Биыл еліміздің шаруалары 330 млрд теңгенің жеңілдетілген несиесін алды

19 Желтоқсан 2022, 10:41
1232
Бөлісу:
Биыл еліміздің шаруалары 330 млрд теңгенің жеңілдетілген несиесін алды
PHOTO

Жыл басынан бері қазақстандық шаруалар Аграрлық несие корпорациясы арқылы 330 миллиард теңгенің тиімді несиесіне қол жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, биылғы жылға жоспарланған қаржыландыру көлемі толық игерілді. Жыл соңына дейін Корпорация бұл көрсеткішті 350 млрд теңгеге жеткізуді жоспарлап отыр. 

Алдағы 5 жыл ішінде ауылды дамыту тұжырымдамасын әзірлеу туралы тапсырма Мемлекет басшысының жаңа президенттік мерзім аясындағы алғашқы жарлығы болды. 

Ауыл шаруашылығы ел экономикасының жаңа қозғаушы күшіне айналады. Алдағы үш жыл ауылды барынша дамытуға арналады, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Ал ауыл тұрғындарын қаладағыдан кем болмайтындай етіп жайлы өмірмен қамтамасыз ету үшін «Қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидасы негізге алынып отыр.

Биыл еліміздің шаруалары 330 млрд теңгенің жеңілдетілген несиесін алды

Ауыл шаруашылығы мен ауылдық аумақтарды дамытуға екпін берілуі «Жаңа-Кемер Құрылыс» ЖШС қызметінің кеңейе түсуіне түрткі болды. Кәсіпорын бұрындары Жамбыл облысында жолдар мен тас жолдарды салу, құрылыс-монтаждау жұмыстары мен құрылыс материалдарын шығарумен айналысса, қазір ауыл шаруашылығы саласына бет бұрды.

2018 жылы пайдалануға берілген Жамбыл облысындағы жеміс-жидек сақтау қоймасы бүгінде толық қуатында жұмыс істеп тұр. Қойма 2 200 тонна өнім сақтауға қауқарлы. Заманауи құрал-жабдықтар мен арнайы техника сатып алу үшін кәсіпорын иелері Аграрлық несие корпорациясының көмегіне жүгініп, 210 миллион теңгенің жеңілдетілген несиесін алған еді. Қазір мұнда 10 адам жұмыс істейді. Жемістер жергілікті бағбандардан да, көршілес облыстардың өндірушілерінен де сатып алынады.

Жеміс қоймасынан бөлек кәсіпкерлер Жамбыл ауданында 17 гектар жерді сатып алып қызыл шие бағын отырғызыпты. Компания өз жидектерін қыс мезгіліне дейін сақтамақ, өйткені ол кезде өнімге деген сұраныс пен баға айтарлықтай өседі. 

Биыл еліміздің шаруалары 330 млрд теңгенің жеңілдетілген несиесін алды

Аграрлық несие корпорациясы ірі жобалармен қатар ауылдық жерлерде жұмыс істейтін шағын кәсіпкерлікті де қолдап отыр. 

Атырау облысы Өрлік ауылындағы алғашқы наубайхананы Бибігүл Шахманова ашыпты. Ғасырлық тарихы бар ауылдың сәніне айналған аядай ғана наубайхана 3 мыңнан аса тұрғынның қажетін өтеп тұр. Ашылғанына бір жыл уақыт болған кәсіпкерлік нысанда 7 адам жұмыс істейді. Мұнда ұн тағамдарының ондаған түрі дайындалады. Балғын әрі дәмді өнімге сұраныс жоғары. Наубайхана үшін кәсіпкер Аграрлық несие корпорациясынан екі рет несие алған. Соның арқасында ісі алға басып, табысқа кенелді. Қазір цехта жоғары сұрыпты ұннан күніне 300 бөлке нан пісіріледі. Елдің алғысын арқалаған іскер ананың ендігі жоспары – кәсібін одан әрі кеңейтіп, өнім түрін көбейту. Ол үшін тағы да сенімді инвестициялық әріптесіне жүгіну ойында бар.   

Биыл агробизнес пен шағын кәсіпкерліктің 13 мыңнан аса өкілі Аграрлық несие корпорациясының көмегіне жүгініп жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Қаржы мал және өсімдік шаруашылықтарын дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге, ауылдық жерлерде шағын кәсіпорындарды ашуға немесе кеңейтуге берілді.

Өзгелердің жаңалығы