Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Елдегі карантин режимі кезінде жұмысы тоқтамаған саланың бірі – құрылыс саласы. Республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие Шымкентте де тұрғын үй құрылысы жанданып, тоқтаусыз жүргізіліп келеді. Керісінше құрылыс қарқыны үдеп, жаңа үйлердің құрылысы басталып, бірқатары аяқталуға жақын. Осы орайда Шымкент қалалық құрылыс басқармасының басшысы Ербол Ахметов қалада құрылыс қызметі саласына қатысты мемлекеттік саясат қалай жүргізіліп жатқанын айтып берді.
«Құрылыс жұмыстары өндіріс кестесіне сай жүріп жатыр»
Ербол Ахметовтың айтуынша, ел аумағында төтенше жағдай режимі жарияланса да құрылыс қарқынын төмендемеген.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құрылыс қарқынын төмендетпеу бойынша тапсырма берді. Тапсырмаға сәйкес қаламызда да құрылыс қарқыны төмендемеді. Дегенмен құрылыс жүргізу барысында қиыншылықт көп болды. Бәріне мәлім, төтенше жағдай жарияланғаннан сырт мемлекеттермен шекаралар жабылды. Ел шекарасынан бөлек, қалаішілік, қалааралық қарым-қатынас шектеліп, көліктердің жүруіне, азаматтардың жүріп-тұруында қиындық туындады. Осындайда ең басты қиындық – жұмысшы тапшылығы болды. Карантин болған соң жұмысшылардың бәрі үйінде отырды. Ешкімді мәжбүрлеп жұмысқа шығара алмаймыз. Десе де соған қарамастан құрылыс қарқынын төмендетпей, сақтап қалдық. Жұмысшылардың тасымалын ұйымдастырдық. Электронды порталға олардың аты-жөнін, ЖСН деректерін енгізу сияқты жұмыстарды істедік. Оларға рұқсат алып бердік. Жұмыс қарқынын тоқтатпаудың бар амалын жасадық. Өндіріс кестеге сай жұмыстарымызды атқарып, белгіленген межеге жетіп жатырмыз. Коронавирус індетін алдын-алу бойынша іс-шаралар жүргізілді. Әр нысан бойынша дизенфекциялық камералар орнаттық. Жұмысшылардың бетперде тағып, қолғап киіп жүруін қамтамасыз еттік. Осылайша барлық санитарлық нормаларды сақтай алдық. Қала әкімінің тапсырмасыа сәйкес, әрбір нысанда бір медициналық қызметкер ұстадық. Ол күніне 3 мезгіл жұмысшылардың дене қызуын өлшеп, арнайы журналға енгізіп отырды. Осындай қатаң талаптарды сақтаудың арқасында бүгінге дейін індет жұқтырған адам тіркелмеді,-дейді Ербол Ахметов.
Құрылыстағы басты талап – жоғары сапа
Басқарма басшысының сөзінше, қазір құрылыс сапасына баса көңіл бөліп жатыр екен. Мұның да өзіндік себебі бар.
- Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы салынып жатқан құрылыстың барлығын аралап, тексеріп жүрді. Кемшіліктер болса, штабқа шығарып, орындалуы бойынша жұмыстар атқарып жүрміз. Әсіресе сапасына өте көңіл бөледі. Қала әкімнің бірінші тапсырмасы да сол сапаға мән беру. Салынып жатқан нысандардың барлығының сапасына баса мән беріп, сол бойынша өз нұсқауларын береді. Бұған да негіз жоқ емес. Бізге қазір салынып жатқан нысандардың сапасына қатысты көп сын айтылады. Қабырға сылағы түсіп қалды, төбесінен су ақты деген сияқты шағым болады. Шымкент әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында 2018 жылы салынған үйлер бар. Ел арасында сары үйлер деп аталып кеткен. Сол үйлердің сыртқы сылағы түсіп жатыр. Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы сол үйлерге барып, мәселенің шешу жұмыстары бойынша демеушілер де тауып, сол арқылы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сол сары үйлерді салған мердігер мекемені өз міндеттемесін дұрыс деңгейде орындамағаны үшін сотқа беріп жеңген едік, олар бізге аппеляциялық шағым түсірді. Оны да жеңдік. Бірақ олар мойнына алған міндеттемесін орындамайды. Былайша айтқанда қашып жүр. Енді ол қашып жүрсе, халық зардап шекпеу үшін қала әкімі шешім қабылдап, демеушілер тарапынан үйлерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл қала кімінің бүкіл қала құрылысын қатаң бақылауда ұстап отырғанын көрсетеді. Бұл жағдай бізге де сабақ болды. Енді мұндай жағдайды болдырмас үшін, қазір әр нысанға 3-4 техқадағалау қойып, апта сайын сапасын қадағалап, мұндай жағдай қайталанбау үшін ең басынан бастап қатаң бақылауға алдық. Мұның бәрі кемшіліктің алдын алу үшін атқарылып жатқан жұмыс. Мердігер мекемелер де үйді соғып болған соң 5 жылға дейін кепілдеме береді. Бұл әлі өз күшінде. Ешқандай өзгеріс жоқ. Кепілдік мерзіміне сәйкес, құрылыс жұмыстарында кемшілік болса, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп беруге міндетті. Дегенмен үйлердегі әрбір келеңсіз жағдайға құрылысшыларды кінәлай беруге де болмайтын жағдайлар бар. Негізі күтім деген нәрсе бар. Тұрғындар жауапкершілік танытуы керек. Бізде құбырларға ойланбастан бөтелкелерді басқа да үлкен қоқыстарды тастаудың кесірінен құбырдан су ақпай, соңы жарылуға әкеп жатады. Бұл енді мердігердің кінәсі емес. Осындай жағдайдан айқай-шу шығады. Мердігер өз кінәсі емесін айтады, ал тұрғындар мойындамайды. Осылайша келеңсіз жағдайлар болып жатады. Мердігер көбінесе құрылым жағына, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстарына, өзінен өзі түсіп жатса, қалпына келтіріп беруге міндетті. Ал бір затты адамдар сындырып, бүлдіріп қойса, оған мердігер мекемесі жауап бермейді,- дейді Ербол Ахметов.
«Көпқабатты үйлер үлесі 70% болуы керек»
Шымкент қаласы аумағындағы тұрғын үйлердің басым бөлігі – жеке тұрғын үйлер. Көпқабатты үйлер үлесі жеке тұрғын үйлер үлесінен әлдеқайда аз.
- Тұрғын үй құрылысының даму жоспары жайлы айтатын болсам, Шымкент қаласы аумағанда жеке үйлер саны көпқабатты тұрғын үйлер санынан көп. Ал, бас жоспар бойынша қаланың 70 пайызы көпқабатты тұрғын үйлер болу керек. Соған сәйкес мемлекет тарапынан көпқабатты тұрғын үй құрылысын жүргізуге көп қаржы бөлінуде. Қазір Шымкент қаласында үш бағытта үш шағынауданда құрылыстар жүргізіліп жатыр. Ол – әкімшілік-іскерлік орталық, Shymkent City мен Тұран шағынауданы. Алдағы үш жылда Тұран шағынауданында көп қабатты тұрғын үйлер саламыз. 1 миллион 200 мың шаршы метр құрылыс түседі. 179 гектар жер теліміне алдағы 3 жыл ішінде 384 көп қабатты тұрғын үй саламыз. 2016 жылдан бастап Shymkent City шағынауданында құрылыс басталған. Осы 2020 жылы 16 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысын тапсырамыз. Әкімшілік-іскерлік орталығында да 16 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысын тапсыру жоспарланған. Ал Тұран шағынауданында 42 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін барлығы 88 үй құрылысы басталады. Биыл соның 25-ін тапсырамыз,-дейді басқарма басшысы.
40 мың адам баспана кезегіне тіркелген
Бүгінгі таңда Шымкент қаалсындағы жергілікті атқаушы органдарда 40 мың адам кезекте тұр. Ал Тұрғын үй құрылыс жинақ банк бойынша 100 мың дам кезекте тұр екен.
- Сол адамдарды пәтермен қамтамасыз ету үшін бюджет есебінен 78 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Айта кетейін, Шымкент әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы да 44 үйдің құрылыс жұмыстарын жүргізіліп жатыр. Қала бойынша 126 жеке кәсіпкер тұрғын үйі салынып жатыр. Биыл мемлекет бюджетінен 51 тұрғын үйдің құрылысы аяқталады, деп отырмыз. Сондай-ақ жеке салымшылар өз тараптарынан 33 үйді пайдалануға береді. Ал енді көпбалалы отбасылар, әлеуметтік әлсіз топтар және жастар баспанамен қамту үшін бюджеттен 8 млрд теңге қаражат қаралған. Сол қаржыға 696 пәтер сатып аламыз және 448 пәтер салынып жатқан үйлерден береміз. Демек, 450 көпбалалы отбасына, әлеуметтік әлсіз топтағы азаматтарға 394 пәтер және жұмыс істейтін жастарға 300 пәтермен бөлінеді,-дейді Ербол Ахметов.
Басты саясатымыз – көпқабатты тұрғын үйлер салу
Құрылыс басқармасының басты саясаты – көпқабатты тұрғын үйлер құрылысын жүргізу. Басқарма басшысы тұрғындар тарапынан осы бағытта бірқатар түсініспеушілік туындайтынын айтады.
- Біздің құрылыс басқармасы тек құрылыс салады. "Құрылыс" деген соң, адамдар бізге хабарласады да салып жатқан пәтерлерің қашан аяқталады, пәтер қашан бересің, оның бағасы қандай болады деген сияқты көп сауал қояды. Десе де біздің басқарма тарапынан атқарылатын іс болады, атқарылмайтын да іс болады. Біз тек құрылысты саламыз да тапсырамыз. Әрі қарай пәтерлерді бөлетін, беретін басқа басқарма бар. Сондықтан адамдар біздің міндетімізді де біліп, өз уақытын да жоғалтпай, үй алуға қатысты сұрақтарын тиісті органнан сұрағаны жөн. Біз пәтер берумен біз айналыспаймыз. Бұл біздің құзіретімізге кірмейді. Жаңа үйлерге газ берілуі бойынша да көп сұрақ түседі. Осы тұста айта кеетйін. Газ берілуінің де өзіндік талаптары болады. Мәселен, бір көпқабатты үйдің 70-80 пайызына адам қоныстануы керек. Содан кейін олар құжаттарын тапсырып, әрқайсысы дербес шот аштыруы керек. Одан кейін барып газ қосады. Газ – өте қауіпті. Әрбір адам квартирасында тұрып, газды бақыламаса қандай бір жағдайда жарылыс болып кету, осы аралықта бірнеше ай өтуі де мүмкін. Сондайда халық түсінбей жатады. Газ қосу да біздің басқарманың құзіретіне кірмейді. Осы тақырып бойынша да бізге хабарласып уақыт жоғалтудың қажеті жоқ. Бізге ең көп келіп түсетін сауалдар болған соң айтып отырмын,-дейді Ербол Ахметов.