Биыл Нұр-Сұлтанда 100-ден аса көше жөнделеді

29 Сәуір 2021, 14:26
1408
Бөлісу:
Биыл Нұр-Сұлтанда 100-ден аса көше жөнделеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтанда ауа-райының жылынуымен жол жұмыстары қайта жанданды. Биыл барлығы 100-ден астам көше жөнделіп, кейбірін салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, көктемгі су тасқыны кезеңінде 37 көшеде жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Өткен жылдағыдай, қаланың ескі бөлігіне, тұрғын үй массивтеріне, әлеуметтік нысандарға және қозғалыс қарқындылығы жоғары көшелерге апаратын жолдарға баса назар аударылатын болады.

Осылайша, Малахов көшесі (Р.Дүйсенбаев көшесінен Сусамыр көшесіне дейін), Космонавтов көшесі (Қабанбай батыр даңғылынан Арай көшесіне дейін), М.Төлебаев көшесі (Б.Момышұлы даңғылынан Р.Қошқарбаев даңғылына дейін), М. Горький көшесі (Ж.Жабаев көшесінен Т.Мұсабаев көшесіне дейін) орташа жөндеуден өтеді. Елордалық цирк айналасындағы жолдың орташа жөндеуі аяқталды.

Сондай-ақ, Түркістан көшесі бойындағы Ұлы дала даңғылынан Керей, Жәнібек хандар көшелеріне дейінгі бөлу тұсын жөндеу арқылы жолды кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы Мәңгілік Ел даңғылындағы бөлу тұсы жөнделіп, оның кеңеюіне мүмкіндік берді.

2020 жылы елордада 173 көше, оның ішінде қаланың тұрғын үй алаптарында жөндеу жұмыстары жүргізілді. "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізу саласында төрт мыңнан астам жұмыс орны құрылды.

Сапасыз жөндеу жұмыстары, құрылысы қабылданбайды. Мұндай жағдайда мердігерлер өз есебінен қайта жөндеп, қалпына келтіретін болады. Ал өз жұмысына бей-жай қараған мердігерлер ісі сотқа берілетін болады. Ары қарай қара тізімге енгізіледі.


Өзгелердің жаңалығы