- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Зейнетақыдан жәрдемақыға дейін: Қазақстанда әлеуметтік төлемдер кімдерге беріледі?
Зейнетақыдан жәрдемақыға дейін: Қазақстанда әлеуметтік төлемдер кімдерге беріледі?
-
Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
Гүлжан Раманқұлова - BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға тілшісі.
11 Қыркүйек 2026, 09:51
Қазақстанда әлеуметтік төлемдерге жұмсалатын қаражат көлемі жыл сайын қомақты. 2026 жылы республикалық бюджеттен бұл мақсатқа 6 трлн 782,9 млрд теңге қарастырылған. Ал 1 қыркүйектегі жағдай бойынша әлеуметтік төлемдерге 4 трлн 407,6 млрд теңге бағытталды.
Бұл қаржы кімдерге төленіп жатыр? Зейнетақыға қанша қаражат жұмсалды, балалы және көпбалалы отбасыларға қандай көлемде төлем берілді? BAQ.KZ тілшісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми жауабына сүйене отырып, әлеуметтік төлемдерге шолу жасады.
Қазақстанда 41 түрлі әлеуметтік төлем бар
Қазақстанда азаматтарды әлеуметтік қолдаудың түрлі тетігі қарастырылған. Бүгінде елде 41 түрлі әлеуметтік төлем бар.
Олардың қатарында зейнетақы, мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар, бала тууына және оның күтіміне байланысты төлемдер, көпбалалы отбасылар мен марапатталған аналарға берілетін жәрдемақылар және басқа да әлеуметтік төлемдер бар.
2026 жылы осы бағыттарға республикалық бюджеттен 6 трлн 782,9 млрд теңге қарастырылды.
Әлеуметтік төлемдердің басым бөлігі зейнетақыға жұмсалды
Әлеуметтік төлемдерге бағытталған қаражаттың ең үлкен бөлігі зейнетақы төлеуге жұмсалып отыр.
2026 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 2,6 млн зейнеткерге 3 трлн 210,2 млрд теңге зейнетақы төленді.
Сегіз айдың қорытындысы бойынша бір адамға шаққандағы зейнетақы төлемінің орташа мөлшері 157 770 теңгені құрады.
335 мыңға жуық отбасы бала тууына және күтіміне байланысты төлем алды
Мемлекет балалы отбасыларды қолдау үшін де әлеуметтік төлемдер жүргізіп жатыр.
2026 жылдың сегіз айында 335 мыңға жуық отбасы бала тууына және бала күтіміне байланысты жәрдемақы алды. Бұл мақсатқа жалпы 74,2 млрд теңге бағытталған.
Ал бала тууына байланысты мемлекеттік жәрдемақының бір адамға шаққандағы орташа мөлшері 197 682 теңгені құрады.
Көпбалалы отбасылар мен марапатталған аналарға 459 млрд теңгеден астам төленді
Көпбалалы отбасылар мен марапатталған аналарды қолдауға да қомақты қаржы бағытталған.
Министрліктің мәліметінше, 630 мыңнан астам көпбалалы отбасы мен 249 мың марапатталған анаға жалпы 459,4 млрд теңге төленді.
Бұл төлемдер республикалық бюджет есебінен жүргізілді.
Мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алушыларға 482,7 млрд теңге төленді
2026 жылдың сегіз айында 191 мыңнан астам адам асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алды.
Сонымен қатар 545 мың адамға мүгедектігі бойынша жәрдемақы төленді.
Осы екі бағытқа жалпы 482,7 млрд теңге жұмсалған.
Ал мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының бір адамға шаққандағы орташа мөлшері 86 422 теңгені құрады.
Мүгедектігі бар адамдар мен жекелеген санаттағы азаматтарға 181,1 млрд теңге бағытталды
Мүгедектігі бар адамдар мен жекелеген санаттағы азаматтарға берілетін өзге де төлемдерге 181,1 млрд теңге бағытталған.
Сонымен қатар әлеуметтік төлемдердің бірқатар түрі бойынша орташа мөлшер де белгілі болды.
Мәселен, 2026 жылдың сегіз айында:
* жерлеуге берілетін мемлекеттік жәрдемақының орташа мөлшері – 167 450 теңге;
* арнайы кәсіптік мемлекеттік төлемнің орташа мөлшері – 100 911 теңге;
* бала тууына байланысты мемлекеттік жәрдемақының орташа мөлшері – 197 682 теңге болды.
Әлеуметтік төлемдерге бөлінетін қаржы неге байланысты есептеледі?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылға арналған әлеуметтік төлемдерге жұмсалатын шығыстар бірнеше фактор ескеріле отырып жоспарланған.
Олардың қатарында демографиялық жағдай, зейнетақы мен жәрдемақы алушылар санының табиғи өзгеруі, сондай-ақ төлемдер мөлшерінің жыл сайынғы индексациясы бар.
Яғни, әлеуметтік төлемдерге қажетті қаржы көлемін есептеу кезінде халық саны мен әлеуметтік төлем алушылар санының өзгеруі де назарға алынады.
Әлеуметтік міндеттемелер толық көлемде орындалып жатыр
2026 жылы әлеуметтік төлемдерге республикалық бюджеттен 6 трлн 782,9 млрд теңге қарастырылса, 1 қыркүйектегі жағдай бойынша оның 4 трлн 407,6 млрд теңгесі бағытталған.
Бұл қаржы миллиондаған зейнеткерге, балалы және көпбалалы отбасыларға, мүгедектігі бар адамдарға, асыраушысынан айырылған азаматтарға және басқа да санаттағы азаматтарға төленіп жатыр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, барлық қарастырылған әлеуметтік міндеттемелер уақтылы және толық көлемде орындалуда.
Осылайша, әлеуметтік төлемдерге бөлінген қаржының негізгі бөлігі зейнетақыға бағытталғанымен, миллиардтаған теңге балалы отбасыларды, көпбалалы аналарды, мүгедектігі бар азаматтарды және әлеуметтік қолдауға мұқтаж басқа да азаматтарды қолдауға жұмсалып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік төлемді заңсыз алған 4 мыңнан астам қазақстандық анықталды.
Тағы оқи отырыңыз:
Жұмыссыз қалсаңыз, қанша ақша аласыз: Әлеуметтік төлем қалай есептеледі?
2026 жылы қандай әлеуметтік төлемдер қысқартылмайды? – министрлік жауабы
Зиянды жұмыста істегендерге ақша төленеді: 21 мыңнан астам адамға әлеуметтік төлем берілді
Ең оқылған:
- Алаяқтар несиелерге қатысты жаңа схема ойлап тапты
- Атырауда екі жасөспірім мопедпен полициядан қашып, қуғынды видеоға түсірген
- eGov «қызметкері» Тараз тұрғынының атына 7 несие рәсімделгенін айтып, 2 млн теңгесінен айырды
- Бұрынғы шенеуніктер қаруынан айырыла ма? Арменияда күтпеген шешім қабылданды
- «Роллтон» мен «Доширак» кеспесінен қауіпті пестицидтер табылды