Бизнесті мемлекеттік бақылаудың автоматтандырылған жүйесі іске қосылады

19 Маусым 2023, 09:00
1022
Бөлісу:
Бизнесті мемлекеттік бақылаудың автоматтандырылған жүйесі іске қосылады
Фото: primeminister.kz

17 маусымда Үкіметте кәсіпкерлік саласында «таза парақтан» реттеуді енгізу және бизнес субъектілерін мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесін автоматтандыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте мемлекеттік органдар «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бизнесті реттеудің 44 саласына талдау жасағаны айтылды. Нәтижесінде жаңа реттеу саясатының шарттарына сәйкес келмейтін 10 108 талап анықталды.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, бүгінде кәсіпкерлерге қойылатын негізсіз талаптарды жоюға арналған заңнамалық актілерге 386 түзетуден тұратын бірыңғай пул қалыптастырылған. Жақын арада оларды Парламенттегі Бизнесті жүргізу мәселелері туралы заң жобасына (9 пакет) қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар мемлекеттік органдар заңға тәуелді актілерге сәйкес талаптардың күшін жоюды және қайта қарауды іске асыруда.

Сондай-ақ «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Мәлік Сәулебай, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглова атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Премьер-министр реттеуші талаптардың күшін жоюға немесе оларды қайта қарауға бағытталған заңға тәуелді актілер бойынша тиісті жұмыстар жүргізілгенін атап өтті: 625 құқықтық актінің 513-і қабылданды. Сонымен қатар 112 құқықтық акті бойынша жұмыс жүріп жатыр.

Осы орайда Әлихан Смайылов ауыл шаруашылығы, энергетика, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне аталған жұмысты 30 маусымға дейін аяқтауды тапсырды.

Салалық бұйрықтар белгіленген мерзімде қабылданбаған жағдайда, Үкімет Аппараты саяси мемлекеттік қызметшілерді тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы тиісті ұсынымдар енгізсін, — деді ол.

Сонымен қатар Премьер-министр жауапты мемлекеттік органдарға «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, кәсіпкерлерге түсетін жүктемені айтарлықтай жеңілдететін бизнес үшін есеп беруді қысқарту мәселесін одан әрі пысықтауды тапсырды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе аясында былтыр бизнесті мемлекеттік бақылаудың 35 бағытын автоматтандыру ісі аяқталып, қазіргі таңда тағы 35 бағыт бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқаны айтылды.

ҰЭМ басшысы Әлібек Қуантыров автоматты функционалдығы бар Smart Data Ukimet платформасы пайдалануға дайын екенін айтты. Ол қазіргі уақытта жұмыс апробациясынан өтуде. Осылайша, мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың автоматтандырылған жүйесі 2024 жылдан бастап іске қосылады.

Платформаны техникалық баптау туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин баяндама жасады. Сондай-ақ «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Мәлік Сәулебай, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглова тәуекелдерді басқару жүйелерін (ТБЖ) автоматтандыру мәселелері бойынша өз пікірлерін білдірді.

Премьер-министр ауыл шаруашылығы, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері осы жылдың 30 маусымына дейін салалық тәуекелдерді басқару жүйесінің қабылдануын қамтамасыз етуі қажеттігін атап өтті.

Келесі жылдан бастап барлық тексерулер мен бақылаулар тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде жүзеге асырылуы үшін биыл мемлекеттік бақылауды автоматтандыру бойынша жұмысты аяқтауымыз керек, — деп түйіндеді сөзін Әлихан Смайылов.

Өзгелердің жаңалығы