Биыл Ақтөбе облысында 1163 ерлі-зайыпты ажырасып үлгерді

25 Қыркүйек 2024, 17:22
404
Бөлісу:
Биыл Ақтөбе облысында 1163 ерлі-зайыпты ажырасып үлгерді
Фото: pixabay.com

Жыл басынан бері Ақтөбе облысында 1163 ерлі-зайыпты заңды түрде ажырасқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұрынғы заманда қазақ халқына ажырасу деген ұғым мүлде жат болған. Қазір жастар арасында да, үлкендер арасында да бұл қалыпты үрдіске айналып барады. Тіпті, ажырасуды қалыпты жағдай ретінде қабылдайтын болдық.

Жалпы, қоғамда ажырасуға қатысты түрлі пікірлер қалыптасқан. Бірі бұған ер адамды кінәласа, енді бірқатары әйелді кінәлайды. Тағы біреулер еліміздегі отбасылардың әлеуметтік жағдайының төмендегін мысал етеді. Себеп көп. Дегенмен бұл қаншалықты дұрыс? Не себептен елімізде ажырасу деректері көбейіп барады? Осы мәселеге кеңірек тоқталсақ.

Себеп те, арыз да көп

Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйенсек, 2021-2023 жылдары елімізде ажырасу туралы сотқа 250 мың өтініш түскен. Некені бұзу туралы шағым білдіргендер қатарында алматылықтар мен қарағандылықтар саны көп. Ал арызданғандар саны жағынан ең азы ​​— Ұлытау облысы.

Сондай-ақ елімізде некеге тұрғысы келетін азаматтардың саны азайып бара жатқаны белгілі болды. Мәселен, 2022 жылы 128,4 мың адам некеге тұруға арыз берсе, өткен жылы олардың саны 120,9 мың болған. Демек, жыл сайын заңды түрде отбасын құруға ниеттілердің саны азайып жатыр. Ал бұған не себеп?

Жалпы, ажырасуға себеп көп. Көп жағдайда некені бұзуға отбасында еркектің әйелге қол көтеруі, орынсыз қызғануы, ене мен келіннің тіл табыспауы, өзге отбасы мүшелерінің екі жастың ортасына түсуі, жауапкершіліктің болмауы, ерлі-зайыптылардың бала сүйе алмауы, екі тараптың біреуінің көзге шөп салуы – осының бәрі ажырасуға себеп.

Әрине, бұлардың ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсету мен көзге шөп салуды кешіруге болмайды. Себебі бұл алдымен адамгершілік жағынан дұрыс емес, сондай-ақ адамның денсаулық жағдайына зиян келтіру қылмыс болып саналады.

Психолог мамандардың пікірінше, біздің елімізде көп жағдайда отбасындағы ұрыс-керіс, дау-жанжал отбасы мүшелерінің кесірінен болады. Олардың қатарында ата мен ене, қайын аға, қайын апа, қайын іні, одан бөлек достар мен құрбы-құрдастар және бар. Түптеп келгенде, кез келген ерлі-зайыптылардың ортақ тіл табысуына мүмкіндік мол. Тек оларға көп жағдайда мұндай мүмкіндік берілмейді: сырттан қысым жасалады, екі тарап жеке тұрып, ойланбайды, өзге адамдардың сөзіне еріп, асығыс шешім шығарады, т.б.

«Бес баламен жалғыз қалдым...»

Ақтөбе қаласының тұрғыны Дария Бекболатқызы жолдасымен 20 жылға жуық уақыт бірге тұрған. Тату-тәтті өмір сүріп жатқан отбасының ойран болуына отағасының ішімдікке әуестенуі себеп болыпты.

Жолдасым екеуміз бес баланы өсіріп тәрбиеледік. Бүгінде үлкен қызым тұрмыста. Одан кейінгілері мектепте оқып жатыр. Кенже ұлым биыл 1-сыныпқа барды. Жұрт қатарлы өмір сүріп жатқан отбасы едік. Жұмысымыз, үш бөлмелі пәтеріміз бар. Алайда осы бақытты көтере алмады ма, қайдам, жолдасым ойламаған жерден ішімдікке әуес болып, көше кезіп кетті. Осыдан бір жыл бұрын жұмысынан қысқарып қалған. Алайда азын-аулақ табыс тауып, такси жүргізушісі болып жұмыс істеп жүрді. Содан белгісіз бір кісілердің «үйіріне» қосылып, арақ ішуді бастады. Сөзімізге құлақ аспай, күні-түні ішімдік ішіп жүретін болды. Ақыры сол ішімдіктің кесірінен балалардың берекесін қашырып, үйде дау-жанжал шығарды. Тіпті, кейде үйге ашуланып келіп, маған қол жұмсауды әдетке айналдырды. Содан мен оны мамандарға апарып көрсеттім. Диспансерге жатқызбақ болдым, алайда ол көнбей, қашып кетті. Қандай амал жасасам да, арағын қоймады. Нәтижесінде, міне, бес баламен жолдасыммен ажырасып, жалғыз қалдым, — дейді Дария.

Кейіпкеріміз кішкентай кезінен ана-анасыз өскен екен. Жақын аға-жеңгесінің қолында тәрбиеленген. Мектепті бітірген соң қалаға келіп, колледжге оқуға түскен. Сөйтіп жүргенде жолдасымен танысқан. 20 жасында тұрмысқа шыққан. Отбасында жолдасының туыстарынан көп қорлық көрсе де, балалары үшін шыдап бағыпты. Ақыры жолдасынан да ажырасып, бүгінде бес баламен қалып отыр.

Қазір еңбек еткен адамға жұмыс көп. Мен жұмыс істеуден қашпаймын. Бұған дейін көп салада еңбек еттім. Былтырдан бері қаланың орталығындағы сауда орнында кассир болып жұмыс істеймін. Тапқан табысым балаларыма азық-түлік, киім-кешек алып беруге жетеді. Тек бір қиналатынымыз — пәтерге төлейтін несиеміз. Ай сайын 90 мың теңге төлеуіміз керек. Бұрын жолдасым ай сайын несиені өзі төлейтін. Енді несие де, балалардың шығыны да менің мойнымда. Қазір тағы бір жұмыс іздеп жатырмын. Қолдан келсе екі жұмысты қатар алып жүргім келеді. Бәрі де балаларым үшін, — дейді қала тұрғыны.

Дария сөз арасында балаларына жолдасы алимент төлемейтінін жеткізді. Себебі ол — жұмыссыз. Ал ата-енесі немерелеріне қараспайды екен. Бір сөзбен айтқанда, жалғызбасты ана енді төрт баласын асырауы керек.

Бұл — бір ғана мысал. Ал облыста Дария сияқты жолдасынан ажырасып, балаларын жалғыз өсіріп отырған жалғызбасты аналар көп. Әрине, мемлекет тарапынан балаларға жәрдемақы беріледі, кейбір әкелер алимент те төлейді. Дегенмен ешкім де, ештеңе де әкенің орнын баса алмайды. Балаға әке де, шеше де керек.

Өңірде 3637 неке тіркеліп, 1163 неке бұзылған

Ақтөбе облыстық соты баспасөз қызметінің берген мәліметтеріне сүйенсек, биылғы 8 айда сот неке бұзу туралы 1165 істі қараған. Нәтижесінде 1163 неке бұзылған. Бұдан бөлек, медиация тәртібімен ерлі-зайыптылардың татуласуына байланысты 503 іс қараусыз қаралса, 308 іс кері қайтарылған. Ал былтыр облыстық сот неке бұзу туралы

1733 азаматтық істі қараған. Сот шешіміне сәйкес 1726 неке бұзылып, 19 іс медиация тәртібімен ерлі-зайыптылардың татуласуына байланысты қараусыз қаралған. Сондай-ақ 14 іс қайтарылған.

Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Ержан Құрмановтың айтуынша, бүгінде сотқа арыз түсіргенде ерлі-зайыптылар некені бұзуға мына себептер түрткі болғанын айтады екен. Олар: мінездерінің сәйкес келмеуі, тіл табыса алмауы, бірін-бірі түсінбеуі, ерлі-зайыптының біреуінің құмар ойынға, бәс тігуге, спирттік ішімдіктерге немесе есірткіге, психотроптық заттарға салынуы, ата-аналық мiндеттерiн орындаудан жалтару, оның iшiнде отбасын материалдық жағынан қамтамасыз етпеуі, ерлі-зайыптылардың отбасылық өміріне үшінші тұлғалардың араласуы, яғни ата-аналары, туыстары, достары, сондай-ақ материалдық қиындықтар мен отбасында зайыбына немесе жұбайына опасыздық жасау деректері.

Өңірімізде өткен жылдың 1 қыркүйегінен бастап кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар неке және отбасылық дауларды, соның ішінде неке бұзу істерін қарап бастады. Бұл соттардың қарауына аталған дауларды берудің негізгі мақсаты — тараптардың отбасын сақтап қалуына жағдай жасау. Атап айтқанда, талап қою сотқа түскеннен бастап, судья тараптардың татуласуына күш салады, яғни отбасылық психологтарды, конфликтологтарды, медиаторларды және отбасын сақтап қалуға ықпал жасайтын басқа да мамандарды іске қатысуға тартады. Соттарда аталған мамандар тұрақты түрде қызмет етеді. Медиатордың рөліне тоқталсақ, бұл маманның дауды шешуде ықпалы өте зор. Оның артықшылықтары, біріншіден, отбасын сақтап қалу мәселесі қарастырылады. Ал егер тараптар некені бұзу туралы нақты шешімге келсе және татуластыру рәсімдері еш нәтиже бермесе, медиатор медиативтік келісім дайындайды. Ол жерде ерлі-зайыптының арасындағы мүліктік, балалардың тұрғылықты жерін және бөлек тұратын ата-ананың балаларымен араласу тәртібін айқындау, алимент төлеу сұрақтарын тараптардың өз-ара келісімге келу арқылы шешіледі. Демек, тараптар аталған дауды соттың шешуіне бермей, өздеріне ыңғайлы шарттар негізінде келісімге келеді, — дейді Ержан Құрманов.

Сот төрағасының айтуынша, сотқа некені бұзу туралы істер келіп түскенде татуластырушы-судья 10 жұмыс күні ішінде татуластыру рәсімін жүргізеді. Егер бұл рәсім оң нәтиже бермесе, іс автоматты түрде басқа судьяға беріледі. Кейін судья азаматтық іс қозғап, 20 жұмыс күнінің ішінде істі сот талқылауына дайындайды. Ал дайындық аяқталғаннан кейін істі қарауға екі ай мерзім беріледі. Егер осы кезеңде бір тарап некені бұзуға қарсы болса, онда олардың татуласуына 6 айға дейін мерзім беріліп, сот отырысы кейінге қалдырылады.

Қазіргі заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, егер ерлі-зайыптылар арасында кәмелетке толмаған балалары өздерінің қайсысымен тұратындығы туралы, балаларды немесе еңбекке қабілетсіз мұқтаж жұбайын (зайыбын) күтіп бағуға қаражат төлеу тәртібі, осы қаражаттың мөлшері туралы не ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу туралы, ата-ананың баламен қарым-қатынас жасау тәртібін айқындау туралы келісім болмаған жағдайда, сондай-ақ, осы келісім балалардың немесе ерлі-зайыптылардың біреуінің мүдделерін бұзатындығы анықталған жағдайда, сот неке (ерлі-зайыптылық) бұзылғаннан кейін кәмелетке толмаған балалар ата-аналарының қайсысымен тұратындығын айқындауға; ата-аналардың қайсысы және қандай мөлшерде балаларды күтіп бағуға алименттер төлейтінін айқындауға; кәмелетке толмаған балалардың және (немесе) ерлі-зайыптылардың өздерінің мүдделерін ескере отырып, ерлі-зайыптылардың талап етуі бойынша олардың бірлескен ортақ меншігіндегі мүлікті бөлуге; жұбайынан ақша қаражатын алуға құқығы бар екінші жұбайдың талап етуі бойынша осы қаражат мөлшерін айқындауға; ата-ананың баламен қарым-қатынас жасау тәртібін анықтауға міндетті. Сот бөлек тұратын ата-аналарының арасындағы кәмелетке толмаған баланың тұрғылықты жері туралы дауды шешу кезінде ата-аналардың құқықтары мен міндеттерінің теңдігін негізге алып, баланың мүдделеріне сәйкес келетін шешім қабылдауға тиіс, — дейді сот төрағасы.

Оның айтуынша, сот істі қараған кезде баланың ата-анасының әрқайсысына, аға-iнiлерiне және апа-сiңлiлерiне үйірлігін, оның жасын, ата-анасының адамгершiлiк және өзге де жеке қасиеттерiн, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастарды, баланың дамуы және тәрбиесі үшiн жағдайлар жасау мүмкiндiгiн, сондай-ақ ата-аналарының әрқайсысының тұратын жерінде қалыптасқан жағдайды сипаттайтын басқа да мән-жайларды ескередi. Ата-аналарының біреуінің материалдық-тұрмыстық жағдайының артық болуы ата-ананың талаптарын қанағаттандыру үшін сөзсіз негіз болып табылмайды. 

Сондай-ақ, балаларды тәрбиелеуге байланысты дауды шешу барысында бала жасына қарамастан, оның ойын еркін білдіруіне, сот барысында пікірін тыңдауға құқылы. Заңға сәйкес, сот процесінде он жасқа толған баланың пiкiрi міндетті түрде ескерiледі.

Енді некені тіркеу деректеріне келсек, Ақтөбе облысында биылғы 8 айда 3637 неке тіркелген. Оның 2844-і — Ақтөбе қаласында тіркелгендер. Ал былтыр облыс бойынша 5439 неке қиылған. Оның 4059-ы Ақтөбе қаласында тіркеліпті.

«Отбасы құндылықтарын сақтау мәселенің алдын алады»

Ақтөбе қаласындағы «Бақытты отбасы» орталығының психологы Зульфия Абдулдинованың айтуынша, елімізде, оның ішінде облыста ажырасу деректерін азайту үшін отбасы құндылықтарын сақтауға, ерлі-зайыптылардың бір-бірін ұғынып, түсінуіне жағдай жасау керек. Яғни, бұған екі тарап та, қоғам да, мемлекет те бірлесе жұмыс істеуі керек.

Бүгінде аталған орталық түрлі қиындықтарға тап болған ерлі-зайыптыларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетеді. Мұнда көмекке мұқтаж жандарға медиаторлар, психолог мамандар қолдау көрсетіп, отбасы мүшелерін татуластырып, оларға мүмкіндіктер береді.

Қазіргі аумалы-төкпелі заманда отбасылық құндылықтар ұмытылып, қоғам санасы уланғаны шындық. Соның салдарынан қоғамда жетім бала, көкек ана, жауапсыз әке көбейіп, бұл мәселе асқынған дертке айналуда. Қоғамның басты бөлігі — отбасы десек, отбасындағы құндылықтар жойылып, түсініспеушілік пен мінездердің жараспауынан, нәпсіқұмарлықтың кесірінен, орынсыз қызғаныш пен зорлық-зомбылықтың салдарынан отбасылардың ажырасуы көбейіп барады. Отбасындағы ажырасулар ортадағы балаға психикалық ауыр соққы және ауыр зардап екенін ескермей, ата-аналар өздерінің жауапкершілігін сезінбей жатады. Ажырасу салдарынан отбасында соққы алған баланың өмірге деген қызығушылығы, білімі мен тәрбиесі төмендейді, — дейді Зульфия Абдулдинова.

Психолог жастайынан отау құрып, көп ұзамай ажырасып, өздерінің мүддесін қорғай алмаған ата-ана өзіне ғана емес, айналасына, балаларына, қоғамға үлкен қасірет әкелетінін айтады. Оның айтуынша, бұл жауапкершіліктің жоқтығын білдіреді.

Ажырасу деректерінің көбеюі қазір қоғаммен қатар еліміздегі құзырлы органдарды да алаңдатып отыр. Мәселен, біздің орталыққа келетіндер көп балалы отбасыларда әкелердің жауапсыздық танытып, отбасынан кетіп қалатыны балаларға да, әйеліне де үлкен соққы болары сөзсіз. Мұнымен қоса бүгінде әлеуметтік жағдайы төмен отбасымен қатар материалдық жағдайы жақсы, табысы жоғары отбасыларында да ажырасу деректері орын алуда. Соның салдарынан жалғызбасты әке, жалғызбасты ана, әлеуметтік жетім бала саны көбейіп отыр. Осы орайда біздің орталықта ажырасудың алдын алу, оны болдырмау, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында арнайы мамандар, медиаторлар, психологтар ата-аналармен, балалармен жан-жақты жұмыс істейді. Биыл жаңа оқу жылы басталғалы орталық психологтары үш мектеп пен бір жоғары оқу орнында ата-аналармен, қыз және ер балалармен осы мақсатта түрлі тақырыпта семинар-тренингтер өткізді. Алдағы уақытта бұл бағытта жұмыстар жалғасады, — дейді Зульфия Абдулдинова.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық: 53 қылмыс тіркелді

Ажырасу тақырыбын қозғағанда, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін қозғамай кетпеуге болмайды. Негізінде, елімізде некені бұзуға дәл осындай жағымсыз оқиғалар басты себеп болуда.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция майоры Ақгүл Қасанғалиеваның айтуынша, биылғы 8 айда өңірде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 53 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Оның ішінде 4 дерек кісі өлтіруге қатысты болса, 4 дерек — денсаулыққа ауыр зиян келтіру, ал 5-еуі — денсаулыққа орташа зиян келтіру дерегі.

53 қылмыстың ішінде 45-і — әйел адамға, 8-і ер адамға қатысты. Сондай-ақ 5 қылмыс әйелдердің қатысуымен жасалған. Отбасында жасалған қылмыстардың 27-сі — жанжалдың, 5-еуі қызғаныштың кесірінен болған. Сонымен қатар бұл қылмыстардың 5-еуі немесе 31,3 пайызы азаматтардың сау кезінде, ал 11-і мас күйінде, біреуі бұзақылықпен жасалған. Құқық бұзушылардың ішінде 11 адам бұрын сотталған болса, 26-сы алкогольдік ішімдікті қолданудың салдарынан осындай іске барған, — дейді Ақгүл Қасанғалиева.

Жыл басынан бері Ақтөбе облыстық полиция департаменті учаскелік полиция инспекторлары отбасында ойран салған 3574 азаматқа қорғау нұсқамасын шығарған. Сот арқылы құқық бұзушылардың мінез-құлқына 1127 ерекше талап белгіленіп, оның ішінде 1109 құқық бұзушыға алкогольдік сусындар ішуге тыйым салынған.

Бұдан бөлек, отбасында ойран салған 3258 адам (ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы), ал қорғау нұсқамасының тәртібін бұзғаны үшін 314 құқықбұзушы (ҚР ӘҚБтК-нің 461-бабы) әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Құқық бұзушының мінез-құлқына сот белгілеген ерекше талаптарды бұзғаны үшін 468 құқықбұзушыға (ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабының 2,3-тармақшалары) әкімшілік жауапкершілік жүктелген.

Отбасындағы адамдардың денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін 161 құқықбұзушы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 73-1-бабының 1-1-тармақшасына сәйкес жауапқа тартылса, отбасы мүшелерін ұрып-соққаны үшін 1245 құқықбұзушыға әкімшілік жаза қолданылды. Осындай отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық деректерінің нәтижесінде жыл басынан бері Ақтөбе қаласында дағдарыс орталығына 199 адам орналастырылды. Оның 59-ы әйел болса, 140-ы — бала. Бұдан бөлек, биыл біздің департамент облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, маскүнемдікке душар болған 161 науқасты арнайы профилактикалық емдеу мекемесіне мәжбүрлі түрде емделуге жатқызды, — дейді полиция майоры.

Р.S. Қалай десек те, соңғы кезде ажырасу деректері көбейіп барады. Алдағы уақытта бұл мәселенің салдарымен емес, себебімен күресу керек секілді. Бұл орайда еліміздегі отбасы институтының жұмысын жандандырып, жас отбасылардың жанұядағы бірлігін сақтауға қоғам мен мемлекет тарапынан қолдау көрсету маңызды. Оның ішінде әлеуметтік, моральдық, психологиялық қолдау көрсетілуі керек. Себебі бүгінде жас отбасылардың көбі қаржылық және психологиялық қиындықтарға тап болудан ажырасып жатыр. Бұған сіз не дейсіз, оқырман?...

Өзгелердің жаңалығы