекеттік қолдау бағдарламаларын жүзеге асырады. Экономика дамып, ШОБ секторындағы жағдай өзгеруімен қатар мемлекеттік қолдау да жылдан жылға өзгеріп келеді. Сонымен бірге «Даму» қорының кәсіпкерлермен өзара әрекеттестігі де дамуда.

Кәсіпкерлерді қаржыландыру үшін «Даму» қоры биржа алаңдарынан да қаражат тартады. AIX (АХҚО) алаңына 200 млн теңгеге дебюттік «жасыл» облигация шығарылды. KASE-де алғаш рет 1 млрд теңгеге әлеуметтік облигация салынды.

«Жасыл» облигациялар шығарудан түскен қаражатқа жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағытындағы «Solar» компаниясының күн батареяларын орнату жобасы қаржыландырылды.

Әлеуметтік облигациялардың қаражатын екінші деңгейлі банк, микроқаржы ұйымы немесе лизинг компаниялары арқылы COVID-19 пандемиясы кезінде экономиканың неғұрлым зардап шеккен секторларындағы шағын және орта бизнесті қаржыландыруға жұмсау жоспарлануда.

- Ең қиыны – ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер мен микробизнестің несие алуы. Оларда көбінесе кепіл мүлік жоқ, айналымдары жеткіліксіз. Осы бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын айта аласыз ба?

- Былтыр «БЖК 2025» бағдарламасы аясында микробизнеске арналған жаңа бағыт іске қосылды. Ол бойынша бүгінде кәсіпкерлер 20 млн теңгеге дейінгі несиеге қол жеткізіп, несие сомасының 85%-ына дейін кепілдік алып, ішінара субсидиялаудың арқасында пайыздық мөлшерлемесін 6%-ға дейін түсіре алады. Бұл бағдарлама аясында айналым қаражатын толықтыруға 5 млн теңгеге дейін жұмсай алса, қалған соманы инвестиция үшін жаратуға мүмкіндігі бар. Айналым қаражатын толықтыруға субсидия 2 жылға дейінгі, ал инвестициялық мақсаттарға – 3 жылға дейінгі мерзімге беріледі.

Микробизнеске арналған жаңа бағдарлама кәсіпкерлерге портфельдік субсидиялау мен кепілдіктің артықшылықтарын пайдалануға мүмкіндік береді. Ол бойынша несие беруге арналған өтінімдерді қарау кезеңі мен мерзімі 6 жұмыс күніне дейін қысқартылған. Бұл – кәсіпкерлер мен олардың бизнесі үшін аса маңызды.

Сондай-ақ микробизнес субъектілері микроқаржы ұйымдарынан алған несиелеріне де субсидия мен кепілдік беру құралын пайдалана алады. Бағдарлама іске қосылған 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап қазіргі уақытқа дейін несие сомасы 73,7 млрд теңге болатын 13,2 мың жобаға қолдау көрсетілді.

- Пандемияға дейін елде қанша ШОБ нысаны жұмыс істеді? Қазір олардың саны қанша?

- Ресми статистикаға сүйенеміз. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігі жанындағы Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің (ШОК) саны 2020 жылғы 1 қаңтарда – 1,33 млн, 2021 жылғы 1 қыркүйекте – 1,39 млн болған.

- Жыл басынан бері «Даму» қоры қанша шағын және орта бизнес субъектілерін қолдады?

- 2021 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша: «БЖК-2025» және «ҚЗЭ» бағдарламалары бойынша жалпы сомасы 643,6 млрд теңге болатын 16,3 жоба субсидияланды және кепілдік алды.

Осы кезең ішінде «БЖК-2025», «ҚЗЭ» және «Даму-Оптима» бағдарламалары аясындағы несие бойынша жалпы сомасы 218,6 млрд теңге болатын 11,5 мың жоба кепілдік алды.

Жеңілдікті несие беру аясында 2021 жылдың жеті айында несие ұйымдары арқылы несие сомасы 113,1 млрд теңге болатын 5,4 мың жобаға қолдау көрсетілді.

Осы бағдарламалардың арқасында экономиканың тұрақтылығына қол жетті, жұмыс орындары сақталып, іскерлік белсенділік төмендемеді. Өндіріс өсімі артты.

- «Даму» қоры арқылы ШОБ объектілеріне көрсетілетін қаржылық қолдаудың тиімділігін бағалау критерийі немесе нақты стандарты бар ма?

- «БЖК 2025» және «ҚЗЭ» бағдарламаларының шарты бойынша кәсіпкер екі жыл ішінде кемінде үш көрсеткіштің бірін орындауы керек. Олар: жұмыс орындарын ұлғайту немесе сақтау, кірістердің өсімі, төленетін салық көлемін 10%-ға ұлғайту.

Қор қызметінің тиімдігі – кәсіпкерлерді қамту көрсеткішінің артуымен өлшенеді. Жыл сайын ол алдыңғы кезеңге қарағанда 10-15%-ды құрауы тиіс. 2020 жылы өсім 32%-ды құрады. Тиісінше, 2021 жылы Қор 36 мыңға жуық жобаға қолдау көрсетуді көздеп отыр.

Бөлінген бюджет қаражатының тиімділігін өлшеудің тағы бір тәсілі – салық түсімдері. Мемлекеттік кірістер комитетімен жасалған меморандум аясында «Даму» Қоры декларацияларды сұратып отырады және қолдау алған кәсіпкерлердің әрбір БСН-і бойынша деректерді салыстырады. 10 жыл ішінде субсидиялауға 278 млрд теңге бөлінді, ал салық ретінде 2,2 трлн теңге қайтты. 2020 жылдың қорытындысы бойынша 1 теңге субсидия бюджетке 6 теңге салық және 85 теңге түсім ретінде қайтып отырған.

2020 жылы «Даму» Қоры «БЖК-2025» бағдарламасы аясында 54 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын сақтап қалды, 573 млрд теңгенің салығы төленді, өнім шығару 38%-ға өсті.

Мемлекеттік бағдарламалар ішінде кәсіпкерлер ең көп жүгінетіні: «Бизнестің жол картасы 2025», «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы екенін айта кеткен жөн.

Олар тиімділігін дәлелдеп, Қазақстан экономикасына оң әлеуметтік-экономикалық әсерін көрсетті және мұны Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің таяудағы Жолдауында да атап өтті.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Өзгелердің жаңалығы