Биыл қанша тонна астық жиналатыны айтылды

18 Тамыз 2021, 10:39
2885
Бөлісу:
Биыл қанша тонна астық жиналатыны айтылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ауыл шаруашылығы министрі міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев бүгінгі Үкімет отырысында астық жинау науқаны қалай жүріп жатқанын баяндады.

Қарашөкеев облыс әкімдіктердің дерегіне сүйене отырып, биылғы астық жиналымының болжамды көлемі 15,3 млн тонна деңгейінде болатынын жеткізді. Одан басқа республикада 3,5 млн тонна көлемінде ауыспалы астық қалдығы бар. 

Биылғы егін жинау науқаны уақытында басталды. Қазіргі таңда республика бойынша барлығы 1,5 млн гектарға жуық дәнді және дәнді бұршақты дақыл немесе 14 пайызы жиналды. Орташа түсімділік гектарына 10,1 центенерді құрады. Егін жинау жұмыстары үшін 141,7 мың трактор, 73 мың трактор тіркемесі, 37 мың астық жинайтын комбайн, 12,8 мың егін орағы бар, - деді Ербол Қарашөкеев. 

Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында биыл «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды жүзеге асыратынын жеткізді. 

Соның арқасында «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ресурстарынан 769,5 мың тонна көлемінде астық жеткізуге келісімшарт жасалды. Бұл ретте «Азық-түлік келісім шарт корпорациясында» 448 мың тонна көлемінде резервтік астық қоры бар. Көрсетілген астық көлемі қажет болған жағдайда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оны тұрақтандыру үшін ішкі нарыққа бағытталады. Ауыспалы қалдықтарды ескере отырып жалпы жиналатын астықтың күтілетін көлемі республиканың ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етуге, сондай-ақ астықтың белгілі бір көлемін экспорттауға жеткілікті, - деді ол.
Өзгелердің жаңалығы