Биыл өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзғаны үшін 268 нысанның жұмысы тоқтаған

19 Тамыз 2021, 16:44
4416
Бөлісу:
Биыл өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзғаны үшін 268 нысанның жұмысы тоқтаған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нығмеджан Мақажанов ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін заңнамадағы жаңа нормаларды түсіндіру туралы өткен брифингте айтты.

Қадағалау қызметі шеңберінде алты айдың қорытындысы бойынша ерекше тәртіп бойынша 542 тексеру және жоспардан тыс 325 тексеру жүргізілді. Тексеру барысында 15 410 объект тексерілді. Тексеру нәтижелері бойынша 16 110 бұзушылық анықталды, оның ішінде ерекше тәртіп бойынша тексеру қорытындылары бойынша – 15 134, жоспардан тыс – 976, - деді Мақажанов.

Оның айтуынша, бұзушылықтардың негізгі саны тау-кен саласына – 29%, мұнай–газ саласына – 13%, көмір саласына – 11%, металлургияға - 10% және жүк көтергіш механизмдерді пайдаланатын объектілерге 10% тиесілі.

Тексеру қорытындысы бойынша инспекторлар жедел ден қою шараларын қабылдайды, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қозғалады, ұйғарымдар шығарады. Тексеру нәтижелері бойынша 88 млн теңгеден астам сомаға 651 әкімшілік айыппұл салынды. Адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзғаны үшін инспекторлар 268 объектіні және 4 субъектіні тоқтатты, - деді ол.

Нығмеджан Мақажанов айтқандай, есепті кезеңде қауіпті өндірістік объектілерде 12 авария және 174 инцидент тіркелді.

Авария салдарынан барлығы 5 адам зардап шекті, оның ішінде 1 адам қайтыс болды. Биыл 1 сәуірде Мемлекет басшысы 16 сәуірінде күшіне енген «Өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Заңда өндірістік бақылау қызметтерінің лауазымды тұлғаларының қызметі регламенттелді және олардың мәртебесі күшейтілді. Заңнамалық түзетулер қауіпті өндірістік объектілерде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, - деді ол.


Өзгелердің жаңалығы