Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 22,7 млн гектарға егілді

10 Маусым 2021, 11:12
3864
Бөлісу:
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 22,7 млн гектарға егілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров биыл ауыл шаруашылығы дақылдары қанша алаңға егілгені туралы есеп берді.

Әкімдіктердің жедел деректері бойынша осы жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 22,7 млн гектар алаңға егілді. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 78 мың гектарға көп. Осы жылғы 3 маусымдағы жағдай бойынша көктемгі егіс толығымен аяқталды. Жаздық егіс алаңы 19 млн га-ны, оның ішінде дәнді-дақылдар 15,2 млн га-ны құрады, - дейді министр.

Омаров баяндағандай, егіс алаңдары құрылымының рентабелдігі жоғары дақылдарының, сондай-ақ импортты алмастыруға бағытталған дақылдардың пайдасына әртараптандыру жұмысы жүргізілді. Осылайша, биыл майлы дақылдар алаңы 11,9 мың га-ға, көкөніс, бақша дақылдары алаңы 10,6 мың га-ға, картоп алаңы 5,8 мың га-ға, азық-түлік дақылдары алаңы 104,2 мың га-ға ұлғайды.

Өсімдік шаруашылығын әртараптандыру мақсаттарының бірі – күріш пен мақта сияқты ылғалды көп қажет ететін дақылдар алаңын біртіндеп қысқарту.

Мәселен, күріш алаңы 8,1 мың га, мақта алаңы 18 мың га қысқартылды.

2021 жылы өніміне республика бойынша 2,5 млн тонна тұқым дайындалды. Олар егіс кондицияларына толық сәйкес келді. Егілген сорттық тұқымдардың жартысынан көбі қазақстандық селекцияға жатқызылады. Отандық тұқым өсіру шаруашылықтарын заманауи селекциялық және тұқым тазалау техникасымен жарақтандыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, - деп атап өтті министр Үкіметте.
Өзгелердің жаңалығы