Биыл тұрғын үй төлемдерін алатын әскерилерді қандай өзгерістер күтіп тұр?

31 Қаңтар 2024, 09:20
4100
Бөлісу:
Биыл тұрғын үй төлемдерін алатын әскерилерді қандай өзгерістер күтіп тұр?
Фото: pixabay.com

Соңғы бес жылда тұрғын үй төлемдерін алған 26 мыңнан астам әскери қызметкер үйлі болды.  Тұрғын үй төлемдері арқылы баспана алудың жолдары қандай? Биыл тұрғын үй төлемдеріне қатысты қандай өзгерістер енгізіледі? BAQ.KZ тілшісі осы және өзге де сауалдарға жауап іздеп көрді.

Тұрғын үй төлемдерін кімдер алуға құқылы?

"Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының заңына сәйкес тұрғын үй төлемдері дегеніміз – баспанаға мұқтаж бірқатар сала қызметкерлеріне бюджет қаражаты есебінен төленетін қаражат. Ол қызметкердің тұратын өңіріне, оның отбасы құрамы бойынша сараланады.

Сонымен мемлекеттен тұрғын үй төлемдерін 7 ведомствоның қызметкерлері алады. Атап айтқанда:

Мемлекет тарапынан берілетін тұрғын үй төлемдері баспана жалдауға жұмсалады. Төлемдер қызметкерлердің арнайы шоттарына түседі. Олардың көпшілігі Отбасы банкында ашылған.

Шот иесі төлемдерін өзі иеленеді:

  • болашақта кредит алу үшін Отбасы банкта депозитке ақша жинай алады;
  • жалдамалы тұрғын үй ақысын төлеу үшін барлық соманы немесе ішінара аудара алады;
  • төлемдерді ипотекалық кредитті жабуға қолдана алады.

Әскери баспана & Жаңа баспана

"Отбасы банк" тұрғын үй төлемдерін жалданған емес, өз тұрғын үйіне кредит төлеу үшін пайдалану мәселесін көтерді. Соның арқасында әскери қызметшілерді баспанамен қамтамасыз ету үшін 2018 жылы "Әскери баспана" ипотекалық тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды.

Былтыр "Әскери баспана" бағдарламасының шарттарына өзгерістер енгізілді. Енді оның мүшелері тек жаңа тұрғын үйді сатып ала алады. Бұл Қазақстандық тұрғын үй компаниясының кепілдігі бар пайдалануға берілген тұрғын үй немесе салынып жатқан тұрғын үй болуы мүмкін.

Қазір "Әскери баспана" бағдарламасының "Жаңа баспана" бағдарламасы деп аталып кетті. 5 жыл бойы іске асырып келе жатқан "Жаңа баспана" бағдарламасы - мемлекеттен тұрғын үй төлемдерін алатын азаматтарға арналған банктің жеке бағдарламасы. Бағдарламаға тұрғын үй төлемдерін алып тұратын, Отбасы банкінде арнайы шоты бар және бұған дейін тұрғын үй төлемдерін жылжымайтын мүлік сатып алу үшін пайдаланбаған кез келген азамат қатыса алады.

"Жаңа баспана" бағдарламасының шарттары қандай?

Бастапқы жарнаның мөлшеріне байланысты аталған бағдарлама бойынша екі түрлі жолмен баспана алуға болады: "Жаңа баспана 8/15" және "Жаңа баспана 6/50".

Біріншісі – "Жаңа баспана 8/15". Жинаққа:

  • үйдің 15 пайызын жинау керек;
  • қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі – 8 %;
  • Кредиттеу мерзімі – 25 жылға дейін;
  • несиенің ең жоғары сомасы 50 млн теңгеге дейін;
  • жаңадан салынған, үлестік қатысу шарты бар үйлерден ғана алуға болады.

Ал егер үйдің 50 пайызын депозитке жинайтындай мүмкіндік болса, "Жаңа баспана" бағыты бойынша:

  • несиені 8% емес, 6% рәсімдеуге мүмкіндік бар;
  • 100 млн теңгеге дейін несие беріледі;
  • кредиттеу мерзімі – 25 жылға дейін;
  • жаңадан салынған, үлестік қатысу шарты бойынша және қайталама нарықтағы үйден алуға болады.

Тұрғын үйді елдің кез келген қаласында сатып алуға болады.Заем сомасына жөндеу шығындарын қосуға болады. Тұрғын үйге төлемдерін тек бір рет тұрғын үй сатып алуға пайдалуға болатынын ескеру керек.

"Жаңа баспана 8/15" бағдарламасы бойынша барлығы 238,6 млрд теңге сомасына 12 003 заем берілсе, "Жаңа баспана 6/50" бағыты бойынша барлығы 108,3 млрд теңге сомасына 3 978 заем ресімделген.

Сондай-ақ тұрғын үй төлемдерін алушылар бастапқы жарнасы 10%-дан, ал сыйақы мөлшерлемесі 5%-дан басталатын Отбасы банкінің басқа да бағдарламаларына қатысу мүмкіндігі бар. Қазіргі уақытқа дейін осы бағытта жалпы сомасы 143,3 млрд теңгеге 10 957 заем берілді.

Орта есеппен, банк жыл сайын тұрғын үй төлемдерін алушыларды 82 млрд теңге сомасына несиелендіреді.

Алғашқыда тұрғын үй төлемдерін алушылар бастапқы жарнасы төмен шарттарды жиі таңдаған. Соңғы екі жылдың ішінде олар қаражаттың 50% жинақтауды көздейтін банктің басқа бағдарламаларына қызығушылық таныта бастаған.

Қанша адам Отбасы банкінде тұрғын үй төлемін алып жүр?

Қазір Отбасы банкінде 176 342 тұрғын үй төлемдерін алушыларға қызмет көрсетіледі. Олардың 115 001 арнайы салымдар бар, жалпы жинақ сомасы 215,2 млрд теңгеге жеткен.

Бұл ретте арнайы шоттар саны 2018 жылы 78,6 мыңнан 2023 жылы 175,9 мыңға дейін, яғни 123%-ға елеулі өсімді көрсеткен. Сонымен қоса тұрғын үй төлемдерінің көлемі 2018 жылы 85,7 млрд-тан 2023 жылы 370,9 млрд-қа дейін 4 есе ұлғайған. Осы жайттарды ескере отырып, Отбасы банк төрағасы Ләззат Ибрагимова 2024 жылдың 30 қаңтарында өткен ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысында сөз сөйлеп, тұрғын үй төлемдерінің мақсатты пайдаланылуына бақылауды күшейту керек екенін айтты. Бұдан бөлек ол келесі бастамаларды ұсынды:

• Қаражатты мақсатсыз пайдалануды шектеу мақсатында мемлекеттік деректер базасы арқылы тұрғын үйді жалға алу шарттарын міндетті тіркеу ұсынылды. Ибрагимованың сөзінше, бұл транзакциялардың ашықтығын арттырады және жалған мәмілелердің алдын алады.

• Тұрғын үйді жалға алу шарттарын және банк заемдарын тіркеу үшін мамандандырылған платформа құру ұсынылды.

• Жалға берілетін тұрғын үйді субсидиялау бағдарламасына ұқсатып тұрғын үй төлемдерін төлеу мүмкіндігін қарастыру, онда төлем тағайындау туралы шешім нысаналы пайдалануды растайтын құжаттар ұсынылғаннан кейін қабылданады.

Соңғы 5 жылда қанша қызметкер баспаналы болды?

Бес жыл ішінде 26 938 тұрғын үй төлемдерін алушы баспанамен қамтамасыз етілді. Оның ішінде "Жаңа баспана" бағдарламасын іске асыру аясында 15 981 адам үйлі болды. Оларға берілген заемдардың жалпы сома 492,2 млрд теңгені құрады.

Кеше Мәжіліс комитетінің отырысында Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - Қарулы күштердің Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов қазір тұрғын үй төлемінің мөлшері әскерилер қызмет өткеретін тиісті өңірдегі тұрғын үйді жалға алу құнына байланысты айқындалатынын айтты. Сөзінше, сол себепті кей өңірде тұрғын үй төлемінің мөлшері бір адамға 33 мың теңгені құраса, өзге өңірде 96 мың теңгеге дейін жетеді. 19 өңірде бұл төлемнің мөлшері орташадан төмен (84 мың теңге), бір өңірде орташадан жоғары. Қазір әскери бөлімнің дені үлкен қалалардан шалғай орналасқан. Осыған орай әскерилер орташа мөлшерден төмен тұрғын үй төлемін алады. 

Мұндай тәсіл әскери қызметшіге тұрғын үйге өз құқығын іске асыруға бірдей мүмкіндік бермейді, сонымен бірге оның ағымдағы тұрғын үй төлемінің мөлшері жоғары қалаға (Алматы, Астана) көшуі үшін алғышарт жасайды. Осы мақсатта тұрғын үй заңнамасына тиісті өзгерістер енгізу қажет, онда елдегі статистикалық деректің орташа деңгейі бойынша ағымдағы тұрғын үй төлемінің бірыңғай мөлшерін айқындау қажет, - деді Қамалетдинов.

Әскерилерге мемлекет тарапынан жан-жақты көмек көрсетілгенімен қызметімен қош айтасып, жұмыстан шығып жатқандар қарасы көбейген. Мәселен 2020-2023 жылдар аралығында Қарулы Күштерден 17 065 әскери қызметші босатылды. Салыстырып қарасақ, бұл шамамен 15 бригаданың санына тең. Ел Үкіметі осы мәселенің шешімін тауып, әскери қызметкерлердің еңбек жағдайларын жақсартады деп сенім артамыз.

Өзгелердің жаңалығы