Биыл Ақтөбе облысында 26 инвестициялық жоба іске асырылады

17 Ақпан 2023, 20:17
1247
Бөлісу:
Биыл Ақтөбе облысында 26 инвестициялық жоба іске асырылады
Фото: автордан

Биыл Ақтөбе облысында жаңа 1200 жұмыс орны құрылып, 70 млрд теңгені құрайтын 26 ірі инвестициялық жоба іске асырылады, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Ақтөбе облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Нұртуған Оралбаев 2022 жылды қорытындылауға арналған брифингте айтып берді.

Оның айтуынша, былтыр Ақтөбе облысының экономикасына 959,1 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл капитал салымдарының едәуір көлемі облыстың жүйе құраушы кәсіпорындарының кен орындарын игеруге, күрделі жөндеуге, негізгі құралдарды сатып алуға және жаңғыртуға салған инвестициялары есебінен қамтамасыз етілген, сондай-ақ, мыңнан астам жұмыс орнын құра отырып, 30 инвестициялық жоба іске асырылған.

2023 жылдың соңына дейін облыста 1200 жаңа жұмыс орнын құрылып, 70 миллиард теңгелік 26 ірі инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда. Жалпы, 2027 жылға дейінгі жобалар пулы 87 инвестициялық жобадан тұрады, оларды жалпы құны — 5,8 триллион теңге. Нәтижесінде Ақтөбе өңірінде 17 мыңнан астам жұмыс орны құрылмақ, - дейді ол.

Нұртуған Оралбаевтың айтуынша, өткен жылдың соңғы үш айында облыста ұйымдастырылған инвестициялық форумдардың нәтижесінде 3 триллион теңгеден астам қаржыға 12 меморандум жасалған. Бұл басым жобалар бойынша бүгінде жол карталары әзірленіп, келісілген. Олардың жүзеге асырылуы облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында болады. 

Ақтөбенің экономикасына оң әсерін тигізіп отырған сала — өнеркәсіп саласы. Бүгінде облыс экономикасының негізгі 40 пайыздан астам үлесі - осы өнеркәсіпте. Қазіргі таңда облыста тау-кен өндіру өнеркәсібі секторы 52 пайыз, өңдеу өнеркәсібі секторы 42,2 пайызды құрайды. Біз ай сайын 70-ке жуық ірі және орта кәсіпорынға мониторинг жүргізіп отырмыз, бұл — облыстың барлық өнеркәсібінің 90 пайызы. 2022 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіптің өсуі 101,5 пайызға жетті немесе 2,8 триллион теңге. Бұл көрсеткіш 2021 жылдағы көрсеткіштен 491,6 миллиард теңгеге артық. Жалпы, жыл сайын облысымызда инвестициялар мен өнеркәсіп бойынша өсудің оң серпіні байқалады, - дейді Нұртуған Оралбаев.

Ал облыстың сыртқы сауда айналымына келсек, былтыр Ақтөбе өңірінің әлемнің барлық елдерімен сыртқы сауда көрсеткіштері 4,4 млрд АҚШ долларын құраған. 

Статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, 2022 жылдың қаңтар-қараша айларында Ақтөбе облысының шикізаттық емес экспорты 1,7 млрд АҚШ долларына жеткен. Бұл - облыс үшін үлкен жетістік. 

Бүгінде облыста 70-тен астам экспортқа бағдарланған кәсіпорын бар, оның 25-і — шикізаттық емес сектор. Облыстың шикізаттық емес экспортының 90 пайызын үш 

кәсіпорын, атап айтсақ, «Қазхром «ТҰК» АҚ Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, Ақтөбе хром қосындылары зауыты және Ақтөбе рельс арқалық зауыты жүзеге асырып отыр. 

Өткен жылы облысымызда басқарма тарапынан келісімшарттық және лицензиялық міндеттемелердің орындалуына талдау жүргізілді. Нәтижесінде заң бұзғандарға жүзден астам хабарлама жіберілді. 2022 жылы өткізілген іс-шаралардың қорытындысы бойынша келісімшарттық міндеттемелерді орындамағаны үшін 18 келісімшарт пен лицензияның қолданылу мерзімі тоқтатылды. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады, — дейді бөлім басшысы.

Өзгелердің жаңалығы