Бұл туралы ІІМ Криминалдық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Нұрлан Темірбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бас прокуратура Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметтері бойынша Қазақстан Республикасында 2022 жылғы 9 айда іздестірудегі – 2075 хабар-ошарсыз кеткен адамдардың – 1189-ы анықталды. Басқа негіздер бойынша 59 іс тоқтатылды. Биылғы тоғыз ай қорытындысында 801 адамды іздестіру жұмыстары жалғасуда, - деп атап өтті аға жедел уәкіл.
Айтуынша, хабарсыз кеткендердің арасында кәмелетке толмаған жасөспірімдер де бар.
2022 жылы хабар-ошарсыз жоғалған 186 кәмелетке толмаған жасөспірімге іздеу жарияланды. Оның 176-ы анықталды, 6-ы табылған жоқ. Оның ішінде Шымкент қаласында - екі, Алматы қаласы, Алматы, Жетісу, Түркістан облыстары бойынша бір жасөспірім іздестіріліп жатыр. Сонымен қатар, биыл ішкі істер органдары кезекшілік тәулікте іздестіру ісін бастамай хабар-ошарсыз жоғалған 9148 адам іздестіріліп, оның 8952-і табылды. Ал 196 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында, - деді Нұрлан Темірбаев.
Еске сала кетейік, бұған дейін ІІМ елімізде бір апта ішінде 2655 қылмыс жасалғаны туралы хабарлаған болатын.