Жетісу облысында мал ұрлығының алдын алу және оның жолын кесу бағытындағы жұмыстар күшейтілді. Жыл басынан бері полиция қызметкерлері жүргізген кешенді жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде мал ұрлығымен айналысқан 9 қылмыстық топтың қызметі әшкереленді, 29 күдікті ұсталды.
Осы жылдың 8 айында облыс аумағында 62 мал ұрлығы фактісі тіркелді. Қылмыстардың ашылу деңгейі 84,5 пайызды құрады. Тіркелген фактілер бойынша барлығы 584 бас мал ұрланған. Оның ішінде 173 бас ірі қара, 299 бас ұсақ мал және 112 бас жылқы бар.
Қабылданған жедел шаралардың нәтижесінде 352 бас мал иелеріне қайтарылды. Талдау көрсеткендей, мал ұрлығының негізгі себептерінің бірі – төрт түліктің жайылымда қараусыз қалуы. Атап айтқанда, тіркелген 62 фактінің 46-сы малдың жайылымнан жоғалуына байланысты болған. Осыған байланысты полиция мал иелерімен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, малдың еркін жайылатын аумақтарын, тасымалдау бағыттарын, мал қабылдау пункттері мен ет өнімдерін өткізетін нысандарды бақылауды жалғастыруда.
Полиция азаматтарға мал ұрлығының алдын алуда сақтық шараларына ерекше мән беруге шақырады. Малды жайылымға жіберген кезде оның қай жерде жүргенін бақылау, малды таңбалау және есепке қою, қора-жайларды жарықтандыру және мүмкіндік болса бейнебақылау орнату маңызды. Мал жоғалған жағдайда бірнеше күн күтпей, бірден полицияға хабарлау қажет. Уақытылы түскен ақпарат жедел-іздестіру шараларын тез бастауға және малдың ізін суытпай табуға мүмкіндік береді.