Биыл атақты Мамания мектебіне – 125 жыл. Жетісудың білім басқармасы не істегелі жатыр?

28 Ақпан 2024, 12:44
350
Бөлісу:
Биыл атақты Мамания мектебіне – 125 жыл. Жетісудың білім басқармасы не істегелі жатыр?
PHOTO
Фото: автордан

Осы сауал бізді ғана емес, қоғам зиялыларының санасында жүр. Мұны облыстық білім басқарасы біле ме? Қазақ даласындағы алғашқы білім ордасының бүгінгі бет-бейнесі қандай? Қарағаштағы қарашаңырақ қайда қалды?, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бейіттердің маңайында мал жайылып жүр

Мұны біз көзбен көрдік. Сөйтсек, Маман құттың ұрпақтары көтерген білім ордасы бүгінде жекеменшікке өтіп кеткен. Яки, бір шопанның мал жаятын жайылымына айналған. Сөздің шыны осы. Қасиетті қарашаңырақтың қиқымы ғана қалған. Дегенмен, төбешік-төбешік зираттар менмұндалап тұр. Жүрегің қарс айырылады. Маңайын қалың шөп басқан. Бейіт қоршаулары ескірген. Тіпті, арнайы белгітасқа мал сүйкеніп, кетеуі кеткен. Сол топырақтың перзентті, Ақсу ауданының құрметті азаматы, журналист Гүлжан Тұрсын қазіргі қоғам Мамания мектебінің құндылығына бойлай алмай отырғанын айтады.

Қарағаш мекбетіне 2 жыл бұрын бардым. Аяулы шаңырақты құм басып жатыр, жолы өте нашар, жеңіл көлік жете алмайды. Жалпы, бұл аумақ туристік орынға айналатындай жер ғой. Әттең, ешкім қадіріне бойлай алмай отыр. Алдымен жолын, инфрақұрылым дамыту қажет. Біз барған көліктің дөңгелегі жарылып, жете алмадық. Кезінде көздің жауын алатын гүлзар бақта қураған қарағаштардан басқа дым жоқ. Қазақтың біліміне жаны ашыған алыптардың болғанынан ешқандай хабар көрінбейді. Сондықтан да бұл жерді мемлекет не облыс қарауына алуы тиіс. Мектептің байырғы жақпа тастары қалай болса солай құлап жатыр. Оның бәрін қайта құюластыруға болады, - дейді Гүлжан Тұрсын.

Оның айтуынша сол жерде мөлдір тұма бар. Уағында аталарымыз су ішіп, қасиет тұтқан. Бүгінде шаруа қожалығы жекешелендіріп алғандықтан соның малдары аяққа таптап, лайлап жатыр. Осы тұтса ойымызға жасын жыр иесі Сұлтанмақмұт Торайғыровтың "мына жерде нақақ көзден жас бар ма екен?" деген өлеңі оралды. Кезінде қазақтың руханиятының темірқазығына айналған Ілияс Жансүгіров, Біләл Сүлеев, әнші Майра секілді алыптар шөлін қандырған тұмса тұма қор болып жатыр. Маңайында кішкентай төмпешікке айналған зитартар малдың аяғына тапталған. Қазақ "өлі риза болмай, тірі байымайды" дейді, жалпы кейбір мектептерге Мамания мектебінің оқу бағдарламасын енгізсе де артық емес.

Қазір Манания мектебінің 125 жылдық мерекелік шарасына орай аудан көлемінде атқарылатын шаруалар пысықталып жатыр. Биыл құлагер ақын Ілияс Жансүгіровтың 130 жылдық мерейтойына дайындалып жатырмыз. Алдағы сәуір айында конференция ұйымдастырып, мектептен түлеп ұшқан азаматтарды қонаққа шақырсақ деген ойымыз бар. Әлі де пысықталады. Дегенмен оқушылар мен ұстаздар бірлесіп, мектепішілік іс-шаралар ұйымдастырып жатыр. Аудандағы басқа мектептер де қалыс қалып жатқан жоқ, - дейді Ақсу ауданы білім бөлімінің басшысы Айдынбек Құмарбекұлы.

Облыстық мектептер байқауы өтуі мүмкін

Жалпы, тарихқа иек артсақ Маман құттың үлкен ұлы Тұрысбек қажы Қарағашқа қалашық салуды ойлаған. Әуелі жастарды білімге баулып, қазақты рухани келбетін қалыптастырғысы келеді. Қалаға қажет барлық жағдайды жасайды. Семейден қызыл кірпіш, Омбы, Керекуден есік-терезе, Наманған, Әндіжаннан бағбандар алдырып, иран баққа айналдырады. (Суретте көріп тұрғандар қарағаштар сол заманнан қалған белгі)

Биыл атақты Мамания мектебіне – 125 жыл. Жетісудың білім басқармасы не істегелі жатыр?

1899 жылы Тұрысбек қажының бастамасымен әуелі шағын 3 жылдық медресені іргесі қаланады. Атауын ақылдаса келе «ия» жұрнағынсыз, таза әкесінің атымен "Маман" жадит медресесі деп атаған. Онда білікті ұстаздар, Құранды жетік меңгерген Хасен Уәлиұлы мен имам Омар мәзін оқытады. Солардың ақыланан өріс алған Ғали Орманов, Біләл Сүлеев, Ілияс Жансүгіровтер діни-шариғати танымы кеңіп, қанаттанады. Әйткенмен, құлагер ақын денсаулығына байланысты көп оқи алмайды. Сонда да 3 жылдық медреседен 102 шәкірт біліммен сусындап шығады.

Жоғарыда ең құрымағанда тарихи орнында эскизі қаланса деген пікір айтылған еді. Оған себеп кейінгі "Мамания" жаңа әдісті мектебінің құрылысы Верныйдағы элиталы мектеп үлгісімен салынған. Тіпті, әйгілі Уфадағы "Ғалия" медресесінің оқыту нұсқаулығындай оқу жоспары жасалады. Сол себепті атауына "ия" жұрнағы жалғанады. Ұрпақтары тынымсыз еңбектеніп, "Ғалия" медресесінің деңгейіне жеткізуге талпынады. Есенқұл қажы сондағы білім жүйесін, тәрбие жоспарын, пәндер тізімін әкеледі. Сабақ кестесі де сауатты жасалады. Осылайша жаңа әдісті білім ордасында қазақ, орыс тілдері, әдебиет, есеп, физика, жағрапия, зоология, ислам діні, пайғамбар өсиеттері, хадистері, татар, қазақ тарихтары, иман-шарт, құран пәндері оқытылады. Ол ол ма, орыс тілін үлкендерге үйрететін кешкілік сабақ ашылады.

Биыл атақты Мамания мектебіне – 125 жыл. Жетісудың білім басқармасы не істегелі жатыр?

Жоғарыдағы сөзімізге дәлел ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы мына бір пікірі "Маман ұрпақтары медреселерден талапты жастарды іріктеп алып, білікті орыс және мұсылман гимназия, семинарияларында оқытуда. Сол жұмыстарға 300 рубль қаражаттарын да аямауда". Мұны ұлт ұстазы 1913 жылы 15 тамызда "Қазақ" газетіне жазған.

"Мамания" жаңа әдісті мектебінің қалыптасуна қазақ қоғамы мұқтаж болды. Мұны Маман құтты ұрпақтары жақсы білді. Олар рухани ғана емес, саяси сауатты еді. Бізге белгілі білім ордасы 1909 жылы ашылды. Әуелі төрт сыныптық болып жұмыс істеді. Ұрпақтарының жансебіл әрекетінің нәтижесінде 1912 жылы арнайы ашылуға жоғарыдан рұқсат берілді. Сөйтіп сегізші сыныпқа дейінгі мектеп болды. Бұл тұста Каир университетін тәмамдаған, білікті ғалым Ғабдолғазиз Мұсағалиұлы басшылыққа келеді. Бұған себепші алаш қайраткері Барлыбек Сырттанов болған. Оған жылына 4 мың сомды Құдайберген Тұрысбеков өз қалтасына берген. Ол "Мамания" мектебінің оқу бағдарламасын жасайды. Міне, осы сәттен мектеп көркейе түседі"- дейді І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің профессоры Мұратбек Иманғазиев.

Оның айтуынша, Маман құттың ұлдары Тұрысбек, Сейітбаттал, Есенқұл қажылар мен Тұрысбектің ұлдары Құдайберген, Тәңірберген, Солтанқұл аталған білім ордасына перзентіндей қараған. Сондағы тәрбиеленушілер мен педагогтарға бар жағдай жасаған. "Айқап" пен "Қазақ" газетіне хабарландырулар беріп, мектепке әмісе білікті, танымды мұғалімдерді жан-жақтан шақыртқан екен. Газет бетіне арнайы конкурс жарияланып, үздік шыққан алты тәлімгерді жұмысқа алған.

Бұл тұста тағы бір ілкімді істі айта кетейік. Ол қыздарға арналған қосымша оқу орнының ашылуы. Оған себеп болған – Сейітбаттал қажы. Бүгінгі меценатындай тұлға. Кедей балаларына стипендия тағайындаған да осы кісі. Қарағашта мектеп оқушыларына арнап мешіт салады. Арнайы ұсысыпен Уфа қаласынан мұғалима Фатима Есенгелдинаны алдырады. Ондағы ойы – тұрмыстан қолы босамайтын қазақ қыздары білімсіз қалмасын деген мақсат. Отыз қарақаттай қазақ қызы әріп танып, біліммен сусындайды.

Жетісу жерінде қанат жайған "Мамания" мектебі өлкедегі білімнің шырағданы. Алғаш алаш арыстары түлеп ұшқан рухани шаңырақ. Қазір Жансүгіров кентінде Мамания атындағы мектеп бар. Жыл сайын оқушыларға оның құндылығын дәріптеп тұрады. Биыл біз мектептер арасында облыстық "Мамания" байқауын ұйымдастыруға ниеттеніп отырмыз. Бұл атақты қарашаңырақтың қасиетін өзге де білім ордаларына сіңіреді. Әрі жастардың білімге құштарлығын өсіреді, - дейді облыстық білім басқармасына қарасты әдістемелік орталықтың әдіскері Әсел Асқарқызы.

Қарашаңырақты туристік нысанға айналдыруға болады

Шынымен, Мамания мектебінің макетін салып, соған сай қалашықты қайта салып, мемлекет қарауына алса, туристік орталыққа айналады. Мұны сол ауданның зиялы қауымы талай рет көтерген. Дегенмен, ешкім елер емес. Бұл – ұлттың рухы. "Қазақ даласына білімді біз әкелгенбіз" деген келімсектердің аузына қақпақ болар қасиетті мекен емес пе? Көпке аян, ең алғаш қазақ романын жарыққа шығарған да осы мектептің мәртебесі.

Ол былай болған. 1914 жылы "Айқап", "Қазақ" газеттерінде тұңғыш рет "Романға бәйге тігемін" деген ашық хат беріледі. Оған демеуші Есенқұл Маманұлы болады. Басылым бетіндегі байқау оқымысты қазақ жастарын қанаттандырады. Тіпті Алаш алдаспаны Әлихан Бөкейханның өзі "Мәдениетті, өркенді елдерде осындай бәйге тағайындалған. Біздер де сол қатарға жетудеміз" деп пайымды пікір білдіреді. Сол қатарда Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов жылы лебіздерін арнайды. Додаға түскен шығармаларды Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұхаметжан Сералин, Райымжан Марсеков, Шаһкерім Құдай­бердиев, Яқұп Ақбаев, Нармамбет Орманбетов, Нұрғали Құлжанов саралайды. Сол жылы жаз айында Семей облысы, Қоянды жәрмеңкесінде "Кім жазықты?" өлеңмен жазылған Сұлтанмахмұт Торайғыров пен Тайыр Жомартбаевтың "Қыз көрелік" романдары үздік деп танылады.

Талай нәубетті басынан өткерген Мамания мектебінің тарихын таңға созып айтуға болады. Бір заманда мектеп соғыс бекінісі ретінде де бекіген. 1959 жылы Ақсудың бергі бетіне қоныс аударып, мектеп-интернатқа айналады. 1963 жылы зәулім ғимаратқа көшіп, Ыбырай Алтынсарин есімін арқалайды. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін 1998 жылы Алматы облысының әкімі Заманбек Нұрқаділовтің шешімімен тарихи атауын қайта алады.

Биыл атақты Мамания мектебіне – 125 жыл. Жетісудың білім басқармасы не істегелі жатыр?

Мектепте айтарлықтай ешқандай естелігі жоқ. Ұрпағы Халида Маманова кітапханамызға орысша бірнеше кітап табыстап кеткен. Артынан қазақ тілі мен әдебиет кабинеті ашылды. Бүгінде Тұрысбек қажының өзіне ғана арнап ашылған музейіміз бар. Мектеп мұражайында бұрынғы Қарағаш мектебінің макеті тұр. Біз балаларға барынша өткен тарихтан сабақ беріп отырамыз. Әйгілі мектептің есімін арқалаған соң, жауапкершілікте мол. Сондықтан барынша үлгілі болуға тырысамыз, - дейді Мамания орта мектебі директоры міндетін атқарушы Рима Дүйсекқұлқызы.

Біздің бір байқағанымыз, ұрпақтарының арасында өзара түсінбеушілік бар секілді.

Өздеріңіз көргендей, Қарағашта бұрынғы "Мамания" мектебінің үгінділері ғана тұр. Құдды ештеңе болмағандай, құм құрсауында жатыр. Ұрпақтары орнатқан кішігірім ескерткіш-белгінің де бояуы кетілген. Тек қартайған қарағаштар ғана малға сая. Шіркін, қазақ білім ортасының бесігіне айналған мектептің орынын туристік нысанға айналдырса игі болар еді. Мамания мектебінің қасиетін облыс әкімдігі де ескеріп отырған жоқ, - дейді Ақсу ауданының тұрғыны Амангелді Айдынбекұлы.

Білесіз бе, Жетісу өңірінде ұлттың дүниетанымын асқақтатып, қазақ қыздарының оқуға баулыған білім шаңырағы қарапайым халықтың сенімі еді. Біз маман құттың ұрпақтарына қарыздармыз. Қазан қаласында қаланған татар жұртының "Медресе Мұхаммадия", Уфадағы "Медресе Ғалия", Троискідегі "Медресе Хұсайыния" сияқты оқу ордаларындай қазақ өркениетін алға сүйреген бірден бір шаңырақ – осы Мамания мектебі. Ең өкініштісі, татарлар да, орыстар да сол аяулы шаңырақтарын сақтап, мәртебесін асқақтатып отыр. Ал бізде бәрі басқаша...

Өзгелердің жаңалығы