"Бізге лайктың қажеті жоқ": Шымкент әкімдігі жастар орталығындағы дауға нүкте қойды

23 Сәуір 2025, 16:21
519
Бөлісу:
"Бізге лайктың қажеті жоқ": Шымкент әкімдігі жастар орталығындағы дауға нүкте қойды
Фото: pixabay.com

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек жастар ресурстық орталығында туындаған "лайк" дауына қатысты пікір білдіріп, мәселенің мән-жайын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде жастар орталығының қызметкерлеріне әлеуметтік желідегі парақшаларға лайк басуға мәжбүрленіп, лайк баспағаны үшін сөгіс берілді деген ақпарат тараған болатын. Осыған байланысты қоғамда қызу пікірталас туып, аталған орталық сынға ұшыраған еді.

Алайда Сәрсен Құранбектің айтуынша, бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Әкім орынбасары ешбір қызметкерге "лайк баспады" деп ескерту берілмегенін нақты айтты.

Бізге лайктың қажеті жоқ. Ешкімді "лайк басыңдар" деп мәжбүрлеген жоқпыз. Жастар ресурстық орталығында жүргізілген мониторинг барысында жұмыс процесіне қатысты бірқатар кемшіліктер анықталды. Психолог маманға ескерту тек қызметтік міндетін дұрыс атқармағаны үшін берілген. Ал орталық басшысына сөгіс те әлеуметтік желідегі белсенділікке емес, нақты жұмысындағы тәртіпбұзушылықтар үшін жарияланды, – деді Құранбек.

Әкімдік жүргізген тексеру барысында құжат айналымы, еңбек кітапшаларын тіркеу секілді негізгі әкімшілік мәселелер бойынша да кемшіліктер табылған.

Жастар орталығы – қаладағы төрт мыңға жуық жастың басын біріктіретін маңызды мекеме. Сол себепті біз бұл мекеменің жұмыс сапасына ерекше мән береміз. Қызметкерлердің әлеуметтік желідегі белсенділігі емес, нақты атқарып жатқан жұмысы маңызды, – деп түйіндеді қала әкімінің орынбасары.

Бұған дейін бірқатар қызметкер әлеуметтік желіде лайк баспағаны үшін басшылық тарапынан қысым көргендерін айтқан болатын. Бұл мәлімдеме қоғамда дау тудырып, желіде қызу талқыға түскен еді.

Өзгелердің жаңалығы