Көптеген депутаттық сауалдарыма «үйреншікті сырғытпа» жауаптар алдым – Күрішбаев

1 Шілде 2021, 14:42
1850
Бөлісу:
Көптеген депутаттық сауалдарыма «үйреншікті сырғытпа» жауаптар алдым – Күрішбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенатқа келгеніме тура 10 ай болыпты. Депутат ретінде атқарылған жұмыстың қысқаша «background» есебін бергім келеді. Осы уақыт ішінде 119 заң жобасын қарауға қатыстым. Олардың мақсаты - қоғамды демократияландыру, жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейту, экономиканы дамыту, пандемия жағдайында халықты әлеуметтік қорғау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, экологияны қорғау деп жазды депутат Ақылбек Күрішбаев Facebook-тегі парақшасында.

Осы заңдардың көпшілігі Президенттің тапсырмасы бойынша және тікелей Парламент депутаттарының ұсынысымен (мәжлісмендер мен сенаторлардың бірлесуімен) әзірленгенін атап өткім келеді. Заңды қабылдау - бұл жауапты іс және мұнда қателесуге болмайды, себебі заң қабылдауда бір осалдық болса, соңы елдегі күрделі проблемаларға айналады. Сондықтан заң жобаларының «тазалығына» жауап беретін Сенатқа әр уақытта үлкен жауапкершілік жүктеледі, - деп жазды ол.

10 ай ішінде толықтырулар мен өзгерістер енгізілген 15 заң жобасы Сенаттан Мәжіліске қайта қарауға жіберілді. 

Олардың екеуін нақтылауға тікелей өзім бастамашы болдым. Мен еліміздің ірі қалаларында су қорғау белдеулерінің көлемін қысқартуға қарсы болдым, өйткені бұл елдің су ресурстарын сақтауда елеулі мәселелерге әкеп соқтырар еді. Сондай-ақ, қоғамда алаңдаушылық тудырған орман өсіру үшін шетелдіктерге жер учаскелерін 25 жылға жалға беру туралы Жер заңнамасының нормаларына қарсы пікір білдірдім.

Әрине, Мәжіліс қабылдаған және Үкіметпен келісілген заң жобасына қарсы шығу оңай емес. Егер өз ұсынысыңның себеп-салдарын дәлелдей алмасаң, «ақ қарға» атанатының белгілі ғой. Бұл үшін, әрине, соқырға таяқ ұстатқандай нақты дәлелдер қажет, - деді Күрішбаев.

Депутаттардың келесі маңызды миссиясы - атқарушы билік жұмысының тиімділігін бақылау. 

Парламенттің бірнеше отырысы аясында Премьер-министрге және оның орынбасарларына, есеп комитетінің төрағасына 7 депутаттық сауал жолдап, онда билік тарапынан шешілмей отырған ауыл тұрғындарының жеке малдарын жайылымдармен қамтамасыз ету бойынша, азық-түлік бағаларын тұрақтандыру бойынша Мемлекеттік органдардың жұмысындағы кемшіліктер мен сыбайлас жемқорлық әрекеттері туралы, АӨК-ні статистикалық есептілікке тіркеу туралы, жоғары оқу орындарын басқаруды демократияландыру қажеттігі жөнінде, ветеринариядағы дағдарыс, аграрлық ғылымды қаржыландырудағы іркілістер, шетелдік тұқымдарды субсидиялауға мемлекеттік қаражаттың тиімсіз жұмсалуына қатысты сұрақтарды көтердім, - деді ол.

Күрішбаевтың сөзінше, ол аталған бұл хаттарды жазбаша жолдап қана қоймай, Премьер-министрдің, Премьер-министр орынбасарының, Білім және ғылым, Ауыл шаруашылығы министрлерінің жеке қабылдауында болып, «тет-а-тет» форматта оларға өз ұсыныстарының мәнін түсіндіріп берген.

Сонымен қатар депутат Сенат отырыстарында, Парламенттік тыңдауларда ЕАЭО, инфляция, азық-түлік қауіпсіздігі, су ресурстарын басқару, экологияны қорғау, ғылымды дамыту және т.б. мәселелер туралы 11 рет өз ұстанымдарымды алға тартып, сөз сөйлеген.

Көтерілген мәселелерге назар аударту үшін, басты газеттерде 12 мақала жариялап, экономика, білім беру, аграрлық ғылым, жер және су ресурстары мен мемлекеттік басқару жүйесінің проблемалары бойынша телеарналарға 21 рет сұхбат бердім (бұлар веб-сайттарда, әлеуметтік желілерде жарияланған көптеген материалдарымды есептемегенде). Осы мүмкіндікті пайдаланып, журналистерге қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтқым келеді, - деп жазды ол.

Енді осы жұмыстардың нәтижесі туралы айтсақ. 

Өкінішке орай, менің көптеген ұсыныстарым «қағаз күйінде» қалды, көптеген депутаттық сауалдарыма «үйреншікті сырғытпа» жауаптар алдым. Мен түсінемін, әрине, бюджетте проблемалар көп, уақытты қажет ететін шешімдер де бар. Бірақ, тіпті, депутаттар ұсынған заңға тәуелді актілерге (министрдің бұйрығына) өзгерістер енгізу бірнеше ай бойы қажет етіледі екен... Дамыған елдерде Парламент депутаттарының ұсынысына осындай селқос көзқарасты көру екіталай шығар, - деді Ақылбек Күрішбаев.

Сондай-ақ ол ​Президент бастамашылық еткен заңдармен жұмыс жасай отырып, ол Мемлекет басшысының халықаралық тәжірибесі мол көшбасшы ретінде мемлекетімізді заңнамалық негізде дамытудың жаңа моделін қалыптастыруға бағыттап келе жатқанын, қоғамды демократияландыруға, экономиканы дамыту бойынша жаңаша басымдықтарды көргенін атап өтті. 

Енді осы стратегияны жүзеге асыру маңызды. «Заң әлсіз болса да, жақсы шенеуніктермен елді басқаруға болады, ал шенеуніктер әлсіз болса, ең жақсы заңдар да көмектеспейді» дегендей, бізге қазір жұмысты сапалы, жақсы орындаушылар жетіспейді. Ал мұндай басқару жүйесін қалыптастыру үшін, ықпалды Парламент пен есеп беретін Үкіметтің  болуы өте маңызды, - деп сөзін түйді депутат.


Өзгелердің жаңалығы