Биыл Қарулы күштер командалары 11 сайысқа қатысады – министрлік

17 Мамыр 2021, 17:12
1659
Бөлісу:
Биыл Қарулы күштер командалары 11 сайысқа қатысады – министрлік

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қорғаныс министрлігі Online-брифингінің кезекті шығарылымында алдағы «АрХО-2021» халықаралық Армия ойындарына қатысты сұрақтарға ҚР ҚК Бас штабы Жауынгерлік даярлық департаментінің офицері подполковник Руслан Достанов жауап береді.

- Халықаралық Армия ойындары бізге не үшін қажет, оған қатысу бізге не береді?

- Халықаралық Армия ойындары – әлемдегі ең ірі спорттық чемпионаттардан айтарлықтай ерекшеленбейтін, халықаралық деңгейдегі ерекше іс-шара. Оны бірлесіп ұйымдастырушы елдер түрлі елдердің әскери ұжымдарының жауынгерлік бауырластығы мен достығының негізі болатын халықаралық ауқымдағы бірегей іс-шара деп көреді. Сондай-ақ халықаралық әскери ынтымақтастықтың, тәжірибе алмасудың символы, бейбітшілік пен ынтымақтастықтың кепілі ретінде де қарастырады.

- АрХО-ға дайындық үшін қанша қаражат жұмсалады?

- Мұндай сайыстарға қатысу үшін біз үлкен шығын шығармайтынымызды түсіну қажет. Жеке құрамды даярлау әскерлердің жауынгерлік оқу жоспарларына сәйкес жүзеге асырылады. Оған қару-жарақ пен әскери техниканы жөндеуге, жанар-жағармай материалдарымен және оқ-дәрілермен қамтамасыз етуге байланысты шығыстар да енгізілген. Жеке құрамды тасымалдау Әскери-әуе күштерінің жоспарлы жаттығу ұшулары шеңберінде жүзеге асырылады. Біздің әскери қызметшілерімізді жіберу кезінде орналастыруды және тамақтандыруды қабылдаушы тарап қамтамасыз етеді.

- Халықаралық ойындарға қатысатын жауынгерлер қалай іріктелді?

- Қаңтар-наурыз айларында өңірлік қолбасшылықтарда әскери қызметшілерді алдын ала іріктеу жүргізілді. 12 сәуірден бастап оқу полигондарында командаларды даярлаудың 1-кезеңі басталды. Оған қосымша қажетті резервті ескере отырып, құрам тартылды.

28 мамырға дейін командалардың негізгі құрамын іріктеу аяқталады, олар 14 маусым мен 6 тамыз аралығында одан әрі дайындыққа кіріседі.

- Қазақстандық қатысушылар АрХО-2021 сайысында қандай қару қолданады?

- АрХО конкурстарында біздің әскери қызметшілер өздерінің қару-жарақтарын қолданады. Ал бронды техниканы конкурсты ұйымдастырушы мемлекет ұсынады.

- Биыл Қазақстан аумағында қандай байқаулар өтеді?

- Армиялық халықаралық ойындар алғаш рет 2015 жылдан өз бастауын алды, барлық конкурстар тек Ресей Федерациясының аумағында өткізілді.

2016 жылы біздің Қорғаныс министрінің шешімі бойынша Қазақстан Республикасы өз аумағында 2 жаңа конкурсты ұсынған және өткізген ең алғашқы ел болды.

Ол үшін «Артиллериядан оқ ату шеберлері» және «Мергендер шебі» конкурстарын өткізу туралы ережелер әзірленді, қажетті оқу-материалдық база дайындалды.

Биыл Жамбыл облысының Гвардейский кентінде 24 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында 2 конкурс өткізіледі: «Артиллериядан оқ ату шеберлері» – миномет есептоптарының конкурсы, оған 11 ел (Ресей, Әзербайжан, Беларусь, Вьетнам, Қазақстан, Катар, Өзбекстан, Зимбабве, Марокко, Сирия, Сауд Арабиясы) және «Сұңқар аңшылығы» – ҰҰА есеп айырысу конкурсы, оған 3 ел (Ресей, Беларусь, Қазақстан) қатысатынын растады.

- Қазақстаннан қанша әскери қызметші қатысуды жоспарлап отыр және олар қандай бағыттар бойынша бақ сынайды?

- ҚР ҚК командалары 11 конкурсқа қатысады, бұл шамамен 300 адамды құрайды. Біздің командалар:

«Танк биатлоны» – танк экипаждарының сайысы;

«Эльбрусс сақинасы» – альпинистер сайысы;

«Десанттық взвод» – десантшылар сайысы;

«Тактикалық атқыш» – жылдам практикалық оқ ату мамандарының сайысы;

«Мәдениет армиясы» – шығармашылық ұжымдар сайысы;

«Бейбітшілік жауынгері» – кәсіби сержанттар сайысы;

«Теңіз кубогы» – кеме экипаждарының сайысы;

«Ат марафоны» – ат спорты бөлімшелерінің сайысы;

«Адал дос» – кинологтар сайысы;

«Артиллериядан оқ ату шеберлері» – миномет есептоптарының сайысы;

«Сұңқар аңшылығы» –  ҰҰА есеп айырысу сайысы.

- Әңгімеңізге рахмет!
Өзгелердің жаңалығы