Биыл СҚО-да 71 ауылдық округтің әкімі сайланады

8 Шілде 2021, 12:36
2451
Бөлісу:
Биыл СҚО-да 71 ауылдық округтің әкімі сайланады

Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. 25 шілде күні өтетін жергілікті  ауыл  әкімдерін сайлауға үгіт-насихат жұмыстары 10 күн бұрын, яғни, 15 шілдеде басталады. 

Қазіргі күні Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 42 үміткер тіркелген. Олардың 25-і Nur Otan партиясының мүшесі болса, қалғандары өз кандидатурасын ұсынғандар.

Облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Сергей Калининнің айтуынша, биыл облыс бойынша 71 әкім сайлануы тиіс.

70 ауылдық округтің және Мамлютка қаласының әкімі сайлануы тиіс. Жалпы, дауыс беру үшін 218 ауылда 714 сайлау учаскесі дайындалды. Яғни, жоспар бойынша толық даярмыз. Ал, сайлау комиссиясының мүшелері ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясында оқытылып, арнайы сертификаттар алды. Әр үміткерге сайлауалды жұмыстарын жүргізуге 220 мың теңге беріледі, - деді Сергей Калинин.

Жалпы, облыс бойынша сайлауға 190 миллион теңге бөлінген. Бұл қаржының 70 пайызы комиссия мүшелеріне жалақы ретінде беріледі.

Бұл сайлаудың маңызы ерекше болмақ дейді тұрғындар. Яғни, өз ауылының, туып-өскен жерінің болашағына бейжай қарамайтын белсенді адамдар сайлауға түсе алады. Бұл жергілікті мәселелерді жылдам шешіп, билік пен тұрғындар арасындағы кедергілерді жоюға жол ашады.

Өзгелердің жаңалығы