Біздің серіктестігіміз тиімді білім жүйесін қалыптастырудың берік іргетасы – министр

21 Мамыр 2021, 22:33
1528
Бөлісу:
Біздің серіктестігіміз тиімді білім жүйесін қалыптастырудың берік іргетасы – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілі Артур ван Дизен және Халықаралық электр байланыс одағы Электр байланысын дамыту бюросының директоры Дорин Богдан-Мартин GIGA бастамасын жүзеге асыру бойынша меморандумға қол қойды.

Меморандумға сәйкес ЦДИАӨМ Қазақстандағы Giga бастамасына жетекші болып, Giga басқарушы комитетінде төрағалық етеді. Сондай-ақ ЦДИАӨМ Giga ғаламдық үлгісін қолдап қана қоймай, біздің елдің қажеттілігіне бейімдейтін болады.

Giga бастамасы аясындағы міндет – әрбір мектепке интернет өткізу және өскелең ұрпақты ғаламдық ақпарат, түрлі ресурстармен қамтамасыз етіп, қабілет-қарымын толықтай  пайдалануға мүмкіндік беру.

GIGA бастамасы Қазақстандағы цифрлық даму саласына, соның ішінде еліміздегі әр мектепті интернетпен қамтамасыз ету үрдісіне сай келеді. Біздің серіктестігіміз тиімді білім жүйесі мен цифрлық экономиканы қалыптастырудың берік іргетасы болары сөзсіз. Интернет өткізу арқылы біз адамдарға арадағы қашықтыққа қарамастан, үнемі өзара байланыста болуға жағдай жасап, үлкен мүмкіндіктерге жол ашамыз, – деді Бағдат Мусин.

Министрдің айтуынша, меморандум Қазақстанды 100% сапалы интернетпен қамтамасыз етуге бағытталған «DigitEL» (Digital Era Lifestyle) ұлттық жобасына да серпін береді.

Қазақстан үкіметімен ынтымақтаса отырып, GIGA-ны қарқынды түрде жүзеге асыра аламыз. Осы бастама бойынша аймақтағы көшбасшы ел ретінде Қазақстан қаржыландыру, серіктестік және цифрлық құралдардың жаңа үлгілерінің негізін қалап, әсіресе жастардың дамуына мол мүмкіндік береді. Бұл жұмыс Орта Азия мен әлемдегі цифрлық теңсіздікті жоюға ықпал етеді. Мен үштараптық меморандумға қол қойғанымызға қуаныштымын. Биыл біз бұл бастаманы Қазақстанның шалғай өңірлерінде жүзеге асыру үшін бірдей күш саламыз, - деді ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Артур ван Дизен.

ЮНИСЕФ пен ХЭО ғаламдық көшбасшылық пен аймақтық сараптаманы қамтамасыз етіп, техникалық ресурстарды жұмылдырады. Соның ішінде қосылымдардың сапасын арттыру үшін байланыс операторларымен бірге мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде «соңғы миля» мен инновациялық механизмдерді қосуды жүзеге асырады.

Меморандумға қол қою - бұл Қазақстандағы әр жеткіншектің цифрлық мүмкіндігін ұлғайту бағытындағы еңбегіміздің жемісі. GIGA арқылы білім жүйесін дамытып, елдегі цифрлық теңсіздікті жоюға үлес қосып жатқанымызға қуаныштымыз, - дейді Халықаралық электр байланыс одағы (ХЭО) Электр байланысын дамыту бюросының директоры Дорин Богдан-Мартин.

Оның үстіне тараптар телекоммуникациялық компаниялар және қаржы ұйымдарымен бірге ұжымдық кеңес беруді ұйымдастырып, сондай-ақ ЮНИСЕФ пен ХЭО қолдауымен Қазақстандағы 25 ауылдық мектепті кең жолақты интернетке қосуды жоспарлап отыр.

GIGA төрт негізгі бағыттардан тұрады: әлемдегі әрбір мектепті дүниежүзілік картаға түсіру, байланысқа деген сұранысты біріктіріп ортақ өтінімді қаржыландыру, барлық мектепті Интернетке қосу және жастардың цифрлық қабілеттерің арттыруға мүмкіндік беру.




Өзгелердің жаңалығы