Биыл Ертіс өңірінің көрікті жерлеріне 200 мыңнан астам турист келеді деп болжанып отыр

1 Маусым 2023, 13:31
674
Бөлісу:
Биыл Ертіс өңірінің көрікті жерлеріне 200 мыңнан астам турист келеді деп болжанып отыр
Фото: автордан

Биыл Ертіс өңіріндегі демалыс орындарына 200 мыңнан астам турист келіп, тынығады деп күтілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Мамандардың зерттеулеріне сүйенсек, жыл сайын туристердің негізгі ағымы Павлодар қаласы, Баянауыл және Шарбақты аудандарына келеді.

Сала жыл сайын қарқынды дамып келеді. Мәселен, өткен жылы демалыс зоналарындағы орналасу орындарының саны 134 болса, биыл көрсеткіш 20%-ға асады. Бір жолғы орналастыру орындарының саны да көбейді. Мәселен, демалыс орындары тынығушыларды бір мезетте 9 мың жатын-орынмен қамтуға қауқарлы. Былтыр аймағымызға 190 мыңнан астам турист келіп кеткен, - дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының жетекшісі Ернұр Жәутікбаев.

Әрине, туристердің басым бөлігі Баянауыл ауданының Жасыбай, Сабындыкөл және Торайғыр көлдеріне келіп тынығады. Десе де, облыс орталығында да қызығар мәдени, табиғи орындар жетерлік. Ал Маралды тұзды көлі, Шардай қарағайлы орманы да көз тартарлық.

Бұған қарамастан, туристік инфрақұрылымды жақсарту мен жаңа нысандардың құрылысы тоқтамаған. Өткен жылы сегіз жоба жүзеге асырылса, 2025 жылға қарай алты бірдей инфрақұрылымдық жоба қолға алынбақ. Жалпы құны 2 млрд теңгеден асады.

Биыл 12 жоба аяқталады. Сонымен қатар сегіз жоба жүзеге асырылу деңгейінде. Туризм саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлерді қолдау мен олардың арасындағы бәсекелестікті дамыту мақсатында мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған. Мәселен, жол бойындағы қызмет көрсету жұмысын қолға алған кәсіпкерге нысан құрылысына жұмсаған шығынының 10%-ы өтеледі. Туристік қызмет үшін сатып алынған сегіз орындық автобус бағасының 25%-ы өтеледі. Өткен жылы туризм саласындағы ұлттық жоба шеңберінде жалпы кредиттік портфелі 1,7 млрд теңгені құрайтын 82 жоба қолға алынды, - дейді басқарма басшысы.

Айта кетейік, биыл саланы дамыту, аймақтың көрікті орындарын насихаттау мақсатында 10-ға жуық имидждік шара ұйымдастырылады.

Өзгелердің жаңалығы