Қарағандыда «Көрнекі ақпарат пен жарнама тілін біріздендіру» әлеуметтік жобасы аясында жыл соңына дейін 3000-нан артық бизнес өкілдерінің көрнекі ақпараттарына, оның ішінде жарнама, хабарландыру, ас мәзірі, баға көрсеткіштеріне және т.б. мониторинг жүргізіліп, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңның талаптарын түсіндіру жұмыстары жүргізілмек, деп жазады BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Тіл туралы заңнама талаптарына сай кез келген көрнекі ақпарат, оның ішінде жарнама мемлекеттік тілде рәсімделуі тиіс. Ал көрнекіліктің орыс тіліндегі аудармасының болуы міндетті емес. Заңға 2021 жылы енгізілген өзгерістердің талабы осындай. Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығының директоры Бибігүл Даулбаева әлеуметтік жоба аясында қаланың тілдік келбетін біріздендіруде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталған болатын.
Жобаның мақсаты - көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіндеріндегі қателерді анықтау, оларды жою, тегін аударма бойынша әдістемелік көмек көрсету, қызмет көрсету барысында орын алатын тілдік шиеленістердің алдын-алу, тұтастай алғанда қаланың тілдік келбетін біріздендіру, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру. Бұл әлеуметтік жоба Қарағанды қаласында 2020 жылдан бастап іске асырылуда. Жыл сайын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тарапынан тіл туралы заңнама талаптарын сақтауына мониторнг жүргізіліп келеді. Биыл да осы жобаны іске асыру мақсатында жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының құрамындағы тіл мамандары, журналистер, блогерлер мен ерікті жастар бизнес нысандарын аралап, жарнама, хабарландыру, басқа да көрнекі ақпараттардың мемлекеттік тілде болуына, сауатты жазылуына мониторинг жүргізеді. Кәсіпкерлерге тіл туралы заңнама нормаларын түсіндіреді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес кез-келген көрнекі ақпарат, оның ішінде жарнама міндетті түрде мемлекеттік тілде рәсімделуі тиіс, егер бизнес өкілі қажеттілік бар деп санаса, онда ақпаратын мемлекеттік тілмен қатар орыс немесе басқа тілде рәсімдеуіне құқылы, - дейді Бибігүл Даулбаева.
«Тіл туралы» заңның 21-бабында «... мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшалары, хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде немесе басқа тілдерде де орналастырылады» деп көрсетілген. Бұл дегеніміз - кәсіпкер ғимаратының маңдайшасын, яғни атауын, басқа да көрнекі ақпаратын тек қазақ тілінде ғана орналастыруына болады. Бұл жарнамада «визуалды шу» туғызбай, ғимараттың тартымдылығына да кері әсер етпеуіне таптырмас құрал. Сондай-ақ кәсіпкердің артық шығындалмауына да септігін тигізер еді.
Мысалы, көпшілік тұрғындар, оның ішінде өзге ұлт өкілдері «сауда үйі», «дүкен» сөздерінің орысша аудармасын біледі. Осылай тек мемлекеттік тілде рәсімдейтін болсақ, бұл өз кезегінде тіл үйренушілерге де үлкен мүмкіндік болар еді. Енді кәсіпкер маңдайшасына «дүкен» деп ғана жазып, «магазин» деген орысшасын жазбаса да болады. Бастысы маңдайшасы мемлекеттік тілде жазылып тұр. Орыс немесе басқа тілдерде жазу міндетті емес, тек қалауыңызға қарай екенін түсінсе екен әрбір кәсіпкер. Осылай істеуге заң тыйым салмайды. Егер әрине бизнес өкілі орыстілді тұтынушыларды көбірек тартқысы келсе, қазақша берілген нұсқаның жанына орысша немесе басқа тілде де жазып қойса болады. Бұл ретте мәтіннің орналасуы бойынша мемлекеттік тілге басымдылық берілуі тиіс. Яғни, қазақ тіліндегі мәтін сол жақта көлденеңінен және жоғарыда тігінен орналасуы керек, - дейді Даулбаева.
2020 жылы алғаш рет Қарағанды облысында қолға алынған жоба бүгінде еліміздің басқа өңірлерінде де табысты іске асырылуда. Ресурстық тіл орталығы басшысының айтуынша, жоба аясында Қарағанды ғана емес, Теміртау және Саран қалаларында да бизнес нысандарына мониторинг жүргізілген. Осы әлеуметтік жоба аясында сауатты аударма қызметін көрсетіп отырған Береке Жарылғапова кәсіпкерлердің орыс тілінен қазақшаға аударылған жарнамаларында сауатсыздық жиі кездесетінін атап өтті. Сонымен қатар бизнес өкілдері әлі де жарнамасын екі тілде беруге ынталы екенін айтып отыр. Бұл кәсіпкерлердің санасына жарнама Қазақстан Республикасында екі тілде болуы тиіс деген бұрынғы заң талабының орнығып қалғанын көрсетеді.
Қазіргі Қарағандының көрнекі ақпараты бұдан 5 жыл бұрынғы Қарағандының көрнекі ақпаратынан әлдеқайда жақсы. Кәсіпкерлеріміз маңдайша жазудың, жарнаманың, хабарландырудың мемлекеттік тілде болу керектігін біледі. Дегенмен де кейде сауатты жазуда олқылықтар кездесіп жататынын бізге Call-center қызметіне жүгінген кезде байқаймыз. Бізге хабарласатын кәсіпкерлердің көбі, оның ішінде жарнама агенттіктері қазақ тіліне аударғанда машиналық аударманы пайдаланады, яғни Гуглдың, Яндекстің көмегіне жүгінеді. Әрине ондай аударманың сапасы мүлдем төмен болатыны бәрімізге аян. Мысалы, есіктерде «на себя» және «от себя» маңдайша жазуларын «өзіңе» немесе «бері қарай», «өзіңнен» немесе «ары қарай» деп аударып жүр. Былай қарағанда көпшілігіңізге бұл аударма дұрыс сияқты. Алайда, қазақ тілі славян емес, түркі тілдерінің тобына жатқандықтан, аударманы тікелей орыс тілінен емес түрік тілінен алған дұрыс. Түрік тілінде есіктерге «çekiniz», «itiniz» деп жазады. Сондықтан біз де қазақ тілінде «тартыңыз», «итеріңіз» деген аударманы ұсынамыз. Бұл қазақ тілінің табиғатына сай, әрі бәрімізге түсінікті. «Көш жүре түзеледі» дейді емес пе. Қазақ тілінде сауатты жазуға да төселеміз деген ойдамын, - деп атап өтті Жарылғапова.
Қоғамдық тамақтану орындарының иелері көбіне сыртқы жарнаманы ғана мемлекеттік тілде жазып, ал ас мәзірі, хабарландыру, прейскурант сияқты ақпараттардың да қазақ тілінде болу керектігін білмей, не болмаса қатерге ілмей жатады. Осыған байланысты Ресурстық тіл орталығының бастамасымен «Сауатты жарнама – сауатты кәсіпкер» акциясы ұйымдастырылуда.
Бұл акция «Көрнекі ақпарат пен жарнама тілін біріздендіру» әлеуметтік жобасының аясында өткізілуде. Акция аясында Ресурстық тіл орталығының мамандары кәсіпкерлерге маңдайшаны, жарнаманы, хабарландыруды, нұсқағыштарды, прейскуранттарды, баға көрсеткіштерін, ас мәзірін, басқа да көрнекі ақпараттар мен жарнаманы мемлекеттік тілде қатесіз жазуға көмектеседі. Қазір E-otinish платформасы арқылы тұрғындар үйінен шықпай-ақ кез келген мемлекеттік органға өтініш түсіре алады. Біз барлық өтініштерге жауап береміз. Көбіне тұрғындар тарапынан қоғамдық тамақтандыру орындарында көрнекі ақпараттың, ас мәзірінің тек орыс тілінде берілгендігі және аударманың сауатсыз жасалғандығына шағымдар түседі. Біз сол кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізе отырып, өз көмегімізді ұсынамыз, көрнекі ақпаратты қазақ тіліне аударып, қателерін түзеп береміз, - дейді Даулбаева.
Ресурстық тіл орталығының директоры кәсіпкерлерден жарнама немесе басқа да көрнекі ақпараттарының Қазақстан Республикасының заңнама талаптарына сәйкес келмейтіндігін анықтаған жағдайда көрнекі ақпаратты, оның ішінде жарнамалық мәтіндерді мемлекеттік тілге сауатты аударып беру мақсатында құрылған Call-орталыққа хабарласуды ұсынады. Қарағандылық кәсіпкерлерге жарнама мен хабарландыруды, ас мәзірін және басқа да көлемді емес ақпараттарын қазақ тіліне тегін аударып беруге дайын.
Call-орталықтың 8-775-163-00-00 нөміріне WhatsApp мессенджері арқылы көрнекі ақпараттың, оның ішінде жарнама мәтінін немесе хабарландырудың орыс тіліндегі нұсқасын жіберу қажет. Аудармашы мамандар ұсынылған ақпаратты мемлекеттік тілге сауатты аударып береді. Еске сала кетейік Call-center жыл соңына дейін жұмыс істейтін болады, - дейді директор.
Бибігүл Даулбаева тіл туралы заңнама талаптары бұзылған жағдайда кәсіпкерге алдымен ескерту жасалып, егер қайталанса «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 75-бабы бойынша жауапкершілікке тартылып, айыппұл салу қарастырылғандығын атап өтті. Айыппұл соммасы лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 5 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 10 АЕК, ал ірі кәсіпкерлерге 25 АЕК көлемінде.
Бибігүл Сәдуқызы маңдайшаларды латын қарпінде жазуға байланысты да өз пікірін білдірді.
Бұған дейінгі жылдары кәсіпкерлердің қалауы бойынша латын қарпінде жазылған көрнекі ақпараттары мен маңдайшаларын түзеп, олардың сауатты жазылуына көмектесетінбіз. Ал, қазір маңдайшаларды, басқа да көрнекі ақпараттарды латын қарпінде жазуды ұсынбаймыз. Себебі, бұл әлі нақтыланбаған мәселе, - дейді Бибігүл Сәдуқызы.