Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.
Сонымен қатар ол жоғары білімге қолжетімділікті кеңейту мәселелеріне тоқталды.
Соңғы бірнеше жыл ішінде гранттар саны 2 есеге көбейді. Биыл ең көп 73 мың грант қарастырылып отыр. Студенттердің шәкіртақысы да екі есе артты. Біз ұлттық бірыңғай тестілеуді цифрлық форматқа көшірдік. Жылына 4 рет тапсыру мүмкіндігін енгіздік. Бұл біздің талапкерлер үшін өте қолайлы жүйе. Бұған қоса, 11-сыныпты бітірушілер енді шілдеде емес, қаңтар айынан бастап оқуға шартты түсе алады. Бұл да басқа мемлекеттерге кетпеу үшін қолайлы шешімдердің бірі деп айтуға болады, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Алайда соған сәйкес талап та күшейтілген.
Педагогикалық бағыттар бойынша шекті балл – 50-ден 75 ұпайға дейін көтерілді. Медициналық бағыттар бойынша 70 және заң бағыттары бойынша 75-ке дейін артты. Президенттің тапсырмасы бойынша техникалық мамандықтарға грант үлесі 40%-дан 60%-ға дейін көбейтілді, - деді Асхат Аймағамбетов.
Еске сала кетейік, бұған дейін еліміздің бас ұстазы сапалы кадрларды даярлау жұмыстың жүйелілігіне тікелей байланысты екендігін айтқан болатын.