Біздің пайда көп болады. Саясаттанушы қазақ-ауған байланысы жайында

4 Тамыз 2023, 18:01
1346
Бөлісу:
Біздің пайда көп болады. Саясаттанушы қазақ-ауған байланысы жайында
Фото: Риззат Елубаевтың жеке мұрағатынан

Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 2022 жылы 1 млрд долларға жетіп, 2021 жылғы көрсеткіштерден 2 есе көп болды. Кеше екі ел арасында құны 190 млн доллар болатын келісім жасалды. Осы орайда BAQ.KZ тілшісінің Қазақстан – Ауғанстан байланысы туралы сұрақтарына саясаттанушы Риззат Елубаев жауап берді.

- Ауғанстанмен сауда байланысы елімізге тиімді ме? Қазақстан - Ауғанстан бизнес форумында ауған тарапынан визалық режимді жеңілдету туралы ұсыныс түсіп жатқаны жайында да естідік.

Билікке келген тәліптердің Астанаға келгені болмаса, бұл мәселеге бұқара халықтың назары аумас та еді. Жаңағы визалық режимді жеңілдету туралы ұсыныстар қазіргі қарым-қатынастарға тым ерте көрінсе де, бірақ бұл прагматикалық қарым-қатынастарды орнатуда ешқандай кедергі келтірмейді. Біз ұғарлық бір нәрсе, Ауғанстан Қазақстанның сыртқы стратегиясының басым бір бөлігі болады. Аталған елде берік бейбітшілік орнату мәселесі Қазақстанның ұзақмерзімді ұлттық мүддесіне сай келеді. Сонымен қатар Орталық Азияда тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етеді.

- Сауда-саттық доллар арқылы жүреді екен, ол біздің елімізге қаншалықты пайда түсіреді? Экспорттық пайдамыз көбейе ме?

Екі елдің сауда байланысы қазірдің өзінде жақсы деңгейде. Валюта мәселесі сауда айналымы аясында принципті емес. Келесі кездесетін тағы бір басымдық Ауғанстан - Орталық Азия үшін маңызды көлік дәлізі. Өзінің географиялық жағдайы бойынша Ауғанстан Орталық және Оңтүстік Азия елдері арасындағы экономикалық тиімді транзит дәлізі болып саналады. Сондықтан да Ауғанстан шетел инвесторлары, оның ішінде Қазақстан үшін қажетті жағдай жасай алатынын жариялап отыр. Бұны Қазақстанның шикізаттық емес экспортын дамытуға пайдалануымыз керек. Яғни осындай потенциалды уақыт өткізіп алмай, дұрыс пайдалануымыз қажет.

- Біздің кәсіпкерлер Ауғанстанға барып кәсіп жасай ала ма?

Ауғанстан экономикасының жай-күйіне келетін болсақ, мемлекетте ішкі инвестиция көздерінің жетіспеушілігі байқалады. Сондықтан сыртқы экономикалық ынтымақтастық және басқа елдердің көмегі бүгінде ел экономикасын жаңғыртудың аса маңызды факторлары болып отыр. Қазақстан мұны да ескеру керек және саяси мәселелерге қарамастан, экономикалық жолдарды, салаларды дамытуға құлшына кірісу керек. Яғни Ауғанстан аймақтық және халықаралық сауда-экономикалық қатынастарға қосыла алады және өз тауарлары мен қызметтерін де экспорттай алады. 

Осыны ескере отырсақ, Қазақстан Ауғанстанның кейінге қалдырылған мүмкіндіктерімен жасырын перспективаларын қайта ашудың жаңа фазасын бастады. Мұны біз Астанада өткен бизнес форумның аясында да анық аңғардық. Көп тәуекелдерге қарамастан байланысты нығайтуға көшкеніміз пайдасы одан да көп болады деген сөз. 

Оған қоса біз Ауғанстанның Орталық Азияның ажырамас бөлігі ретінде даму перспективаларын түсінуіміз керек. Егер бұл процеске Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан сияқты тарихи көршілері қатыспаса, Ауғанстанның бейбіт және ұзақмерзімді дамуына ешқандай мүмкіндік болмайды. Сондықтан жоғарыда айтылған мәселелерді ескере отырып, біздің кәсіпкерлер қауіпке қатысты тәуекелдер болғанымен де, бұл бағыттағы қарым-қатынасты дамытудан еш сескенбей, керісінше, дамуына үлес қосу керек.

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы