Биыл Түркістан облысында 11 елді мекен ауыз сумен қамтылады

24 Қараша 2022, 09:37
1126
Бөлісу:
Биыл Түркістан облысында 11 елді мекен ауыз сумен қамтылады

Түркістан облысы әкімдігінде өңірді ауыз сумен қамту жұмыстары, осы саладағы өзекті түйткілдер талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

 Облыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісте осы сала бойынша әр аудан, қала әкімдіктеріндегі кемшіліктер айтылып, барлық жоба мен жоспар кеңінен талданды.

Біз үшін өңірді дамытудағы ең бірінші басымдық – елді сапалы ауыз сумен қамту. Таза ауыз су – ұлт денсаулығын сақтаудың кепілі. Сондықтан осы саладағы мәселелер терең талданып, тиісті ұсыныстар айтылсын. Мемлекет тарапынан қаржыландырылып жатқан әрбір жоба қатаң бақыланып, қадағалау жүргізілуі керек, – деді Дархан Сатыбалды.

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай аймақты ауыз сумен қамту бағытындағы жұмыстарды баяндады. Оның мәлімдеуінше, Түркістан облысында 2022 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша 831 елді мекеннің 712-сі (7 қала, 705 ауылдық елді мекен) немесе 85,7 % ауыз сумен қамтамасыз етілген. Облыс көлемінде ауыз су беру қызметімен айналысатын 32 кәсіпорын бар.

2022 жылы 55 нысанның құрылыс жұмыстарына бюджет есебінен 18,3 млрд. теңге бөлінді. Соның ішінде 13 нысанды биыл тапсырып, пайдалануға беру жоспарлануда. Қалған 42 нысанның құрылысы 2023 жылға өтпелі. Жыл қорытындысымен су құбыры мүлдем жоқ 11 елді мекен (Сарыағаш-3, Қазығұрт-2, Ордабасы-6) ауыз сумен қамтамасыз етіледі, 4 елді мекеннің (Жетісай-2, Ордабасы-1, Түлкібас-1) тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылады.

Биыл Жетісай, Сарыағаш, Мақтарал, Қазығұрт, Келес ауданындағы құрылысы жүргізіліп жатқан нысандардың барысына басқарма мамандарымен арнайы зерделеу жұмыстары жүргізілді. Анықталған кемшіліктер бақылауға алынған.

Аталған мәселені шешу мақсатында, «Түркістан облысы бойынша ауыз сумен қамтамасыз етудің 2022-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді. Жоспарда көрсетілген мерзімдерге сәйкес, тозығы жеткен су құбырлары кезең-кезеңімен қайта жаңартылады.

Жиынды түйіндеген облыс әкімі жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне ауыз су мәселесін назарда ұстау, ауыз судың жер асты қорларын барлау, жобалық-сметалық құжаттар мен су нысандарының құрылысын сапалы атқару жөнінде тапсырма берді.

Өзгелердің жаңалығы