Биылғы жыл Президент Іс басқармасы үшін іргелі бастамаларға толы болды - Айбек Дәдебаев

29 Желтоқсан 2023, 21:29
580
Бөлісу:
Биылғы жыл Президент Іс басқармасы үшін іргелі бастамаларға толы болды - Айбек Дәдебаев
Фото: Президент Іс басқармасы

Биылғы жыл Президент Іс басқармасы үшін іргелі бастамаларға, ауқымды жобаларға толы болды. Мемлекет басшысының өңірлер мен шетелдерге сапары, мәртебелі меймандарды күтіп алу сынды 250-ден астам маңызды іс-шараны ұйымдастыруға атсалысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ҚР Президентінің Іс басқарушысы Айбек Дәдебаевтың айтуынша, ішкі бизнес-процестер трансформациясы жалғасын тапты. Әлеуметтік қолдауға, қызметкерлердің алаңсыз еңбек етуіне барынша қолайлы жағдай жасауға, корпоративтік мәдениетті дамытуға баса көңіл бөлінді.  

2023 жылы цифрландырудың арқасында жұмыс оңтайланып, тұтас құрылымдағы процестер ортақ арнаға түсіп, ашықтық артты.  «Қызметкердің цифрлы профилі» жобасы қолға алынды, ахуалды сараптау кешені айтарлықтай жетілдірілді. Сонымен қатар «Smart Burabay» жүйесінің үшінші кезеңі аяқталды. Оның аясында курорт аймағында қосымша 3 бақылау камерасы қойылды, қоршаған ортаға мониторинг жасайтын құрылғылар орнатылды. Ерекше қорғалатын табиғи аумақты пайдаланғаны үшін төлем жасаудың ашықтығын қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлық қаупін азайту үшін 5 бақылау-өткізу бекеті автоматтандырылды.  Парламентаризм институты Мәжіліспен және Сенатпен бірлесіп, еліміздің заң шығару жүйесін дамыту жолында жемісті жұмыс атқарды. 34 заң жобасының әзірленуі, 68 заң жобасына сараптама жасалуы – осының айқын көрінісі, - дейді ол.

Оның айтуынша, «Бүркіт» авиакомпаниясының қызметкерлері Түркия, Ауғанстан және Палестинадағы гуманитарлық миссияларға белсене атсалысты.  

Жыл бойы Медорталыққа қарасты мекемелер «Өңірдегі» күндер» аясында жер-жердегі халыққа практикалық және консультациялық көмек беріп күрделі операциялар жасады. Облыстардағы әріптестеріне шеберлік сабақтарын өткізді, жаңа технологиялар трансфертімен айналысты. Ядролық медицина орталығы онкологиялық дертті ерте әрі дәл диагностикалауға қолданылатын 4 радиофармпрепарат шығара бастады. Шипажайларға келген адам саны 30 мыңға жуықтап, кейінгі 10 жылдағы ең жоғары көрсеткіш тіркелді.  Бүгін ғана Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығының жаңа ғимараты ашылғанын, оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы барғанын атап өткен жөн. Бұл орталықтың 8 зертханасында жүргізілетін зерттеулердің ауқымы анағұрлым кеңейеді, жылдам әрі дәл сараптама жасауға қол жеткізіледі.  Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша қазақы ит тұқымдары – тазы мен төбетті сақтау және көбейту ісі жолға қойылып, Қазақстан кинологтары одағы FCI-дың толыққанды мүшелігіне қабылдануын да табысты жобалардың бірі деп санаймын, - деп қорытындылады Айбек Дәдебаев.

Өзгелердің жаңалығы