Биыл шаруаларға бұрын-соңды болмаған көмек көрсетіледі – Сұлтанов

Биыл шаруаларға бұрын-соңды болмаған көмек көрсетіледі – Сұлтанов
754

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгінде еліміздің барлық облысы жаппай егіс науқанына кірісті.

Егіс науқанын оңтайлы және қажетті мерзімде өткізу үшін мемлекет тарапынан барлық шаралар қабылданатын болады. Биыл шаруаларға бұрын-соңды болмаған көмек көрсетіледі, - деп түсіндірді АШМ Өсімдік шаруашылығы департаментінің директоры Азат Сұлтанов.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығын қаржыландыру көлемі ұлғайтылды, бұл елдің азық-түлік қауіпсіздігін сапалы қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

АӨК-ні мемлекеттік қолдауға бөлінген қосымша қаражатты ескере отырып, республикалық бюджетті нақтылау нәтижелері бойынша 449 млрд теңге көзделген.

Тек өсімдік шаруашылығы бағыты бойынша 107,2 млрд теңге бағытталады, сондай-ақ әлеуметтік нан өндірісінің маңыздылығын ескере отырып, астықты субсидиялау үшін 9,2 млрд  теңге көзделген.

Әкімдіктердің деректеріне сәйкес, биыл жалпы егіс алаңы 23 млн гектарды құрайды, бұл 2021 жылғы деңгейден 105 мың гектарға көп.

Сондай-ақ биыл 3,6 млн га жемшөп дақылдарының алаңын ұлғайту жоспарланып отыр, бұл көбірек жем-шөп өндіруге және мұқтаж өңірлерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, картоп, күнбағыс, көкөніс, яғни әлеуметтік дақылдар егілетін алқаптар да ұлғайтылды.

Биылғы жылдың өніміне егіс науқанын жүргізу үшін 2,3 млн тонна тұқым себілді, бұл қажеттіліктің 100% көрсетіп отыр. 

Егіс жұмыстары барлық облыстарда жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, 2,9 млн  га немесе жоспардан 19% жаздық дақылдар, оның ішінде майлы дақылдар 1,5 млн. га (47,8%), дәндік жүгері – 231,2 мың га (87,2%), көпжылдық шөптер – 309,6 мың га (70,7%), картоп – 133,4 мың га (68%), көкөніс – 128,7 мың га (75,9%) және т. б.

Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін тыңайтқыштармен қамтамасыз ету жұмыстары да жүруде. Биыл барлығы 670,0 мың тоннадан астам тыңайтқыш енгізу жоспарланған, қазіргі күні 308,1 мың тонна немесе жоспардың 46% тиелді.

Үкіметтің қолдауының арқасында отандық минералды тыңайтқыштарды өндірушілермен аграрийлердің қажеттіліктерін қамтамасыз ету туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Аммиак селитрасының бағасы 200 мың теңгеден 160 мың теңгеге дейін төмендеді. Тыңайтқыштар бағасын төмендету бойынша қосымша жұмыстар жалғасып жатыр.

Қазіргі егіс науқанына 144 мың трактор, 4,7 мың жоғары өнімді егіс кешені, 77 мың бірлік астық сепкіш, 221 мың басқа да топырақ өңдеу құралдары қолданылуда 

Егіс жұмыстарын жүргізу үшін 400,2 мың тонна дизель отыны бөлінді (2021 жылы 380,0 мың тонна болған еді). Сондай-ақ, биыл көктемгі дала жұмыстарын жүргізуді қаржыландыру үшін 140 млрд теңге көлемінде бюджеттік несие бөлінді, астықты форвардтық сатып алу шеңберінде 80 млрд теңге көзделген.

Көктемгі дала жұмыстарын табысты жүргізу мәселесі Ауыл шаруашылығы министрлігінің тұрақты және ерекше бақылауында екенін атап өту керек. Осы мақсатта министрлікте көктемгі дала жұмыстарын жүргізудің барлық проблемалық мәселесін уақтылы шешуге арналған жедел штаб құрылып, аталған бағыттағы жұмыстарға ерекше мән берілген, - деп қорытындылады Азат Сұлтанов.

Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы