Біз үшін көпбалалы әскери қызметшілердің орны бөлек – Хансейітов

11 Сәуір 2022, 10:21
2900
Бөлісу:
Біз үшін көпбалалы әскери қызметшілердің орны бөлек – Хансейітов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Отбасы тірегі Батырғали Мелдебеков Шымкент қаласындағы 6698 әскери бөлімінде қызмет етеді. Ұлттық ұланға 2008 жылы келген ол материалдық-техникалық қамтамасыз ету ротасының инженерлік күзет құралдарының бөлініс бастығы. Жан-жары Жадырамен 2005 жылы танысқан. Бүгінде олар 7 ұл, 2 қызды өсіріп-тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы. Қара шаңырақта ата-анасымен бірге тұрады. Бұл туралы ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі хабарлады. 

Батырғали Ержанұлы 1981 жылдың 5 тамызында Түркістан облысы Леңгір қаласында дүниеге келген. Жанұядағы төрт ұлдың екіншісі. 

Жұбайы Жадыра Утебаева 1987 жылы дүниеге келген, «Күміс алқа» және «Алтын алқа» иегері. Халықтар Достастығы институтында биология мамандығы бойынша жоғары білім алған. Балабақшада жұмыс жасаған көпбалалы ана қазір үй шаруасымен, бала тәрбиесімен айналысып отыр. 

Тұңғыштары Дәурен 2006 жылы дүниеге келген, мінезі ашық-жарқын, болашақта кәсіппен айналысқысы келеді. 2007 жылы туған Әлиханның мінезі тұйықтау, болашақта Ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет етуді қалайды. Ал Артур (2009 ж.т.) әке жолын қуып, Отан қорғаймын деп отыр. Үш ұлдан соң (2010 жылы) Керемет есімді қыздары өмірге келген. Ол өнерге жақын, вокалға қатысып, болашақта әлемге танылған әнші болғысы келеді екен. 2016 және 2017 жылы туған Нұрислам мен Нұрбақыт бүгінде біршама есейіп, соңдарынан ерген бауырларына қамқор болып жүр. 2019 жылы көпбалалы отбасы қатарын екінші қыз бала толықтырған. Ханшайым атына заты сай ерке әрі паң. Батырғали мен Жадыраның отбасына 2020 жылы Жансұлтанбек, ал осы жылдың басында Айсұлтан есімді тәтті бөбек қосылды. Үлкен отбасы мемлекет тарапынан көпбалалы ана ретінде және «Күміс», «Алтын» алқа иегері ретінде қосымша жәрдемақы алады. 

Биыл Батырғали Ержанұлының тоғызыншы перзенті өмірге келгенде, ұжыммен барып құттықтаған болатынбыз. Қазақстан демографиясына елеулі үлес қосқан отбасыға, батыр анаға сый-құрмет көрсеттік. Біз үшін көпбалалы әскери қызметшілердің орны бөлек. Аға сержант Батырғали Мелдебеков ұжымда сыйлы, міндетіне тиянақты, ұқыпты, жауапты маман. Қызметінде сенімді дос болса, үйінде қамқор әке, адал жар. Әскери қызметшінің балалары да болашақта Отан қорғау мамандығын таңдайды деген сеніміміз бар, – дейді 6698 әскери бөлімі командирінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары подполковник Бауыржан Хансейітов.

 

Өзгелердің жаңалығы