Біз дүйім оқырманның қажетті ақпарат алуына үлес қосамыз – кітапханашы Арайлым

24 Қазан 2024, 13:02
1369
Бөлісу:
Біз дүйім оқырманның қажетті ақпарат алуына үлес қосамыз – кітапханашы Арайлым
PHOTO
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің әдіскері Арайлым Нұрмаханова – мәдениет саласының дамуына өлшеусіз үлес қосып, ауыл жастарының кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруда қажырлы еңбек етіп жүрген кітапханашылардың бірі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Арайлым Амангелдіқызы Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында дүниеге келген. 2008 жылы №1 қазақ орта мектебін бітірген. Орта білім алған соң 2008 жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне оқуға түседі. Білім ордасын 2012 жылы «кітапханашы және библиограф» мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазір ол Ырғыз аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінде әдіскер болып жұмыс істейді.

Біз дүйім оқырманның қажетті ақпарат алуына үлес қосамыз – кітапханашы Арайлым

Қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығын таңдаған Арайлым бұл салаға төселгенін, ауылда кітапхана – мәдениеттің ордасы екенін, мұнда келушілер саны жыл артып көбейіп келе жатқанын айтады.

– Бүгінгі ғаламтордың қарыштап дамыған уақытында кітап оқитындардың саны азайғаны шындық. Осыдан 10-15 жыл бұрын көпшілік кітап оқуға құштар еді. Дегенмен ауданымызда қазір де кітапханаға келіп, кітап сұрайтын, оқу залында тапжылмай отырып көркем әдебиет, түрлі мотивациялық, психологиялық еңбектерді оқитын жастарымыз жетерлік. Қазір жастардың дені өзін-өзі тануға арналған, бизнеске бағыттайтын, сондай-ақ мотивациялық, психологиялық кітаптарды көп оқиды. Бүгінде біздің ауданымызда осындай еңбектер оқырмандардың зор сұранысына ие. Жалпы, аудандық кітапханада 127 мыңнан астам кітап қоры бар.

Ырғыз аудандық кітапханасы облыс бойынша кітап қорына бай кітапханалардың қатарына жатады. Екінші жағынан, бұл мекеме – тарихы жағынан облыста алғаш ашылған кітапхана. Ырғыз ауданында кітапхана ашу ісін қолға алған халқымыздың біртуар перзенті, қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсарин болатын, - дейді кейіпкеріміз.

Тарихқа көз жүгіртсек, Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық жұмысы, оның ішінде кітапхана ашу ісі осы Ырғыз жерімен байланысты. Себебі ұлы ағартушының ұсынысымен 1979 жылы қараша айында Ырғызда екі кластық орыс-қазақ мектебі ашылған. Кейін Ыбырай Алтынсарин қазақ даласында кітапхана ұйымдастыруды қолға алған. Ол 1881 жылы Н.И. Ильминскийге жазған хатында: «Қазір оқушылар мен мұғалімдер кітапханаларын жасау ниетіндеміз. Міне, мен дала кезіп, қоғамнан басқа да уездік өкіметтен ақша сұрап жүрмін», - деп жазған екен.

– Ыбырай Алтынсарин кітапхана ашу үшін патша шенеуніктерінен қаржы ала алмаған соң, қарапайым қазақтардан көмек сұраған. Сөйтіп ол Ақтөбе уезінен – 109, Ырғыз уезінен 100 сом жинап, 1883 жылдың күзінде қиыншылықтарға қарамастан Ырғыз бекінісінде кітапхана ашқан. Бұл қазақ даласындағы алғашқы халықтық кітапхана болды.

Мұрағаттарды ақтарсақ, ақын Серікбай Оспанұлының «Алтынсарин әлемі» атты кітабында жазған мына дерегін көруге болады. Онда: «Ақтөбе облысы бойынша ең алғашқы кітапхана 1883 жылы күзде Ыбырай Алтынсариннің ұсынысымен Ырғыз қаласындағы училище жанынан ашылды. Мұнда 300-400-дей кітап қоры болған» деп жазылған. Міне, біздің аудандық кітапхананың тарихы сонау Ыбырай Алтынсарин заманынан басталады. Біз үшін бұл – үлкен жетістік. Сондықтан осындай киелі өлкеде тұрып, ұлы ағартушы бастап берген игілікті істі жалғастыру – біздің зор парызымыз, - дейді ол.

Біз дүйім оқырманның қажетті ақпарат алуына үлес қосамыз – кітапханашы Арайлым

Арайлым Амангелдіқызы еңбек жолын осы кітапханадан бастапты. Ол 2012 жылы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы туған жеріне келіп, аудандық орталық кітапханаға жұмысқа орналасқан. Бүгінге дейін кітапханашы, оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2019 жылдан бері кітапхана жүйесінің әдіскері болып жұмыс жасап келеді. Ол кітапханаға жұмысқа орналасқан бойда ауданда «Жанартау» қызығушылар клубын ашып, поэзияға жақын жасөспірімдерді өлең жазуға баулып, облыстық, республикалық байқауларға қатыстырған. 2018 жылы республикалық «Zhas Project» жобасына қатысып, 1 миллион теңгенің грантын және стипендия ұтып алған. Оның осы күнге дейін жеткен жетістігі көп. Мәселен, Арайлым облыс әкімінің арнайы Алғыс хатымен, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының Алғыс хатымен марапатталып, «Парасатты кітапханашы» номинациясын жеңіп алған. Поэзияға жаны құмар Арайлым бірнеше рет облыс, аудан деңгейінде өткен жыр мүшәйраларында жүлдеге де ие болыпты. Оның жазған мақалалары республикалық «Кітап және кітапхана» журналында жарияланған.

– Бұл жетістіктерімнің барлығы өз мамандығымды жақсы көргенімнен деп ойлаймын. Осындай мәртебелі мамандық иесі болуыма отбасымдағы ата-анамның қосқан үлесі зор. Себебі мен кішкентай кезімнен кітап оқуға әуес болып өстім. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ, Сәбит Мұқановтың «Ботагөзін», Үмбетбай Уайдиннің «Өмірге құштарлығын», Өтебай Қанахиннің «Ата қонысы» мен «Құдыретін», Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» оқып, білімімді тереңдеттім. Жалпы, мен өз жұмысымды мәртебе тұтамын. Кітапханашылық қызметті бір-екі ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес. Себебі бұл – жұрт көп біле де, елей де бермейтін, бірақ дүйім оқырманның терең білім мен қажетті ақпарат алуына үлес қосатын мамандық. Меніңше, кітапханашылардың ой-өрісі кең, жан-жақты, білімді, парасатты болуы керек. Кез келген оқырманның іздеген кітабын тауып беріп, олардың тың деректермен танысуына көмектесуі қажет. Қазір мені қуантатыны, аудандық кітапханамызға соңғы үлгідегі, оқырмандардың сұранысына ие кітаптар көптеп келіп жатыр. Сондай-ақ мұнда аудиокітаптар да бар. Соңғы жылдары кітапханамыздағы еңбектер сандық жүйеге көшірілуде. Олардың арасында өлкетану әдебиеттері, осы өлкеден шыққан ақын-жазушылардың шығармалары да бар, - дейді Арайлым.

Біз дүйім оқырманның қажетті ақпарат алуына үлес қосамыз – кітапханашы Арайлым

Оның айтуынша, биыл Ырғыз ауылында жаңа кітапхана салынып жатыр. Жаңа нысан жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі. Ал аталған орталық кітапханада бүгінде 12 адам жұмыс істейді.

Айта кету керек, Арайлым Нұрмаханова – өз саласының маманы ғана емес, отбасында асыл жар, аяулы ана. Ол жолдасы Қайыржан екеуі бүгінде отбасында екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.

Өзгелердің жаңалығы