Биыл Ақтөбе облысында 10 481 түлек мектеп бітіреді

5 Мамыр 2025, 18:26
488
Бөлісу:
 BAQ.KZ  архив
Фото: BAQ.KZ архив

Ақтөбе облысында биылғы оқу жылында 10 481 түлек мектеп бітіреді. Оның ішінде 679 түлек – үздік аттестатқа , 641 түлек — “Алтын белгіге” үміткер, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім бөлімінің басшысы Гүлжан Құлыбекованың айтуынша, биылғы 2024-2025 оқу жылын өңірде 435 мектепте 185 819 оқушы аяқтайды. Оның ішінде 9-сыныпты 15 721 оқушы бітіреді.

Былтыр өңірімізде 15 151 оқушы 9-сыныпты, 9205 оқушы 11-сыныпты аяқтаған болатын. Биыл түлектердің саны 10 мыңнан асып отыр. Атап айтсақ, 9 018 оқушы мемлекеттік, 1368 оқушы жеке, 52 оқушы кешкі мектепте оқыса, 43 оқушы — спорт мектебінің түлектері. Сондай-ақ биыл облыс бойынша 19 142 оқушы бастауыш сыныпты аяқтайды. Биылғы соңғы қоңырау шарасы 11-сынып түлектері үшін мектеп әкімшілігінің шешімімен 23-24 мамырда өткізіледі. Ал соңғы оқу күні — 23 мамырда барлық мектепте “Білімім — Отаныма” тақырыбында бірыңғай сынып сағаты ретінде өтеді, - дейді Гүлжан Құлыбекова.

Биылғы түлектерге Ұлттық бірыңғай тестілеу облыста 16 мамыр-7 шілде аралығында ұйымдастырылады. Бұл сынақ мемлекеттік грант үшін өткізіледі. Ал ақылы түсушілерге тамыз айында тағы өтеді.

Облыстық мамандандырылған физика-математикалық лицей-интернатының директоры Қаракөз Тілеумағамбетованың айтуынша, биыл оқу орнын 49 түлек аяқтайды. Оның 4-еуі — “Алтын белгіге”, 21-і — үздік аттестатқа үміткер. 

28 жылдық тарихы бар мектебіміздің жеткен жетістігі көп. Оқушыларды конкурс арқылы 6-сыныптан бастап қабылдаймыз. Мұнда интернатта ауылдың балалары жатып оқиды. Қазір мектепте 244 оқушы бар. Биылғы соңғы қоңырау шарасының нақты уақыты әзірге шешілген жоқ. Алдағы уақытта белгілі болады, - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы