Биыл көктемгі егіс жұмыстарына қаражат ерте бөлінді

9 Наурыз 2023, 16:23
941
Бөлісу:
Биыл көктемгі егіс жұмыстарына қаражат ерте бөлінді

Биыл қаңтар айынан бастап алғаш рет көктемгі егіс жұмыстарына 140 млрд теңге көлемінде қаржыландыру пысықталды. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Аграрлық несие корпорациясы бұл қаражаттың бөлінуін күтпей-ақ, қолда бар ресурстар есебінен желтоқсан айынан бастап қаржыландыруды бастады. Жалпы, 3 200-ден астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін қамтып, 2 миллион гектарға жуық алқапта егін егу мен жинауды қамтамасыз ету жоспарлануда, - деді Әбілхайыр Тамабек.

Тамабектің айтуынша, азық-түлік келісім шарт корпорациясы арқылы қаржыландыру жалғасады.

Биыл Азық-түлік корпорациясы салаға 55 млрд теңге бөледі, оның 20 млрд теңгесі форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша, 35 млрд теңгесі тауарлық несие беру есебінен. Барлық проблемалық мәселелерді жедел шешу үшін министрлік жанынан барлық қажетті мемлекеттік органдар мен ұйымдарды, сондай-ақ облыстар мен қалалар әкімдерінің орынбасарларын тарта отырып, Жедел штаб құрылды. Қабылданып жатқан шаралар егіс науқанын сапалы және оңтайлы агротехникалық мерзімде жүргізуге мүмкіндік береді деп сенеміз, - деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі. 

Өзгелердің жаңалығы