Биыл студенттер соңғы рет ОСЖБ тапсырады

15 Ақпан 2019, 12:36
3664
Бөлісу:
Биыл студенттер соңғы рет ОСЖБ тапсырады

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда оқу жетістіктерін сырттай бағалау процедурасы алынып тасталады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлімдеді.

"2020 жылдан бастап оқу жетістіктерін сырттай бағалау процедуасын (ОСЖБ) өткізуді алып тастауды жоспарлап отырмыз. Жоғары оқу орындарының академиялық еркіндігінің қазіргі деңгейінде енді ОСЖБ өткізудің еш қажеті жоқ деп есептейміз. Биыл оны алып тастау үшін заңнамалық нормаларды қабылдау қажет", - деді министр.

Ерлан Сағадиев қараша айында информатика, қазақ және ағылшын тілі, философиядан соңғы рет ОСЖБ өткізілетінін айтты.

"Биыл өз еркімен модератор санатын және жоғары жалақы алғысы келетін педагогикалық мамандықтардың түлектері ұлттық біліктілік тестінен өте бастайды. Диплом алуға бұл еш әсер етпейді. Бірақ болашақта педагогикалық мамандық түлектерінің барлығы ұлттық біліктілік тестін тапсыруға міндеттеледі. Мұндай міндеттеуді енгізбестен бұрын кең талқылап жатырмыз", - деді БҒМ басшысы.

Ол былтыр құрылған "Академиялық адалдық" лигасы туралы да айта кетті.

"Бұл ЖОО көтерген бастама болды. Бүгінде біз мұның дұрыс шешім екенін және академиялық адалдық лигасына кіретін ЖОО-лар жоғары білім беруде реформалар жүргізуді ілгерілетудің негізі болатынын көріп отырмыз. Ең алдымен олардың пікіріне құлақ асамыз", - деді Ерлан Сағадиев.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, БҒМ-ның кеңейтілген алқа отырысында 2018 жылы білім саласында атқарылған шаралар туралы баяндады. Ведомство басшысы Ерлан Сағадиев балалардың 95 пайызы балабақшамен қамтылғанын айтты. Сондай-ақ, ол волонтерлық қызметпен айналысатын студенттерге сағатына 1000 теңге төленетіні туралы да хабарлады.

Назерке Абибулла

Өзгелердің жаңалығы