Біз үшін адамның өмірі басты назарда – полиция инспекторы

7 Мамыр 2020, 15:48
1745
Бөлісу:
Біз үшін адамның өмірі басты назарда – полиция инспекторы
Фото: ашық дереккөз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Атырау қаласы ІІБ № 2 қалалық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары Қуандық Сүйіндіков пен Тимур Балмағанбетов "Ерлігі үшін" мемлекеттік наградасына ие болды.

"Аға, мына жер сынып кетуі мүмкін. Бізді құтқармай-ақ қойыңыз. Анашым, сізді жақсы көремін", деген оқушының жан дауысы жазылған видео әркімнің есінде болар. Бұл – биыл қаңтар айында Атырау облысы, Томарлы ауылы маңындағы Жайық өзені бойында ойнап жүріп, жұқа мұздың астына түсіп кеткен төрт жасөспірімнің оқиғасы. Төрт баланың бірі өз бетімен жағаға шыққан соң, құтқарушыларға хабар берген. 

Хабарлама түскен бетте оқиға орнына Атырау қаласы ІІБ № 2 қалалық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары Қуандық Сүйіндіков пен Тимур Балмағанбетов жедел жетеді. Алайда, оқиға кешқұрым уақытта болғандықтан қараңғы түсіп үлгерген еді. Оның үстіне қалың тұман да инспекторларға айналаны болжауға мүмкіндік бермейді. Полицейлер қалта телефондарының жарығын түсіре жүріп,  2004 және 2005 жылғы балаларды құтқарып қалады. 

Мұздай суда ұзақ уақыт қалып қойған балалардың аяқ-қолы құрысып қалған. Құтқару шарасы барысында мұздың сынып кету қаупін түсінген жеткіншектің бірі полицейлерге өздерін тастап кете беруін сұрайды. Алайда, құтқарушылар балалардың екеуін де жағаға аман шығарып, дәрігерлерге тапсырады. Өкінішке қарай, тағы бір баланы құтқарып үлгермейді. Балаларды құтқару операциясы полицейлердің бірінің киіміндегі камераға (бейнежетон) жазылып қалған. 

Өз өмірлерін қатерге тіге көмекке ұмтылған полицейлердің бірі Тимур Балмағанбетов оқиға кезінде өздерін ойламағанын айтады.
Біздің ол уақытта өз өмірімізді ойлауға мұршамыз болмады. Бар ойымыз балаларды құтқаруда еді, - дейді ол.
тимур.jpeg


Полиция аға лейтенанты Тимур Балмағанбетов 1989 жылы 31 наурызда Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Жасқайрат ауылында дүниеге келген. Ішкі істер органдарында 2018 жылдан бері қызмет етіп келеді. Бүгінде ол үш қыз тәрбиелеп отыр.

Ал, полиция капитаны Қуандық Сүйіндіков бұл оқиғадан бұрын тағы бір жанның өмірін сақтап қалуға атсалысқан. 2015 жылы желтоқсан айында Атырау қаласындағы Төлесін Әлиев және Құрманғазы көшелері қиылысындағы көпірден секіріп, өз-өзіне қол жұмсамақ болған 1993 жылғы азаматшаны құтқарған. 

Ол адамның өмірі мен бостандығын сақтау құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ғана емес, әрбір адамның міндеті, деп санайды.
Халыққа қызмет ету, олардың құқықтары мен бостандықтарын, өмірін сақтау еліміздің әрбір азаматының міндеті. Полиция  қызметі қауіпті әрі асқан жауапкершілікті қажет етеді. Қауіпті жағдай туындағанда аса қорғану шараларын мұқият сақтаймыз. Жасаған әрекетімді ерлік деп ойламаймын. Себебі, біз үшін адамның өмірі басты назарда, - дейді ол.

Отан қорғаушылар күні қарсаңында 6 мамыр күні бейбіт күннің батырлары "Ерлігі үшін" мемлекеттік наградасына ие болды. Мемлекет басшысының атынан наградаларды Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев табыс етті.



Өзгелердің жаңалығы