Биыл кәсіпорындарда 175 жұмысшы қаза тапқан

21 Қараша 2023, 15:43
789
Бөлісу:
Биыл кәсіпорындарда 175 жұмысшы қаза тапқан
Фото: BAQ.KZ - архив

ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы – Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов ОКҚ-да биыл өндірісте қанша жұмысшы қаза тапқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Биылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары 5 834 тексеру жүргізді, оның барысында 8 936 бұзушылық анықталды, оның ішінде: еңбек саласында – 6 600; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 2 094; халықты жұмыспен қамту бойынша – 242. Жұмыс берушілерге 3 741 ұйғарым берілді және шамамен 339,5 млн теңге сомаға 2 046-дан астам әкімшілік айыппұл салынды.

Нr.enbek.kz еңбек ресурстары порталында жұмыс берушінің еңбек заңнамасы талаптарының сақталуын өзін-өзі тексеруден өтуін көздейтін «Онлайн еңбек консультанты» функционалы жұмыс істейді. Ол үшін осы сервис еңбек инспекторын ауыстырады және интерактивті режимде жоспарланған немесе жасалған рәсімдердің дұрыстығын тексереді. Бұзушылықтар анықталған жағдайда жұмыс берушіге оларды жою мақсатында нақты іс-әрекеттер ұсынылатын болады. Бүгінгі таңда 28 799 адам өзін-өзі тексеруден өтті, – деді Төлеген Оспанқұлов.

Ол сондай-ақ қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және өндірістік жарақаттануды азайту Үкімет пен Еңбекминінің негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы 5 жылда өндірісте зардап шеккендердің саны 6,5 %-ға (1 568 адамнан 1 465 адамға дейін), қаза тапқандар саны 8,4 %-ға (220 адамнан 203 адамға дейін) азайды.

2023 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша еліміздің кәсіпорындарында 1 119 адам зардап шекті, бұл былтырмен салыстырғанда 0,4 %-ға төмен (2022 жылы – 1 123 адам), оның ішінде 175 адам қаза тапты, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,2%-ға көп (2022 жылы – 156 адам). Жарақаттанудың жоғары деңгейі Қарағанды (133 адам зардап шекті), Шығыс Қазақстан (93 адам), Абай (95 адам), Павлодар (92 адам), Қостанай (75 адам) облыстарында және Алматы қаласында (74 адам) сақталып отыр, – деп толықтырды Төлеген Оспанқұлов.

Экономика салалары бөлінісінде зардап шеккендердің ең көп саны тау-кен металлургия өнеркәсібі кәсіпорындарында – 18,1% және құрылыс саласында – 10,5% байқалады.

Статистикаға сәйкес 2022 жылы тексерілген 1 млн 600 мың жұмыскердің 491 мыңы (31%) зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейді.

Өңірлер бөлінісінде зиянды және басқа да қолайсыз еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлердің жоғары деңгейі Қарағанды (61 301 адам), Павлодар (45 679 адам), Шығыс Қазақстан облыстарында (26 668 адам) байқалады.

Еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстармен айналысатын жұмыскерлерге жұмыс беруші еңбек заңнамасына сәйкес кепілдіктер мен өтемақылар береді (жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы, қосымша жыл сайынғы еңбек демалысы және жалақының ұлғаюы, сүт, емдік және профилактикалық тамақтану). Мәселен, 2022 жылы еліміз бойынша 680 мың жұмыскер зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істегені үшін 207 млрд теңгеден астам сомаға түрлі өтемақы алды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 29 %-ға артық, – деп хабарлады комитет төрағасы.

Төлеген Оспанқұловтың айтуынша, мемлекеттік бақылау нәтижесінде анықталған бұзушылықтардың 20%-дан астамы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелеріне тиесілі. Мәселен, осы жылдың 10 айында мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша бұзушылықтардың 2 094 фактісін анықтады.

Жазатайым оқиғалардың себептері әртүрлі, олар жұмыс берушілердің де, жұмысшылардың да қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға деген көзқарасынан туындайды.

2023 жылдың 10 айында құқық қорғау органдарына жазатайым оқиғалар бойынша 797 материал жіберілді, олар бойынша 114 қылмыстық іс қозғалды. Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты 4 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, – деді бас мемлекеттік еңбек инспекторы.

Бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау мақсатында еліміздің 3 211 кәсіпорны еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандарттарын енгізді.

Жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларының нақты жай-күйін бағалау мақсатында 7 777 өндірістік объектіге аттестаттау жүргізілді.

2019 жылдан бастап «Нөлдік жарақат – Vision Zero» тұжырымдамасын ілгерілету бойынша жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр. Бүгінде оған 481 кәсіпорын қосылды.

Бұған дейін жұмысшылары жиі наразылыққа шығатын салалар аталды.

Өзгелердің жаңалығы