Біздің боксшылар екінші раундтан кейін шаршап қалып жатыр - министр

15 Қараша 2023, 16:15
614
Бөлісу:
Біздің боксшылар екінші раундтан кейін шаршап қалып жатыр - министр
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Қытайда өткен Азия ойындарының қорытындысы бойынша федерациялардың есебін тыңдауды жалғастырып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл жолы еліміздегі ең танымал спорт түрлері саналатын бокс пен дзюдо федерациясының өкілдері есеп берді. Жиында олар спортшылардың Ханчжоудағы өнері туралы айтып, төмен нәтиже көрсетуінің себептерін баяндады. Ермек Маржықпаев қазақстандық боксшылардың физикалық және функционалды дайындығында кем тұстар көп екенін, әйелдер боксында резервтің жоқтығын атап өтті.

Бәріміз Карина Ибрагимованың (57 кг) финалдағы, Асланбек Шымбергеновтің (71 кг) жартылай финалдық жекпе-жегінде болған жағдай туралы жақсы білеміз. Алайда, бұл команданың жалпы көрсеткен нәтижесіне себеп болмауға тиіс. Біздің боксшылар екінші раундтан кейін шаршап қалып жатыр. Федерацияның ұсынысымен спортшылардың физикалық дайындығын жақсарту мақсатында шетелдік кеңесші шақырылғанымен, нәтиже көңілдегідей болмай шықты. Әйелдер боксында резерв жоқ, бір спортшы барлық турнирге қатысып шығады, - деді туризм және спорт министрі.

Сонымен қатар Ермек Маржықпаев дзюдо федерациясының есебін тыңдап, Азия ойындарында жақын көршілерімізден медаль саны бойынша да, жеке белдесулер бойынша да қалып қойғанымызға тоқталды.

Бір ғана мысал, Қазақстан ерлер құрамасының балуандары Ханчжоу татамиінде Тәжікстан спортшыларымен үш рет кездесіп, өкінішке қарай, соның екеуінде қарсыластарына жол беріп қойды. Нәтижесінде Тәжікстан мен Қырғызстан – 1 алтыннан, Өзбекстан 3 алтын медаль жеңіп алды, - деді министр.

Оның айтуынша, кейінгі жылдары дзюдошылардың нәтижесі де, деңгейі де төмендеп барады.

Соңғы онжылдықта дзюдодан ұлттық құрама салыстырмалы түрде бір деңгейде өнер көрсетіп келді. Елдос Сметовтің жетістіктері федерацияны алға тартты. Бірақ қазір оның жасына сай күш-жігері аздап сарқыла бастағанда ұлттық құраманың шынайы деңгейі белгілі болды, - деді Ермек Маржықпаев.

Жиын соңында министр өткен жарыстардың нәтижелеріне терең талдау жүргізуді және спортшыларды алдағы Париж Олимпиадасына тыңғылықты дайындау үшін кешенді жоспар әзірлеуді тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы