Биылғы тасқыннан кейін Ақтөбе облысында бөгеттер салына ма?

1 Қазан 2024, 16:33
317
Бөлісу:
Биылғы тасқыннан кейін Ақтөбе облысында бөгеттер салына ма?
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Ақтөбе облысында жаңадан төрт бөгет салынатын болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Жомарт Бақыткелдінің айтуынша, биылғы тасқыннан кейін өңірде бірнеше бөгетке күрделі жөндеу жүргізілген. Олар: Алға ауданындағы Шолақ, Мәртөк ауданындағы Мәртөк бөгеті.

Биылдан бастап облыста 4 су қоймасы салынбақ. Бұл жобалар «2024-2028 жылдарға арналған су саласын дамытудың кешенді жоспары» аясында жүзеге асырылады. Атап айтсақ, жаңа су қоймалары Жаман-Қарғалы өзені арнасында, Мұғалжар ауданындағы Елек өзені бассейнінде, Хромтау ауданындағы Ор өзені бассейнінде және Қобда ауданындағы Қобда өзені бассейнінде салынады.

Биыл осы аудандарда су тасқыны болып, тұрғындар шардап шекті. Осыны ескеріп отырып, алдағы 4 жылда үш ауданда және Ақтөбе қаласында Жарық, Жамбыл, Әлия және Өлке су қоймалары салынады. Қазір бұл жобалардың техникалық-экономикалық негіздемелерін әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде, — деді Ж.Бақыткелді.

Оның айтуынша, Ақтөбе облысында жалпы саны 206 гидротехникалық құрылыс бар. Оның 174-і коммуналдық болса, қалғаны — жеке меншікте. Келер жылы осы нысандарға зерттеу жұмыстары жүргізілмек. Биыл бұл мақсатқа қаржы қарастырылуда.

Бұдан бөлек, облыста биыл тасқын кезінде бұзылған бөгеттер қалпына келтірілуде. Олардың қатарында Әйтеке би ауданындағы Тереңсай, Щербаков, Алға ауданындағы Көсем, Қобда ауданындағы Орал-Ойыл, Батыс, Сауқайың, Ойыл ауданындағы Қаратал, Ақкемер, Темір ауданындағы Қара, Қопа, Құмсай бөгеттері бар. Сондай-ақ Темір және Ырғыз ауданында келер жылы 12 бөгетті қалпына келтіру үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.

Өзгелердің жаңалығы