Биыл жазда Семейде алғаш рет 40 мыңнан астам тұрғынға ыстық су беріледі

Облыс әкімінің айтуынша, 12 жылу көзі жаңғыртылып, 13,6 шақырым тозған жылу желісі толық ауыстырылған.

 Абай облысы әкімдігі Бүгiн 2026, 08:32
Бүгiн 2026, 08:32
116
Фото: Абай облысы әкімдігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында Семей қаласының жылу инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Абай облысы әкімдігіне сілтеме жасап.

Облыс әкімдігі мен тиісті салалық басқармалардың мәліметінше, қалада жылу көздері мен жылу желілерін жаңарту арқылы жаз мезгілінде ыстық сумен қамтамасыз ету жүйесі алғаш рет іске қосылмақ.

Өткен жылы жылыту маусымына дайындық шеңберінде 12,6 млрд теңгеге 23 жылу орталығы мен 22 шақырым жылу желісі жөнделді. Сондай-ақ республикалық бюджет пен Үкімет резервінен бөлінген қаражат есебінен қосымша жөндеу және жаңғырту жұмыстары атқарылды.

Облыс әкімінің айтуынша, 12 жылу көзі жаңғыртылып, 13,6 шақырым тозған жылу желісі толық ауыстырылған. Осы жұмыстардың нәтижесінде жаз мезгілінде ыстық су беру мүмкіндігі пайда болып отыр.

Жоспарға сәйкес, жылыту маусымы аяқталғаннан кейін ыстық су бірнеше жылу көздері арқылы кезең-кезеңімен беріледі:

  • ЖЭО-1 арқылы – 252 үй
  • Ғаббасов қазандығы арқылы – 186 үй
  • «МЭН» қазандығы арқылы – 43 үй
  • РК-3 арқылы – 120 үй

Жалпы қалада 1588 көпқабатты тұрғын үй бар, оның 1317-сі орталық жылу жүйесіне қосылған. Қазіргі таңда 697 үйде ыстық су жүйесі жұмыс істейді.

Жазғы маусымда 600-ден астам көпқабатты тұрғын үй, яғни 40 мыңнан астам тұрғын ыстық сумен қамтамасыз етілмек. Сонымен қатар кейбір үйлерде жөндеу жұмыстарына байланысты уақытша үзілістер болуы мүмкін.

Наверх